Суретті түсірген Руслан Қадыров, «EQ»
Лагерьдің ашылуына қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен ондағы шығармашылық үйін аралап, дарынды балалардың қолөнер және сурет көрмесімен танысты. Нысанның ішкі жағдайын бағамдап, жатын бөлмелерін, асханасын аралап көрді, балалармен тілдесті. Салтанатты шарада балаларды құттықтаған аймақ басшысы өңірде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
– Халықаралық, республикалық бәсекелерде топ жарған өнерлі, білімді 100 бала «Жалын» лагеріне жиналып отыр. Біз балалардың заманға сай білім алуына, пайдалы демалысына ерекше басымдық береміз. Қазір ғылым мен техниканың заманы. Білімді, технологияны жақсы меңгерген жастары бар мемлекет қана озық болады. Алдағы уақытта да білім мен өнер жарыстарында Қазақстанның, Жетісу облысының мәртебесін көтеріп, жетістіктерге жете беріңіздер. Жазғы демалысты тамаша өткізіп, оқу жылына жаңа серпінмен, күш-жігер жинап келулеріңізге тілектеспін, – деді Б.Исабаев.
Ақжарма тілектен кейін облыс басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік шаралар жеңімпаздарын марапаттады. Соның ішінде республикалық «Бастау» олимпиадасында І орын алған Көксу ауданы Қ.Жалайыри атындағы мектептің 3-сынып оқушысы Жанбота Болатқа және халықаралық «Туймаада» олимпиадасының ІIІ орын иегері, М.Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Жұмабековаға 300 мың теңге табыстады. Бұдан бөлек, халықаралық «Айбын – 2023» әскери-патриоттық жастар жиынында жүлдегерлер тұғырынан көрінген Талдықорған қаласындағы Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің әскери-патриоттық «Жас десантшылар» клубына 500 мың теңге тарту етті. Сондай-ақ Өзбекстанда өткен халықаралық хореографиялық өнер байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Көксу ауданындағы «Өнер» мектебінің «Кербез» жоғары би тобына және қыздар волейбол командаларының арасындағы республикалық ұлттық мектеп лигасының жүлдегер атанған командасына 1 млн теңге берілді. Тынығушы оқушылар атынан Нұрасыл Шәріпов құттықтау сөзін жеткізіп, балалар флешмоб биледі.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жалын» жазғы сауықтыру лагері әрқайсысы 20 орынға арналған 5 корпустан тұрады. Нысанның құрылысына 1 млрд 15 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін» ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы алаңы 11 709 шаршы метр. Бір ауысымда 100 бала қабылдай алатын лагерьде 100 орындық мәдениет үйі, 60 орындық асхана, 5 балалар ойын алаңы, 1 жаттығуға арналған спорт алаңы, 10 демалыс орны бар. Материалдық-техникалық базасы жасақталып, интерактивті тақта, компьютерлер, спорттық ойындарға арналған жабдықтар, музыкалық аспаптар қойылған. Қазір мұнда 13 адам жұмыс істейді, соның ішінде жүзу жетекшісі, дене шынықтыру маманы, тәрбиеші, музыка жетекшісі сияқты арнайы мамандар бар.
Лагерьдің бірінші ауысымында облыстағы халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен спорт, өнер бағытындағы дарынды балалар демалып жатыр. Келесі ауысымда облыстағы әскери патриоттық клубтар, кадет сыныптары, «Жас сарбаз» қозғалысы және республикалық дебат қозғалысының жеңімпаздары қамтылады. Ал келесі жылы жаз мезгілінде мұнда 1 200 бала демалыспен қамтылады деп жоспарланған. Жалпы, биыл Жетісу облысында 10 мыңнан аса бала осындай қала сыртындағы лагерьде демалады.
Жетісу облысы