Кино • 14 Тамыз, 2023

Қайран, Шәмші!..

265 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың 60-жылдары Кентау тау-кен саласында «жылдам бұрғылау» (скоростная проходка) жөнінен әлемдік рекордтарды бірнеше мәрте жаңартқан, экономикалық-әлеуметтік мәдени жағынан республикада атағы шыққан шағын қалалардың бірі болды. Кәрі Қаратаудың баурайында орналасқан осы шағын қалада менің балалық, балдәурен шағым өтті. Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде №2 мектеп-интернатындағы сынып жетекшіміз Хасенов деген ағай ән сабағында: «Ал, балақайлар, бүгін біз мына бір тамаша әнді үйренеміз», деді. Қолындағы бір жапырақ қағазда – ән мәтіні. «Әннің авторы – Шәмші Қалдаяқов» деді де, өзі шырқай жөнелді. «Ана туралы жыр» әнінің әуені мен тамаша сөзі бәрімізді бірден баурап алды. Шалғай ауылдардан келіп, мектеп-интернатта оқып жүрген қара домалақ балалардың алыста қалған аналары есіне түсіп, көздеріне жас алды. Сүйемелдеуші аккордеоншы бала бізден 4-5 сынып жоғары оқитын, кейіннен ел таныған талантты композитор Сейдолла Бәйтереков еді. Міне, менің Шәмші аға есімімен алғаш таныстығым осылай басталды...

Қайран, Шәмші!..

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бірде радиоқабылдағыштан шыр­қалған «Бақыт құшағында» әні қалықтап барып басылды. Шәмші аға әңгімені әрі қарай жалғастырды. Шәмшінің өзін көрмек түгілі, дауысын өз құлағыммен алғаш есітуім. Ол кезде Алматыдағы «Қазақтелефильм» студия­сында тырнақалды туындыларым «Халимат тағдыры», «Жоқшы», Мұстафа Өзтүрік туралы «Барып қайт, балам, ауылға!» фильмдерін телеэкранға шығарған кезім. Қайтсем де Шәмші ағаны тауып алып, киноға түсірсем деген ой санама дәл сол кезде келгені рас.

Мен Шәмші туралы 1991 жы­лы,­ ком­по­зитордың көзі тірісінде «Қазақ­те­ле­фильм» студиясында «Қайран, Шәмші», 2010 жылы композитордың 80 жылдығы қар­­­са­­ңында «Қазақфильм» киностудиясын­да толықметражды «Шәмші», 2012 жылы «Шәм­ші Қалдаяқов» атты фильмдер түсір­дім. Кейінгі түсірілген фильмдерде Шәмші тура­­лы тың деректерді барынша қамтуға ты­­рыстым.

Ш.Қалдаяқовқа 60 жылдығында Отырар ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы Мұхамедқасым Шәкіровтің қолдауымен ауданда 60 жылдығы тойланды. Бірақ ел орталығы – Алматы үнсіз қалды... 1990 жылы Шәкең өзінің қойын кітапшасына «Мен қоғамға да, адамдарға да тәуелді емеспін. Мен тек Құдайға ғана тәуелдімін!» деп жазба қалдырыпты. Бұл – Шәмшінің заманға күйлемегенін, заманға иленбегенін, Тәңірден өзгеге бас имеген асқақ рух иесі екенін ұқтырса керек.

«1991 жылдың 25-26 қаңтарында Шәм­ші­нің мерейтойын Алматыда атап өту үшін кірмеген есігіміз де, тесігіміз де қалмады. Бәрі қарсы болды. Талай жерге үмітпен кіріп, дел-сал болып шықтық... Ең соңында жалынып, жалбарынған бізге Мәдениет министрлігінен Қазфилармонияның шағын залында абыр-дабыр жасамай, тыныш өткізіңдер деген нұсқау берілді. Салымыз суға кетіп, енді қайттік деп жүрген біз үшін мұның өзі той іспеттес еді», деген жазушы Оразбек Бодықовтың жазбасынан көп дүниені аңғаруға болады.

Бұл Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде Алматыда өткен ең алғашқы әрі ең соңғы кон­церті болды. Концертке сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділовтен басқа бір де бір лауазымды тұлға бой көрсетпеді, еле­меді, ескермеді. Қаңтар айындағы сол кон­церт алғаш рет киноға толық түсіріліп алынды.

