Білім • 14 Тамыз, 2023

Дәстүрлі оқулықты электронды құрал алмастырады­­

234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылында мектептерді толықтай электронды оқулықпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі кезде оқулықтардың 80 пайызға жуығы цифрлық форматқа ауыстырылып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Еліміздегі электронды оқулықтарды әзірлеу ісімен 11 баспа айналысып жатыр.

Дәстүрлі оқулықты электронды құрал алмастырады­­

 

Оқу үдерісін басқаруды цифр­­ландыру мақсатында рес­пуб­лика бойынша 7 мың мек­тепте электронды журналдар мен күнделіктерді жүргізу, үй тапсырмаларын беру, баға­лау, жоспар жасау және қашық­тан оқыту үшін негізгі сервис­тер­ді қамтитын білім беру плат­формалары (Kundelik, Bilimal, EDUS) енгізілді. Мұнымен қоса мобильді қосымшалар, ана­литикалық бақылау тақталары, ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары сияқты қо­сым­­ша қызметтер бар.

Электронды оқулықтарды енгізуде балалардың мектеп пән­дерін оқуға деген қызығу­шы­лығын арттыру үшін виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық маз­мұн­мен үйлестіріліп отыр. Цифрлық оқулықтармен қатар мектептерде мультимедиялық мазмұны бар қосымша оқу материалы ретінде цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатын болады. Бүгінде 50 мыңнан астам цифр­лық білім беру ресурсы құрылды.

Осы ретте оқу үдерісі интер­­ак­тивті, заманауи білім беру технологияларын қолдана оты­рып құрылуы керектігін айт­қан Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов бұл өз кезегінде қала мен ауыл оқушыларының арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға ықпал етуге тиіс екенін ескерткенін білеміз. Цифрлық технология­лар шалғайдағы шағын мек­теп­терде де оқытудың инно­ва­циялық әдістерін енгізуге мүм­кіндік береді. Оқу мате­­риал­­дарын цифрлық фор­матқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қам­­тамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өңір әкім­дік­терімен бірлесіп, мек­тептердегі интернет жыл­дам­ды­ғын арт­ты­ру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергі­лікті және сымсыз желілермен қам­тамасыз ету жөнінде шаралары­мен жалғасын табуға тиіс.

Электронды оқулықтарды енгізудің қанатқақты жобасына еліміздің 6 өңірінен 12 мек­теп­тің 3, 6 және 8-сынып оқушылары қатысқаны бел­гілі. 2018-2019 оқу жылынан бас­тап жаңартылған білім беру мазмұны аясында жаңа оқулықтар енгізіліп, бұл жоба кең жолақты интернет жылдам жұмыс істейтін аймақтарда іске асқан болатын. Өңірлерде баспа өкілдері жергілікті басшылармен кездесіп, балаларды электронды оқу­лықтармен қамту үшін мек­тептерде қандай жағдай жасау керектігі айтылған еді. Осы орайда пән мұғалімдері тара­пынан электронды оқулық­тар­ды жетілдіру, қажетті мате­риал­дарды енгізу мәселесі де қамтылған-ды.

Алайда қазіргі кезде кең жолақты интернет қолжетімсіз аймақтарда оқыту мәселесі қалай жүзеге асатыны алаңдатады. Мұнымен қоса Оқу-ағарту ми­нис­трлігі осы оқу жылында оқу­шыларды толықтай электронды оқулықтармен қамтамасыз етуге басымдық бергенімен, цифрлық оқу құралдарын оқу үрдісіне енгізуге қатысты пікірлер екіге жарылып тұр. Бұған дейін ата-аналардың басым көпшілігі дәстүрлі оқулықтардың салмағы бала денсаулығына кері әсер етіп жатқанын айтып келген болса, ендігі кезекте электронды оқулықтардың да бала ағзасына кері әсері туралы да пікірлер айтылып жатыр. Осы орайда ата-аналар мен сарапшылар цифрлық құралдардың балалардың ден­сау­лы­ғы мен психикалық жағ­дайына зиян екенін, телефон мен планшеттерге тәуелділіктің күннен-күнге артып келе жат­қа­нын айтып дабыл қағып отыр. Телефон, планшет экранының жарығы балалардың дер кезін­де ұйықтауына, дұрыс тамақ­­­тан­бауына, білім алу ба­рысына да кері әсері бар екеніне меди­ци­налық тұрғыдан да дәлелдер жеткілікті.

Десек те заман көшіне ілесу, цифрлық дәуірдің игіліктерін игеруде мектеп оқушыларының шет қалмауы маңызды. Элек­трон­ды оқулықтарды енгізу ба­ла­лардың ізденісіне мол мүмкіндік бере отырып, мультимедиялық құралдарды пайдалану, қосымша ақпарат іздеу тетіктері де осы оқулықтардың артықшылығына жатады. Бүгінде Оңтүстік Корея, Ресей, Сингапур, Финляндия, Эстония, Бразилия, Венгрия сияқты елдер электронды оқу­лықтарды енгізудегі тәжіри­бе­сімен ерекшеленіп отырғанын ескеру қажет. Ақпараттық ғасыр бүгінгі оқушы, ертеңгі болашақ маман ие­ле­рінің цифрландыру тетік­те­рін мейлінше меңгеруіне ық­пал етеді. Бұл заман талабы. Осы орайда мамандар электрон­ды оқулықтарды меңгерудің жа­ғымды тұстарына басымдық бере отырып, оның бала денсаулығына кері әсерін болдырмау жағына да назар аудырылатынын айта­ды. Өйткені психикасы әлі то­лық­ қалыптаспаған бас­та­у­ыш­ сынып оқушылары үшін цифр­лы құралдарды пайда­лану­дың салдары ауыр болуы мүм­кін. Дегенмен де кәсіби ма­мандар оның алдын алып, элек­тронды оқулықтарды қажет бол­ған жағдайда дәстүрлі оқу­лық­тармен алмастыру, оқу бары­сын­да түрлі әдіс-тәсілді қол­да­ну мүмкіншілігінің де зор екенін, бұл бағытта жаңа заман кадрларын даярлауға да мән беру қажет. Осы ретте заманауи элек­тронды технологияларды бала­лардың білім алуы мен са­ла­­мат­ты өмір салты жолында тиім­ді пайдаланудың нақты жүйе­сін қалыптастыру уақыт талабынан туындап отыр. Бұл бағытта мектеп пен отбасы үшін ор­тақ талаптардың бір ізге түсіп, жүйеленгені абзал, дейді мамандар.