Абай • 14 Тамыз, 2023

Кемеңгерге арналған кеш

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай күніне орай Қарағандының орталық саябағында «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кемеңгерге арналған мәдени кеште аймақтағы ақындар мен әншілер, көркемсөзді шебер оқитындар өнер көрсетті. Кейінгі уақытта орталықтағы саябақ сахнасында осындай рухани шаралар жиі өтіп жатыр.

Кемеңгерге арналған кеш

Дәл осы күні жылғаларынан көптен бері жаңбыр суы ақпаған Қарағандыда нөсер жауын құйды. Ұлы ақынның ту­ған күнінде табиғат-ананың сыйы осы болды. Аспаннан нұр құйылды, жер­де жыр оқылды. Дала сахнасына жинал­ған­ жұрт жаңбырдың астында қалса да, кеш­ті әбден тамашалап барып тарқасты.  

Кештің шымылдығын ақын, Жазу­шылар одағы облыстық фи­ли­алы­ның төрағасы Жанат Жаңқаш­ұлы ашты. Тұрғындарды мерекемен құт­тықтап, хакімге арнаған өлеңін оқыды.

«Абай – адамзаттың ақыны. Абай – Алаштың үні. Шығармаларында қазақ­тың бар мұңын, қайғысын айтып кеткен. Хакімнің туындыларына үңіліп, қазақтың ұлы халық  екеніне көзің жетеді. Қазақтың сөз өнерін шыңға шы­ғарған ұлы тұлға. Баршаңызды ха­кімнің туған күнімен шын жүректен құттықтаймын», деді ол.

Одан кейін дәстүрлі әннің дүлдүл­де­рі Саян Бөдесов, Қуандық Төкенов бастаған әншілер Абай әндерін орын­дады. Талантты әнші Арайлым Жүке­но­ва да эстрадалық жанрда «Көзімнің қарасын» шырқады. Сұлтан Дәулетхан, Ерік Нарын, Эльмира Сайлау, Сал­танат Қайырбек сынды ақындар өз шығармашылығынан өлең оқыды.

 «Абай дүниеге келген күн – қазақ поэзиясы мен тұтас әдебиетінің һәм дүниетанымының мерекесі. Сол мереке күні Қарағанды орталық саябағында нөсерлеп жаңбыр құйды, дүркіреп ән мен жыр төгілді. Өлең оқып қайтып бара жатқанда, өлеңің туралы жылы лебіз есту, тіпті, ғажап. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан, даламызды думанға бөлейтін осындай игі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын», деді Салтанат Қайырбек.

Ұлы ойшылдың қарасөздері де ұмыт қалмады. Республикалық, облыс­тық, қалалық байқауларда жүлде алып жүрген Бектас Жұман мен Мәди Бижан хакімнің қарасөздерін шебер оқыды. «Сахнаға сұранып, Абайдың өлеңін жатқа оқыған көрермендер де болды. Бұл әдеби-сазды кештің өз мақсатына жеткендігін көрсетті», дейді ұйымдастырушылар.

Игі іс-шараны Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиа­лы қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырды. Жаз бойы орталық саябақта «Қарағанды – қара өлең» атты әдеби-сазды кештер өтіп жүр. Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек, әрине.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы