Қазақстан • 11 Тамыз, 2023

Серпінді саяси реформалар

230 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Былтырғы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынған-ды. Жалпыхалықтық референдум 5 маусымда өтіп, еліміз үшін тағдыршешті кезеңге айналды. Референдумға халықтың 68,05 пайызы қатысып, 77,18 пайызы Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Сөйтіп, Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізілді.

Серпінді саяси реформалар

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Негізгі заңымызға енгізілген түзе­тулердің бірінші блогі супер­прези­денттік модельден президенттік рес­­пуб­ликаға түпкілікті көшуге бағыт­­тал­ған. Мәселен, Президент өз өкі­леттігі кезінде ешқандай саяси партия мүшесі бола алмайды. Бір реттен артық ел басқаруға құқығы жоқ. Сондай-ақ мұндай шектеу Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комис­сиясының, сондай-ақ Жоғары ауди­торлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады.

Сонымен қатар Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қыз­мет­шілер және квазимемлекет­тік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Яғни ендігі жерде ағасының не әкесінің абыройын пайдаланып, лауазымды қызмет атқаратын кез келмеске кетті. Бұдан бөлек, Президент аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босата алмайды.

Конституцияға енгізілген түзету­лердің екінші блогі бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуге бағыт­тал­ған. Сенаттағы Прези­дент квотасы 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қыс­қарды. Олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Сенат Конституциялық сот пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметі­не Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдайды. Конституциялық сот құрылды. Оның құрамындағы 11 судьяның алтауын Парламент бекітсе, төрт судьяны Президент таға­йын­­дайды. Конституциялық соттың төр­ағасын Сенат келісімімен Пре­зидент тағайындайды. Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнін­дегі Есеп комитеті Жоғары ауди­торлық палата болып қайта құрыл­ды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді.

Ата заңдағы өзгерістің үшін­ші бағыты Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыруға арналған. Жоғарыда атап өткеніміздей, Президент квотасы қысқарып, оның Сенатқа берілуіне байланысты Мәжіліс депутаттарының саны азайды. Сондай-ақ төменгі Палата депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланды. Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылды.

Келесі бағыт халықтың ел басқару ісіне араласуын жеңіл­детуге арналған. Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және бас­қа да табиғи ресурстар халық­қа тиесілі деген норма Конс­титу­цияда түпкілікті және бір­жақты бекітілді. Облыс­тардың, рес­публикалық маңызы бар қала­лардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындалады.

Жалпы алғанда, өткен жыл­­ғы маңызды оқиғалар қа­та­рын­да Президент сайлауы да бар. Осы орайда, Қ.Тоқаевтың ұсыны­сымен Пре­­зи­­дент өкілеттігі мерзім­дері­нің саны және ұзақтығы қайта қаралғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынды. Мұндай өзгешеліктің бірнеше себебі бар. Біріншіден, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екіншіден, қа­былдан­ған конституциялық жаңалық билікті монополизация­лау қаупін айтарлықтай азайтады. Себебі мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта сайлану­ға үміті болмайды. Сондықтан бүкіл күш-жігерін өзіне берілген жалғыз мүмкіндікке арнап, мемлекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз. Халықтың жауапты кезеңде дауыс беруге белсенді қатысқанын мынадан-ақ аңғару­ға болады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлі­мет­ке сүйенсек, электорат­тың 8,3 миллионы өз таңдауын жасаған. Яғни дауыс бергендер сайлаушылардың 69,44 пайызын құрап отыр. Тоғызыншы территориядағы тағдыршешті кезеңді тәуел­сіз бақылаушылар да жоғары бағалады.

Ел тағдырына ықпал еткен келесі оқиға – биыл наурызда өткен Мәжіліс және мәс­лихаттар сайлауы. Парламент депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды-мажори­тарлы жүйе бо­­йынша өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудан­дық мәслихат депу­тат­тары­­ның бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Нәти­жесін­де өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды десек, қателеспейміз. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарды. Осылайша, «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды. Бұл сайлаудың қызу өткенін мынадан-ақ байқай аламыз. Цифрларды сөйлетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуда 609 кандидат өтініш білдірген. Соның 79-ы елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия атынан додаға түсті. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер тарапынан 5 үміт­кер ұсынылды. Ең қызығы, һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бойынша сынға түсетін үміткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін-өзі ұсынған-ды. Бұл – бір мандатты округ бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайызы. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, саяси бәсекенің қызу жүріп жатқанын көрсе­теді. Сайлауға қатысуға тілек біл­діргендердің көптігі «тоғызын­шы территорияның» саясат тақ­та­сындағы тектоникалық жылжуды дәлелдейді. Дауыс беру қорытындысы бойынша төменгі Мәжіліске алты партия өтті.

