Футбол • 14 Тамыз, 2023

Қарымта ойындарға көз тігеміз

191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Конференция лигасына қатысып жатқан еліміздің екі командасы өткен аптада аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтарын өткізіп, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін қарымта ойынға қалдырды. Былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері «Ақтөбе» сырт алаңда 12 жылдық тарихы бар Румынияның «Сепси» клубымен тең ойнаса (1:1), қола жүлдегер «Тобыл» Қостанайда Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасынан бір доп айырмасымен басым түсті – 1:0.

Қарымта ойындарға көз тігеміз

Бір доп айырмашылығы жетер ме екен?

Кейінгі жылдары Еурокубок ойындары­на­ тұрақты қатыса бастаған «Тобыл» мен «Дерри Сити» осы турнирдің екін­ші­ ­кезеңінде үлкен сенсация жасап, жа­рыс­­тың үшінші айналымына жолдама ал­ды.­ Қостанайлық ұжым екінші кезеңде Швей­ца­рияның атақты «Базель» командасын екі ойынның қорытындысы бойынша 4:3 есе­­бімен жарыс жолынан ығыстырса, «Дер­ри­ Сити» біздің жанкүйерлерге жақ­сы­ та­ныс Финляндияның КуПС клубынан­ ба­сым түсті. Өз алаңындағы бірінші ойын­­да 2:1 есебімен жеңіске жетсе, сырт алаң­да­ғы кездесуде 3:3 нәтижесімен тең ойна­ды. Естеріңізде болса, 2021-22 жылғы Кон­фе­рен­ция лигасының үшінші кезеңінде КуПС елор­даның «Астана» командасын екі ойында 5:4 (1:1, 4:3) есебімен тізе бүктірген еді.

Осылайша, футбол мамандарының назарын өздеріне аударған екі клуб ара­сын­дағы ойын көпшілік күткендей тартысты өтті. Бірінші таймның алғашқы бөлігінде қонақ команданың ірі денелі футболшылары біздің қақпаға жарытып шабуыл ұйымдастырмаса да, «Тобыл» ойыншыларын жиі тәртіп бұзуға итермелеумен болды. Ирландиялықтардың дөрекі ойынына біздің жігіттер де дәл солай жауап береміз деп төреші тарапынан ескерту алып қалды. Алғашқы 45 минуттың ішінде үш футболшымыз «сары қағазбен» жазаланды. Матч алдындағы баспасөз конференциясында «Тобылдың» бас бапкері Милич Чурчич дәл осы жағдайды ескеріп, ирландиялық футболшылардың айласына түсіп қалмау маңызды екенін, біз өз ойынымызды, олар өз ойындарын ойнауы керек деп айтқан еді. Бірақ «Тобыл» футболшылары көп жағдайда «Дерри Ситидің» құрығына түсіп қала берді.

Екінші таймда ойын қарқыны біршама бәсеңдегенімен, қостанайлықтардың шабуылы бірінші таймға қарағанда, өткір бола бастады. Бәлкім, үзіліс уақытында Чур­чич шәкірттеріне шабуылды аяқтау кезін­дегі қателіктерін ескерткен болар. Мәсе­лен, екінші 45 минутта «Тобыл» футболшылары қарсыластардың қақпасына төрт соққы жасаса, соның үшеуі қақпаға дәл бағытталды. Оның біреуін голға ай­нал­­дыра алды. Ойынның 65-минутында «Тобыл» клубының тәрбиеленушісі әрі қорғаушысы Роман Асранқұлов сол қап­тал­дан ирландиялықтардың қорғанысын бұ­зып-жарып, сол аяғымен әдемі гол соқ­ты. «Дерри Ситидің» қақпашысы да, қор­ғау­шылары да бұл соққының алдында дәр­мен­сіздік танытты. Сөйтіп, 90 минут бойы «Тобылдың» шабуылшылары соға алмаған голды қорғаушы соғып, алғашқы ойында командасына басымдық сыйлады – 1:0.

