Оқу үдерісін басқаруды цифрландыру мақсатында республика бойынша 7 мың мектепте электронды журналдар мен күнделіктерді жүргізу, үй тапсырмаларын беру, бағалау, жоспар жасау және қашықтан оқыту үшін негізгі сервистерді қамтитын білім беру платформалары (Kundelik, Bilimal, EDUS) енгізілді. Мұнымен қоса мобильді қосымшалар, аналитикалық бақылау тақталары, ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары сияқты қосымша қызметтер бар.
Электронды оқулықтарды енгізуде балалардың мектеп пәндерін оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық мазмұнмен үйлестіріліп отыр. Цифрлық оқулықтармен қатар мектептерде мультимедиялық мазмұны бар қосымша оқу материалы ретінде цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатын болады. Бүгінде 50 мыңнан астам цифрлық білім беру ресурсы құрылды.
Осы ретте оқу үдерісі интерактивті, заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып құрылуы керектігін айтқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл өз кезегінде қала мен ауыл оқушыларының арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға ықпал етуге тиіс екенін ескерткенін білеміз. Цифрлық технологиялар шалғайдағы шағын мектептерде де оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге мүмкіндік береді. Оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергілікті және сымсыз желілермен қамтамасыз ету жөнінде шараларымен жалғасын табуға тиіс.
Электронды оқулықтарды енгізудің қанатқақты жобасына еліміздің 6 өңірінен 12 мектептің 3, 6 және 8-сынып оқушылары қатысқаны белгілі. 2018-2019 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны аясында жаңа оқулықтар енгізіліп, бұл жоба кең жолақты интернет жылдам жұмыс істейтін аймақтарда іске асқан болатын. Өңірлерде баспа өкілдері жергілікті басшылармен кездесіп, балаларды электронды оқулықтармен қамту үшін мектептерде қандай жағдай жасау керектігі айтылған еді. Осы орайда пән мұғалімдері тарапынан электронды оқулықтарды жетілдіру, қажетті материалдарды енгізу мәселесі де қамтылған-ды.
Алайда қазіргі кезде кең жолақты интернет қолжетімсіз аймақтарда оқыту мәселесі қалай жүзеге асатыны алаңдатады. Мұнымен қоса Оқу-ағарту министрлігі осы оқу жылында оқушыларды толықтай электронды оқулықтармен қамтамасыз етуге басымдық бергенімен, цифрлық оқу құралдарын оқу үрдісіне енгізуге қатысты пікірлер екіге жарылып тұр. Бұған дейін ата-аналардың басым көпшілігі дәстүрлі оқулықтардың салмағы бала денсаулығына кері әсер етіп жатқанын айтып келген болса, ендігі кезекте электронды оқулықтардың да бала ағзасына кері әсері туралы да пікірлер айтылып жатыр. Осы орайда ата-аналар мен сарапшылар цифрлық құралдардың балалардың денсаулығы мен психикалық жағдайына зиян екенін, телефон мен планшеттерге тәуелділіктің күннен-күнге артып келе жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Телефон, планшет экранының жарығы балалардың дер кезінде ұйықтауына, дұрыс тамақтанбауына, білім алу барысына да кері әсері бар екеніне медициналық тұрғыдан да дәлелдер жеткілікті.
Десек те заман көшіне ілесу, цифрлық дәуірдің игіліктерін игеруде мектеп оқушыларының шет қалмауы маңызды. Электронды оқулықтарды енгізу балалардың ізденісіне мол мүмкіндік бере отырып, мультимедиялық құралдарды пайдалану, қосымша ақпарат іздеу тетіктері де осы оқулықтардың артықшылығына жатады. Бүгінде Оңтүстік Корея, Ресей, Сингапур, Финляндия, Эстония, Бразилия, Венгрия сияқты елдер электронды оқулықтарды енгізудегі тәжірибесімен ерекшеленіп отырғанын ескеру қажет. Ақпараттық ғасыр бүгінгі оқушы, ертеңгі болашақ маман иелерінің цифрландыру тетіктерін мейлінше меңгеруіне ықпал етеді. Бұл заман талабы. Осы орайда мамандар электронды оқулықтарды меңгерудің жағымды тұстарына басымдық бере отырып, оның бала денсаулығына кері әсерін болдырмау жағына да назар аудырылатынын айтады. Өйткені психикасы әлі толық қалыптаспаған бастауыш сынып оқушылары үшін цифрлы құралдарды пайдаланудың салдары ауыр болуы мүмкін. Дегенмен де кәсіби мамандар оның алдын алып, электронды оқулықтарды қажет болған жағдайда дәстүрлі оқулықтармен алмастыру, оқу барысында түрлі әдіс-тәсілді қолдану мүмкіншілігінің де зор екенін, бұл бағытта жаңа заман кадрларын даярлауға да мән беру қажет. Осы ретте заманауи электронды технологияларды балалардың білім алуы мен саламатты өмір салты жолында тиімді пайдаланудың нақты жүйесін қалыптастыру уақыт талабынан туындап отыр. Бұл бағытта мектеп пен отбасы үшін ортақ талаптардың бір ізге түсіп, жүйеленгені абзал, дейді мамандар.