Шәмшіні көргенде кірпіше жиырыла қалатын сол кездердегі кейбір лауазымды басшылар мына оқиғаны еріксіз есіме түсіреді.

1991 жылы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов үлкен азаматтық танытып, қатты науқастанып ауруханада жатқан Шәмші Қалдаяқовтың Халық әртісі деген құрметті атақты алуы­на септігін тигізді. Бұл атақ берілгеннен кейін Шәмші небәрі 2 ай 10 күн өмір сүріп, дүниеден өтті. Он бес жылдан кейін – 2007 жылы «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Әнұранына айналды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 2023 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

1991 жылы Шәмші аға туралы фильмнің алғашқы кадрларын түсірдім. Бала кезімнен Шәмші әнімен ержеткен мен үшін ағаның образын деректі фильм арқылы өзі сүйген, өзін сүйген халқына жеткізу мақсатым болды. «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» деп, Абай атамыз айтқандай, бұл да болса ұлы­ композитор Шәмші Қалдаяқовтың жара­­лы жанына демеу болар деген үлкен үміт еді.

Фильм Шәмші ағаның адами қасиетін, бол­мысын толық қамтитын болуы керек­ деп шештім. Керекті материалдар жинамақ болып, архивтерді ақтару үшін кинофото­ мұра­ғатында болып, қанша іздесем де Шәмші ағаның бейнесін кинохроникалардан таба алмадым. Ұлттық кітапханадан 60-жылдардың басында шыққан әнде­рі­нің ноталарын ғана таптым. Басқа мардым­ды­ ақпараттар болмай шықты. Бұл мені ты­ғырыққа тіреп, енді не істеу керек деген ой мазалай берді.

Киносценарий жазу үшін де көп зерттеу керек. Шәкең туралы бірдеңе біледі-ау деген адамдардан сұрастырып едім: «Ее, Шәмші Алматыны тастағалы қашан. Оны Жамбыл, Шымкент жақтан ізде» деген кеңеске жолықтым. Солай қиналып жүр­ге­німде, Құдай беріп, «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» деген повесінен үзінділер жарияланды, өзіме керекті біраз мағлұматтарды сол газеттерден алдым.

1991 жылы қаңтар айында Шәмші аға­мыз­дың 60 жылдығы Алматыдағы концерт за­лында өтті дедік қой, екі күн қатарынан бол­ған концертке халық көп келді. Сол жолы Шәмші ағамен кездесудің реті келе қоймады. Айналасында қаумалаған қара­па­йым халық композиторды алақанына салып, қошемет көрсетіп жүр екен. Бұл жер­де әңгімелесудің реті келмес, кейін жеке сөйлесерміз деп шештім. Алайда мұным­ның­ қате екенін кеш түсіндім, себебі тағы да Шәмші ағамызды таба алмай қалдым. Ол кісімен жүздескенімше тамылжыған тамыз айы да келіп жетті. Шәкең Шымкент қаласынан менің үйіме телефон шалып, алдағы аптада Алматыға келетінін ескертті. Сұхбаттасып көрмеген адамыммен іштей кездесуге дайындалып жүрдім.

...Шәмші аға айтқан уақытында келіп, телефон шалып, Құрманғазы оркестрінің ғимаратында болатынын айтты. Салып-ұрып сонда бардым. Анадай жерде басында қазақы оюланған тақиясы бар Шәмші ағамыз әнші Зейнеп Қойшыбаевамен әңгімелесіп тұр. Жүрексінгенімді білдірмей жақын келдім. Міне, сәті түсіп көптен сөйлесе алмай жүрген Шәмші ағаның жанында тұрмын. Орта бойлы, қарапайым киінген. Шырайлы жүзінде ақ қырау шалған мұрты өзіне жарасып тұр.

– Ассалаумағалейкүм, аға, сізді киноға түсірем деп, әбден мазаңызды алып, артыңыздан қалмай жүрген Тілеген Ахмет деген ініңізбін, – дедім. Қуанышымда шек жоқ. Сол жерде болашақ фильмнің жоспарын ақылдасып үлгердік. Шәкең: «Бір айдың шамасында Шымкент жаққа барып келермін, содан кейін жұмысты бастайық», деді. Біз осылай келістік.

Композитор қиыр Шығыста төрт жылдай әскери қызметте командир болған екен... Кім біледі, Сахалинде жүрген кезінде алыстағы Отырар есіне түсіп, сарғайған сағынышынан небір әуендер туған шығар...

Фильм Шәкеңнің әскери қызметте болған жері – Сахалин аралынан басталуы керек деп топшыладым. Бұл бір жағынан, 60-қа келген ағамызды 25 жасында жүріп өткен жерлерін аралатып көңіл сергітіп қайту еді.

2010 жылы композитор Қалдыбек Құрманәлінің идеясымен, «Қазақфильм» кино­студиясының президенті Ермек­ Аманшаевтың қолдауымен толық­мет­раж­ды «Шәмші» атты кино менің режис­су­ра­лығыммен жарыққа шықты. Қалдыбек шарқ ұрып іздеп жүріп Ақтөбе қаласынан Шәкеңнің Сахалинде әскери қызметте бірге бол­ған досын тапты. Ол өз сұхбатында ағы­нан жарыла: «Шәмші мандолинде тамаша әндер орындайтын. Аспапты Қиыр Шығысқа өзімен бірге алып барды. Соны­мен­ қатар офицерлер клубында вальс биле­­генде айдын көлде қалықтап жүрген аққу іспетті сыңарын шыр айналдырып біздерді тамсандырып жіберетін» деп еске алған-тын.

Сонымен Сахалинге ұшу үшін бір ай бұрын билет алу керек екен. Әйтеуір билет қолымызға түсті. Бағыт – Алматы-Хабаровск... Біз, түсіру тобы Шәмші ағаның келуін тағатсыздана күтіп, дайын отырдық.

Шәкеңнің «келемін» деген уақыты да болды. Бірақ ол кісі келмеді. «Апыр-ай, не болып қалды екен?» деген ой мазалай берді, уәдесіне берік жан екенін, жүріс-тұрысында жинақылық, ұстамдылық бар екенін алғашқы кездесулерден-ақ аңғарғанмын. Дереу Шымкенттегі туысына хабарластым. Мән-жайға қанықсақ, Шәкең аяқастынан науқастанып қалыпты, қазір Арыс шипажайында емделіп жатыр екен. Не істерімізді білмей жүргенде сол жақтан ақын досы Сабырхан Асанов ағамыздың келе қалмасы бар ма... «Шәмші ағаның хәлі өте нашар, қиналып жатыр, кеше Шәуілдір колхозындағы қарындасының үйіне әкелді», деді ақын. Сол күнгі «Алматы-Шымкент» жүрдек пойызымен оператор Аман Ысмайылов екеуміз асыға жолға шықтық. Мақсатым – қайткен күнде де ауылға барып, ағаның хәлін білу, ыңғайы келсе киноға түсіріп алу еді. Түні бойы ұйықтай алсамшы. Ойлар сан-саққа жүгіреді, оған пойыздың дөңгелектерінің тарсылы қосылғандай... Таң ата көзім ілініп кеткен екен, оянсам пойыз тоқтап тұр. Шымкентке келіппіз, такси жалдап, 150 шақырым жердегі шағын ауылға жеткенімізше, түс ауып қалған еді. Тып-тыныш ауыл көшесімен жүріп келеміз. Әркімнен сұрастыра келе, үйді де таптық. Асай-мүсейлерімізді көтере-мөтере аулаға кіріп келсек, қайран Шәмші аға есік алдында екі иінінен әрең демалып, ауладағы ағаш көлеңкесінде отыр екен. Көрмегеніме бір айдың жүзі болып қалған еді, қатты жүдеп кеткенін бірден байқадым. Сау етіп тосын келуіміз Шәмші аға үшін күтпеген жайт болды. Үш күн орнынан тұра алмай, қатты қиналып жатқан Шәкең біз келердің алдында ғана басын көтеріп, есін жиып отырғаны сол екен. Әйтсе де, сыр білдірмей, біраз әңгіме айтып, бізге «Қайықта», «Бәрінен де сен сұлу», «Менің Қазақстаным» әндерінің шығу тарихын баяндап берді. Айтқандарының бәрін кинотаспаға түсіріп алдық, кинокадрлар түгелімен телефильмге енгізілді. Басында көгілдір елтірі терісінен тігілген бас киімі, көзінде мұң, науқастан, әлдебіреулердің қиястығынан қажыған Шәкеңнің қолында темекі... Аңыз тұлғаның бұл бейнесі көрермендердің есінде шығар деп ойлаймын.

