Аймақтар • 11 Тамыз, 2023

Қаланы дамытудың кешенді жоспары

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногор қаласы жаңа серпінмен дамымақ. Үкімет қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Қаланы дамытудың кешенді жоспары

Жоспар Мемлекет басшысы­ның тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді және әлеу­меттік қамсыздандырудың негізгі мәселелерін шешуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құры­лысы, инженерлік инфрақұ­ры­лымды қайта жаңғырту, эко­но­миканың нақты секторын, өнер­кәсіпті, АӨК, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыс­пен қамту, т.б. бо­йынша 83 шара көрсетілген.

2027 жылға дейін жоспарды іске асыруға шамамен 107 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болмақ. Шығындардың басым бөлігіне (58,3 млрд теңге) тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту және тозуын азайту (23 жоба) қарас­тырылған. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 550 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз етілсе, өңдеуші сектор өнімі кемінде 70% болмақ. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ға артады.

Құжатта жұмыспен қамту мәсе­лесі, әсіресе жастарды жұ­мыс­пен қамтуға және кәсіп­орын­­дардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтің жақсаруына орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау әсер етпек.

Сонымен қатар экологиялық проб­­лемаларды шешу шаралары жос­парланған. Атап айтқанда, атмос­фераға ластаушы заттардың шыға­рындыларын азайту (9,8 мың тоннаға дейін), өнеркәсіптік кәсіп­орын­дардың қоршаған ортаны қорғау бойынша міндеттемелерін орын­дауда жауапкершілігін арттыру ша­ралары бар. Ал жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайдағы жолдар үл­есін белгіленген мерзімге дейін 74%-дан 90%-ға арттыру жоспарланған.

Степногор қаласы мен оған іргелес аймақтардың аумағы – 290 мың гектардан асады, халық саны – 68,5 мың адам. Қала әкімшілігіне бір ауылдық округ және 9 елді мекен – 4 кент, 5 ауыл кіреді. Өнеркәсіп саласы – қала экономикасының драйвері. Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногор қаласының үлесі – 25,3%.