Елдегі сайлау үдерісі мұны­мен бітпек емес. Ендігі жерде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйе­сін демократияландыруға ұмты­лыстың нақты айғағы.

Саяси алаңдағы маңызды өзгерістердің бір парасы – бірқатар Конституциялық заңның қабылдануы. Атап айтқанда, Конституциялық сотты құрудың тәртібі бекітілді. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Келесі маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.

Еліміз кейінгі бірнеше жылда адам құқықтарын сақтауға ерекше мән беріп отырғанына назар аударған жөн. Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына ты­йым салуды көздейтін Азамат­тық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хатта­маға қосылды. Халықаралық қоғамдастық бұл қадамды ыстық ықыласпен қабылдады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.

Прокуратура органдары­ның қызметі алғаш рет Конс­титуциялық заңмен реттелді. Құжатта прокуратура­ның мақ­саттары мен міндеттері ай­қын­далған. Барлық қыз­мет бағыт­тары бойынша про­курорлардың құзы­реттері тізбе­ленген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқару­ға тиіс екені нақты көрсетіл­ген. Сонымен қатар «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды.

Бұдан бөлек, 2022 жыл жаңа партиялар үшін де табыс­ты болды. Жаңадан «Байтақ» және «Республика» партиялары тіркелді. Саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты партияларды құру тәртібі оңайлатылды. Мәсе­лен, азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 700 адамға дейін қысқарды. Құрылтай съезін өткізу мерзімі 3 айға дейін ұзартылды, Тіркеу шегі 5 мың партия мүшесіне дейін төмендетілді. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 200 адамға дейін азайды. Партия филиалдарын (өкілдіктерін) қалыптастыру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасалды. Құжат­та жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылды. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қыл­мыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қыл­мыстар үшін мерзімінің жар­тысы қысқарады. Егер сот­талған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеу­ден босатылды. Алайда тер­ро­ристер, экстремистер, рециди­вис­тер, тәртіпсіздіктерді ұйым­дас­ты­рушылар және азаптаумен айналысқан адамдарға рақым­шылық жасалған жоқ.

Сондай-ақ былтыр қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында елорданың бұрынғы атауы қайтарылып, Астана деп қайта аталды. Бұған дейін халық арасында бас қалаға қатысты түрлі пікір айтылатын. Сөздің шыны керек, көпшілік Нұр-Сұлтан атауына үйреніспей, сол баяғы күйінде Астана деп атап жүргені рас. Бұл мәселеге билік те назар аударып, халық­тың талап-тілегіне құлақ асты. Осылайша, «Әділетті Қазақстан» депутаттық тобы елорданы қайта атау бойынша бастама көтерген. Парламенттің бірлескен оты­рысында бұл мәселе жан-жақты талқыланып, қажетті құжат қабылданды.

Сондай-ақ Ұлттық құрыл­тайдың алғашқы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Рес­публи­ка күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Аталған ұсынысқа сай Парламент палаталары тиісті құжатты қабыл­дап, жаңа мереке белгіленді.

«Елдің тарихи жадын жаң­ғырту үшін үйлесімді саясат­тың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуы­мыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бір­қатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын тәуелсіздік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деген еді Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында.

Былтыр еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымына өзгеріс енді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағын­да Ұлытау облысын құру қажет екенін атап өтті. Үшіншіден, Алматы агломерациясына қатыс­ты түйткілдерді ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлу ма­ңызына тоқталды. Осылайша, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қа­ласына ауысып, шаһарға ұлты­мызға еңбек сіңірген қай­раткер Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Прези­дент 4 мамырда жаңа облыстарды құру туралы Жар­лыққа қол қойды. Құжат 8 мау­­сымда күшіне енді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген-ді. Осыған байланысты «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде игерілмей бос жатқан 5 миллион гектар жер қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл да 5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне алуды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Серпінді саяси реформалар алдағы уақытта да жалғасады деген сенімдеміз.