Жастар • 14 Тамыз, 2023

Жақсылыққа ұмтылған жастар

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы күні аға буын арасында жастарға көңілі толмайтындар көп. «Баяғыда біздің кезімізде...» деп басталған әңгіменің соңы кейінгі толқын өкілдерін тұқыртумен аяқталарын сезіп отырасыз. Бірақ бажайлап қарасаңыз, қазіргі жастардың да жарқын істің басында жүргенін көрер едік. Оған келтіретін мысалымыз да көп.

Жақсылыққа ұмтылған жастар

 

Қазір Қазалы ауданында 23 907 жас бар екен. Осылардың 95,5 пайызы ауылда тұрады. Жыл басынан бері аудандағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ қа­тар­ластарының қатысуымен 180-нен астам іс-шара өткізіпті. Орталық бастамасымен ұйымдастырылған «Жаңа дәуір – жаңа Қазақстан» фестивалі нәтижесінде ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылғандарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу гранты және 50, 25 пайыз жеңілдікпен оқитын сертификаттар табысталған. Басқа бағыттар бойынша үздіктерге қаржылай да сыйақы берілген. Жастардың үмітін оятқан бұл іс-шара алдағы уақытта да жал­ғасын табады.

Еріктілер ұйымдастыратын «Жастар керуені» атты жастар жобасы биыл жаңа форматта өтті. Салт-дәстүр сабақтарынан бастап, тарихи орындарды аралау, спорттық іс-шаралар, жас отбасылар, әкелер, аналар сайыстарына жалғасқан жоба аясында гала-концерт қойылады. Жоба кезінде аудандағы тиісті бөлімдер мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береді. Отбасы құндылығын арттырып, бала тәрбиесі мен жас жұптардың шаңырағын бекем қылуды көздеген «Ма­хаббат марафоны» жұптық жүгіру сайы­сы да осы ресурстық орталықтың игі бастамасы. Халықаралық отбасы күніне орай өткізілген сайысқа Қазалы қаласы және ауданға қарасты ауылдық округтерден 50-ге жуық отбасы қатысып, бақтарын сынады.

Орталық бастамасымен «Жастар жәр­мең­кесі» ұйымдастырылып, алғашқы жұмыс орны бойынша – 7, жастар практикасы арқылы – 17, қоғамдық негізде 8 жас жұмыспен қамтылды.

«Біз бастаған тағы бір жоба – «Шет елдердегі Qazalylyqtar». Осы ауданда туып-өсіп, білім алып, қазіргі күні әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде оқып немесе жұмыс істеп жүрген жастармен мектептерде онлайн, офлайн форматта кездесулер өткізілді. «Мың рет естігеннен, бір рет көргеннің артық екенін» бәріміз білеміз. Шетелде алған білімдерін ел болашағы үшін жұмсайтын жастармен жүздесу талайлардың арманын ұштағаны анық», дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Нұрбек Ақпанбетов.

Барлық ауданда бар осындай орта­лық­тардың арасында сырдария­лық­тар­дың да тәжірибесі ерекше. Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Амангелді, Бесарық, Жетікөл ауылдық округтерінен жас­тар бригадалары қайта құрылып, олардың қатарына жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратындар қосылды. Биылғы егін науқанында осы бригадалардағы 200-ге тарта жас еңбек етеді. Орталық ықпалымен Амангелді, А.Тоқмағанбетов ауылдық округтері жастары Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылдық округіне тәжірибе алмасуға жіберілді. Бұрын қолы бос жастар биыл 60 гектар аумаққа бақша, картоп егіп жатыр.

«Бұл тәжірибені қолға алғандағы бас­ты көздегеніміз – аудан жастары ара­сындағы жұмыссыздық деңгейін төмен­дету, – дейді аудандық Жастар ресурс­тық орталығының басшысы Нұрман Аб­драсилов. – Біз қатарластарымыздың еңбек етіп, табыс тапқанын қалаймыз. Осындай ниетпен құрылған «Шіркейлі» жастар бригадасындағы 30 жас қазір құрылыс материалдарын шығарып жатыр. Өзге бри­га­да­дағылар аудандық, облыстық көрме­лерге, жәрмеңкелерге өз өнімдерін апарып, сатуды жоспарлап отыр. Былтырғы қорытынды форумда «Айдарлы» жастар бригадасының бригадирі Зейнолла Жүсіпов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болып, 100 мың теңге сыйақы иеленді. Мемлекет басшысы «Еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс» деді. Еңбек ететін жастарды көтермелеу биыл да жоспарланып отыр. Лайықты жұмыс істеген жастар жыл соңында арнайы сыйлықтарға ие болады.

Қазір аудан жастарында бос уақыт жоқ. Түрлі бағыттағы жылжымалы жәрмеңкелер аясында оларға іс бастауға қажетті кеңес беріліп, бос жұмыс орындары ұсынылады. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан жастарына саламатты өмір салтын насихаттап, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыратын «Жеңімпаз бол!» денсаулық фестивалі өтті. Алда ұлттық спортты дамыту мақсатында жастар арасында көкпар ұйымдастырып, «Сырдария барысы» сайысын, «Әскери қызмет – абыройлы міндет» әскери-патриоттық форумын өткізу жоспарланып отыр.

Жақсылыққа ұмтылған жастар бастамашы болған игілікті істер аясы жыл сайын кеңейіп келеді.

 

Қызылорда облысы