Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы мен оған іргелес аумақтар «Бұқара-Орал» және «Жаңажол-Ақтөбе» магистралды газ құбырларының үш желісі арқылы газбен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жыл сайынғы халық санының өсуі, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарының салынуы газ тұтыну көлемі мен қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отыр. Премьер-министр бұл мәселені шешу мақсатында Ақтөбе қаласына «Бұқара – Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісінің құрылысы басталғанын атап өтті. Ауқымды жобаның жалпы құны 43,4 млрд теңгені құрайды. Сағатына 526,5 мың текше метр өткізу қабілеті бар 165 шақырым магистралды газ құбыры салынбақ. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«Жаңа газ құбыры Ақтөбе қаласының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және 3 трлн теңгеден аса сомаға 17 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осындай ірі жобаларды салу кезінде отандық компоненттер мен материалдарды пайдалануды арттыру қажет екенін атап өткім келеді», деді Ә.Смайылов.
Бұдан кейін Үкімет басшысы Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге өтетін транзиттік дәліздің бір бөлігі «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолы учаскесін аралап көрді. Бұл учаскеде көлік қозғалысының қарқыны өте жоғары – күніне шамамен 16 мың көлік, оның ішінде 4 мың жүк көлігі өтеді. Дегенмен жолдың бүгінгі жағдайы халықтың наразылығын тудырып отыр. Жағдайды түзету мақсатында биыл жолды жамау, шұңқырды жөндеу, тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын I техникалық санатқа ауыстыра отырып, кешенді түрде күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жол төсемінің сапасын күрт жақсартып, көлік қозғалысын арттыруға мүмкіндік береді. Автожолды күрделі жөндеу кезінде 262 шақырым жол қазіргі екі жолақтыдан төрт жолақтыға дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ жоба аясында 202 су өткізгіш құбыр, 23 мал өткелі, 18 көпір және 12 айналма жол салу және күрделі жөндеу жоспарланып отыр.
«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тасжолы мен Қызылордаға апаратын жол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Көліктердің көп екенін көріп отырмыз, сондықтан жолды кеңейтіп, сапасын жақсарту керек. Индустрия министрлігіне тиісті тапсырма берілді, енді бұл жолдарды күрделі жөндеуге кірісу керек. Кейінгі жылдары олардың сапасын тиісті деңгейде сақтау қажет», деген Әлихан Смайылов жергілікті маңызы бар жолдарға да назар аудару қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Өңірдегі Хромтау ауданындағы Дөң ауылының тұрғыны Айнұр Жолдыбаева «Ауыл аманаты» аясында 2,5%-дық мөлшерлемемен 6,5 млн теңге қарыз алды. Бұл қаражатқа наубайхана ашқан ол қазір ауыл тұрғындарын күнделікті жаңа піскен нанмен және басқа да өнімдермен қамтамасыз етеді. Кәсіпкердің айтуынша, жоба нәтижесінде отбасының орташа табысы айтарлықтай өскен.
Дөң ауылының тағы тұрғыны Асылхан Темірханов «Ауыл аманаты» бойынша жеңілдікпен 3,5 млн теңге несие алып, осы қаражатқа 500 тауық сатып алған. Мекиен тауықтар күніне орта есеппен 350 жұмыртқа береді. Өнімге ауыл тұрғындары арасында сұраныс жоғары.
Осы орайда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Үкімет басшысына өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалай іске асырылып жатқаны туралы егжей-тегжей айтып берді.
«Жоба 2022 жылдың қараша айынан басталды. Оған кіріспес бұрын біз әр ауылға скрининг жүргізіп, алғаш рет барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірледік. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. Биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр», деді өңір басшысы.
Премьер-министр азаматтардың әл-ауқатын арттыру Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуға тиіс. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен ауылда көптеген кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлеміз. Жоба арқылы ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Ақтөбе облысы – жобаны іске асыру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет», деді Ә.Смайылов.
Қазіргі уақытта өңір тұрғындары «Ауыл аманаты» аясында 6,5 млрд теңге сомаға 1 486 жобаны қаржыландыруға өтінім берді. 1 389 жоба мақұлданып, оның 930-ы 4 млрд теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде, 1 122 жаңа жұмыс орны құрылып, 103 мыңнан аса құс сатып алынды, 48 жылыжай салынды, 146 га алқапқа картоп және басқа да көкөністер егілді, сондай-ақ ауылда 389 жаңа шағын бизнес нысаны ашылды (наубайхана, ет, сүт өңдеу бойынша шағын цехтар және т.б.).
Сонымен қатар Ақтөбе облысында кепілге қоятын мүлкі жоқ аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Ірі шаруа қожалықтары оларға аталған шарттармен мал басын несиеге беріп жатыр. Мұндай несие 3-5 жыл ішінде көбейген малдың бір бөлігімен қайтарылады. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарының қолдауымен 329 отбасына 4 580 бас мал берілді.