Шәкеңнің аяқастынан науқастанып қалуына байланысты, толыққанды фильм түсіруге жағдай келмеді. Композиторды ауыл­да жатқан жерінен Алматыға алдырып, «Совминнің» ауруханасына жатқызған ақиық ақын Мұхтар Шаханов ағамыз болатын. Әйтпегенде, тек коммунист шенеу­нік­тер емделетін ауруханаға партияға да мүше емес, өмірінде компартияға жағым­пазданып бір ән жазбаған Шәмші Қалдаяқовты кім жолата қояр дейсіз...

Фильмді монтаждау үстіндемін. Ол кезде қазіргідей видео жоқ, кинопленкаға түсіреміз, оның да өз қиыншылықтары жетерлік, көп уақытты алады. Күнде жұмыстан соң Шәкеңе бір соқпай кетпеймін, жаңа газеттер апарып, фильмді монтаждау барысынан хабардар етіп тұрамын.

1991 жылдың 30 желтоқсанында композиторды ауруханадан үйіне алып кетуге келдік. Отбасына барып жуынып-шайы­нып, демалуды қалады. Соңғы екі айда қатты әлсіреп қалыпты. Тіпті әлсіздіктен өз аяғымен жүре де алмай қалған екен. Түсіру тобының салдырлап қалған ескі «Кубань» автобусына дейін коляскаға отырғызып жүргізіп келем... Шәмші ағада үн жоқ. Ауыр ой үстінде. Лифтімен үшінші қабаттан түсіп келе жатқанда: «Міне, осындай күйге түстік, қарағым», деп ауыр күрсінді.

Шәкеңді үйіне алып келіп отбасының ортасында киноға түсіріп алудың сәті түсті. Ұлдары – Әбілқасымды рояльда, Мұхтарды скрипкада ойнатып отырып, түсіріп алдық. Екеуі де музыкант, консерватория бітірген.

Жаңа жылдың алдында композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ берілді. Мұны Шәмші ағаға айтқанымда:

– Рахмет, елеп-ескергендеріне... – деп селқос қана айтты да төсегіне жантайып­ ұзақ уақыт үн-түнсіз жатып қалды. Сонымен сағындырған Сахалин де, басқа да түсіруге жоспарланған эпизодтар сол арман күйінде қала берді... Бір кездері Дінмұхамед Қонаев­тың Шәмші ағаға сыйға берген үш бөлмелі пәтерінде, Шәмші туралы фильмнің соңғы кадрлары түсірілді.

Композитордың науқасына байланысты «айтылуы керек еді-ау» деген көп дүниені іске асыра алмадым. Тек ірі көлемде, үлкен ой үстінде тұрғанын түсіргеніме шүкіршілік еттім. Сезімтал жүректі көрермен бұл кадрларға қарап отырып кесек тұлғаның бет-жүзінен, көз жанарынан өзі өмір сүрген уақыт табын сезер деп ойлаймын.

1992 жылдың ақпан айында кезекті кино түсіру қамымен бір аптаға жол сапарға шықтым. Іссапардан Алматыға келе жатқан жолда, пойыз ішіндегі радиодан Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болғанын хабарлады. Түсе сала Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына тарттым. Халық көп жиналған екен, келгендер легі толассыз. Көз алдымнан өзім көрген Шәмші ағаның бейнесі үзік-үзік болып өтіп жатты. Мен қиялымдағы аяулы ағамен үнсіз ғана қоштастым.

Астана. Зәулім сарайда композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына және құрметіне арналған үлкен концерт өтіп жатыр. Концерт залына орнатылған кө­г­­­ілдір экранда өзім түсіріп алған аға­мыз­дың­ бейнесі көрсетілді. Басында көк елтірі, қара­пайым костюмі, ойлана тартқан түтінді темекісі, өзінің қоңыр дауысымен жүрегін жарып шыққан әндерінің тарихы туралы айтқан әңгімесі...

«Вальс королі», «Ән падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқов туған халқынан өз баға­сын алды. Композитордың жан тербейтін сазды әндері қазақтың кең байтақ жерінде шырқала береді.

 

Тілеген АХМЕТ,

режиссер