Енді екі ұжым арасындағы қарымта матч 17 тамыз күні Солтүстік Ирландияда өтеді. «Дерри Ситидің» Еурокубоктағы биыл­ғы ойындарының статистикасына­ қа­райтын болсақ, олар сырт алаңдағы кездесулерге қарағанда, өз жеріндегі матч­тарда тәуір ойнайды екен. Конференция лигасының алғашқы екі іріктеу кезеңінің өз алаңында өткен екі ойынында да олар қарсыластарынан басым түскен. Дегенмен «Тобыл» да сырт алаңда тәуір ойнайтынын өткен матчта көрсетті. Сондықтан қарымта кездесуде бізді қызықты матч күтіп тұр.

Сырт алаңдағы тең ойын үміт сыйлайды

Румынияда матч өткізген «Ақтөбе» клубы алғашқы ойында қолда тұрған жеңісінен айы­рылып қалды. Дегенмен бірінші матч­­­тың сырт алаңда өткенін ескерсек, өз алаңында жеңіске жетудің мүмкіндігі көбі­рек. 8 400 жанкүйерге арнап салынған Сфын­ту-Георге қаласындағы «Сепси Арена» стадионындағы матчта екі ұжым да­ әу бастан тең нәтижені көздеген сияқты.

Өйткені екі клуб та матч бойы жарытып шабуыл ұйымдастырған жоқ. Тек кез­де­судің соңында ғана алаң қожайындары есеп­ті теңестірген соң шабуылдарын үде­те түсті. Ал бірінші таймда екі клуб футболшылары тек бір-бір мәрте ғана қа­уіп­ті жағдаймен көзге түсті. Ойынның 15-минутында Мариуш Стефанескудың қақ­паға еніп бара жатқан допты Стас Пока­тилов қолымен қақшып жіберсе, 28-ми­­нуттағы Максим Самородовтың алыс бұрышқа тепкен добын «Сепси» қақ­па­шы­сы қайтарды. Бірінші таймда бұдан бас­қа­ ауыз толтырып айтарлықтай шабуыл бол­ған­ жоқ.

Екінші таймның басында алаң қожа­йын­дары ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысып, допты жиі бақылауында ұстай бастады. Кездесудің 55-минутында Сте­фа­нес­ку тағы да «Ақтөбе» қақпасына қарай ба­ғыттаған жойқын соққысымен көзге түсті. Абырой болғанда Стас Покатилов өз ор­нынан табылып, қауіптің бетін қайтарды. Ара­да 10 минут өткенде жерлестеріміз бұл ша­буылдың қарымтасын қайтарып қана қоймай, «Сепси» қақпасына гол соғып, ойынның есебін ашты. 65-минутта Максим Са­мородовтың бұрыштамадан әуелете кө­терген добына бірінші Элдер Сантана же­тіп,­ басымен қақпаға дәл соққы жасады – 1:0.

Гол өткізіп алған соң алаң қожайындары есепті теңестіру үшін бар күш-жігерімен алға қарай ұмтылып, «Ақтөбе» қорғаушылары мен қақпашысын қиын жағдайға салып қойды. «Сепси» футболшыларының дүркін-дүркін шабуылы матч соңында ғана өз нәтижесін берді. Ойынның 89-минутында Роланд Варганың айып алаңы ішінде қақпаның сол жақ бұрышына қарай тепкен добы жол-жөнекей бір ойыншымызға тиіп, қақпаның оң жақ бұрышының торынан табылды – 1:1. Таразы басы теңескеннен кейін «Сепси» жеңіс голын соғуға ұмтылды. Алайда жерлестеріміз қорғаныста сауатты ойнап, алаң иелеріне екінші голдарын соғуға мүмкіндік бермеді.

Екі ұжым арасындағы қарымта ойын 17 тамыз күні Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтеді.