Шотландия астанасындағы фестиваль қалыптасқан дәстүр бойынша тамыз айында үш апта бойы өткізіледі. Оны жыл сайын екі миллионға жуық көрермен тамашалайды. Бұл ауқымды іс-шараға әлемдегі ең үздік орындаушылардың театрландырылған, музыкалық, би қойылымдары кіреді. Осы жолы аталған фестиваль көрермендерінің назарына Қазақстан өнері алғаш рет ұсынылатын болады. EEGERU ансамблінің фестивальге сапары «Дара» қайырымдылық қоры қолдауымен ұйымдастырылды.
EEGERU концерті 27 тамызда Queen's Hall сахнасында өтеді. Ансамбль Қазақстан композиторларының шығармаларын, сондай-ақ шетелдік авторлардың бірнеше композицияларын орындайды. Атап айтқанда, Эдинбургте алғаш рет Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» және Артық Тоқсанбаевтың My Respect to You, Mr. Tattimbet туындылары орындалады. Концерттің ерекше нөмірі – шотланд композиторы Клэр Джонстонның EEGERU ансамблі үшін арнайы жазған Call of The Mountains композициясы болады. Композитор шығармасында тек классикалық акустикалық және цифрлық аспаптарды ғана емес, сондай-ақ қазақ қылқобызын да қосқан.
Сонымен қатар сапар аясында EEGERU-дің ерекше қажеттіліктері бар музыканттар мен композиторлардың мүмкіндігін кеңейтумен айналысатын Шотландияның жетекші инклюзивті өнер ұйымы Drake Music Scotland қабырғасында өнер көрсетуі жоспарланған. Қазақстандық әртістер шотланд әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, оларды қылқобыз ұлттық аспабымен, оның мүмкіндіктерімен таныстырады.
«Біз осындай ауқымды фестивальге қазақтың заманауи музыкасын паш етуге барғалы жатырмыз. Сондай-ақ инклюзивті музыкалық білім беруде шетелдік әріптестерімізден тәжірибе алмасамыз. Қазақстанда инклюзия мәселелерімен жүйелі түрде эксперименттерге ашық және өзінің тың жобаларымен белгілі «Дара» қоры айналысады. Қордың игілікті жоспарларының ішінде бір бағыт музыкамен, музыкалық біліммен байланысты. Қазіргі әлемдегі инклюзивті оқыту жаңа технологиялармен тікелей қатысты және шотланд музыканттары бұл бағытты көптеген жыл бойы дамытып келеді. Біз шотланд музыканттары мен музыка әуесқойларының қазақ музыкасына деген құштарлығын оятамыз деген үміттеміз», дейді EEGERU ансамблінің директоры Раушан Жұманиязова.
«Мүлдем басқа музыкалық стильде эксперимент жасауға және оған өз шығармашылық потенциалын қосуға дайын осындай ынталы музыканттармен жұмыс істеу екі тарап үшін де қызықты және құнды тәжірибе болды. Оған қоса, үдерісте тек классикалық аспаптар мен тембрлер ғана емес, сонымен қатар жүздеген жылдарға созылған тарихы бар дәстүрлі аспаптарды да қолдандық. EEGERU-мен бірге біз қазақ халық аспаптарының дыбысын британдық аудиторияға, әсіресе дәстүрлі музыкаға деген үлкен құштарлығы бар Шотландияға жеткізетінімізге қуаныштымын», дейді шотланд композиторы Клэр Джонстон.
EEGERU заманауи музыка ансамблі 2015 жылы С. Бәйтерековтің бастамасымен құрылған. EEGERU әртүрлі елдің жетекші композиторларымен бірлесе жұмыс істейді. Ұжымның ірі халықаралық жобаларының қатарында Nauryz XXI (2016, 2018) және EEGERU Connect. Made in Germany (2019) заманауи музыка фестивальдері, Beethoven. Mute музыкалық-театрлық қойылымы (2020), «Музыка Осуществления 41» жобасы (2022) бар. Ансамбль халықаралық ұйымдармен (Қазақстан Гете институты, Британ Кеңесі, Целинный) сәтті жұмыс жүргізіп келеді. Ал Drake Music Scotland – мүмкіндігі шектеулі жандарға музыка жазуға мүмкіндік беретін Шотландияның жетекші өнер ұйымы. Оның инклюзивті музыкалық технологиялар және оқытудың арнайы әдістері саласындағы тәжірибесі барлық жастағы шектеулі мүмкіндіктері бар адамдарға өз бетінше ойнауға, үйренуге және музыка жазуға көмектеседі. Drake Music-тің көрнекті жобаларына мыналар жатады: Digital Orchestra – Шотландиядағы алғашқы мүмкіндігі шектеулі жастар оркестрі, арнайы және жалпы білім беретін мектептерге арналған басты білім беру бағдарламасы; Figurenotes ноталарды оқыту жүйесін енгізу.
«Дара» қайырымдылық қоры жетім балалар мен білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға, әлеуметтендіруге және даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асырады. Қордың жобалары балаларды оқыту, шығармашылық дағдыларын дамыту, оңалту және мамандық алу үшін қолдау көрсету сияқты маңызды салаларға бағытталған. 15 жыл ішінде Қор
40 мыңнан астам балаға көмектесіп, 140-тан астам мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды қолдады, 30-дан астам жобаны жүзеге асырды.