Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Төтенше жағдайлар мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нашарлығы, өрт сөндірушілердің кәсіптік деңгейінің төмендігі, салғырттығы мұндай қауіп-қатерлерге әлі де болса дайын емес екенін тағы бір дәлелдеп берді. Осы тұрғыда біз өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесіне үңіліп көрген едік.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022 жылғы есебінде орман өрттері қарқынды және жиі болып жатқаны мәлім етілген. Онда «Жаһандық жылыну күшейген сайын температураның жоғарылауымен «орман өрттерінің қаупін азайту қажеттілігі бұрынғыдан да өткір болып қалып отыр» деп атап өтілген.
Канадада жыл сайын шамамен 7 500 орман өрті тіркеліп, салдарынан 2,5 млн гектардан аса орман өртеніп кетеді екен. Бұл – Жаңа Шотландияның жартысына жуық аумақ!.. Канада ғарыш агенттігінің болжамынша, 2050 жылға қарай бұл мәлімет екі есеге артады. Биылдың өзінде елдің Альберта провинциясында орман өрті болып, 10 мыңнан аса шақырым жер жанып кетті. Елдің Табиғи ресурстар министрі Джонатан Уилкинсон мұндай өрт Канада тарихында бұрын-соңды болмағанын мәлім етті.
Мұндай мысалдарды әлемнің әр түкпірінен келтіре беруге болады. Семейдегі өрт те бірінші рет болып тұрған жоқ. 1990-жылдардың аяғында дала өртеніп, онда да өрт қалаға жақын келген екен. 1996, 1997 және 1998 жылдары Бесқарағайда, Сосновкада ірі өрттер болыпты.
Арада ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, бұл апаттан тиісті қорытынды шығарылмаған, ештеңе өзгермеген. Экологтердің мәліметтеріне сенсек, өртеніп кеткен 15 мың гектар алқапқа әлі күнге ағаштар қайта егілмеген. Өрттен қорғау қызметінде де «баяғы жартас – сол жартас». Орман шаруашылықтарында техника соңғы рет 2007 жылы жаңаланыпты. Көптеген қызметші, жұмысшының жалақысы төмен, орман және дала өрттерін сөндіру бойынша қажетті дайындықтары жоқ. Өрт сөндіру құрал-жабдықтары жетіспейді, жанар-жағармай тапшы. Мұндай жағдайда олардан қандай жоғары кәсіптік деңгейді талап етуге болады?
Өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесі дегенде, ең алдымен, осы мән-жайларды айтуымыз керек. Өркениет көшінде аты озған елдердің бәрінде бұл аталған мәселелер күн тәртібінде мүлде жоқ. Материалдық-техникалық база сақадай сай, үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Қызметшілердің жағдайы жақсы, әлеуметтік ынталандыру шаралары дұрыс жолға қойылған. Кәсіптік деңгейін көтеру жөніндегі курстар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Тағы бір басты артықшылық – барлық дамыған ел орман және дала өрттерін бақылау, алдын алу жұмыстарында заманауи технология жетістіктерін ілкімді, ұтымды қолданады. Айталық, жоғарыдағы өрттен қатты зардап шегіп отырған «Үйеңкі жапырақты» ел спутниктің көмегін пайдаланады. Елдегі SensaioTech’s атты егінді бақылау және өрт қаупін бағалау технологиялық компаниясы бұл мәселемен түбегейлі шұғылдануда. SensaioTech’s жұмысы ормандар мен фермаларда орналастырылатын жасанды интеллектпен жабдықталған сенсорларға негізделген. Сенсорлар 14 түрлі табиғат құбылыстарын, оның ішінде: топырақ температурасын, ылғалдылық, тұздылық деңгейлерін, зиянкестер мен аурулардың ошақтарын жіті бақылап отырады. Бұл әдіс орман өртінің таралуын болжау және алдын алу үшін жиі пайдаланылады.
Ғалымдар бүгінде өрттің басқа факторларын бақылай алатын 971 спутник бар екенін айтады. Оның саны 2014 жылмен салыстырғанда көбейген, ол кезде 192 болған.
Spire Global және OroraTech компаниялары ғарыштан спутник арқылы дала өрттерін бақылау үшін Канаданың ғарыш агенттігімен келісімге келген. Келісімшарт агенттіктің жоспарланған WildFireSat миссиясына алғашқы қадам болып саналатын орман өртін бақылау спутнигіне дайындық жұмыстарын қамтиды. WildFireSat мақсаты – Канададағы барлық орман өртін күнделікті ғарыштан бақылау. Агенттіктің мәлімдеуінше, болашақ WildFireSat жүйесі дала өртінен бөлінетін энергияны өлшеуге арналған инфрақызыл сенсорлармен жабдықталған спутниктерден тұрады, бұл өрттің қарқындылығы мен таралу жылдамдығы сияқты орман өрттерінің сипаттамаларын түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ орман өрттерінен көмірқышқыл газының шығарындылары туралы нақтырақ мәлімет алуға болады.
Өрт сөндіру қызметінде «Жасанды интеллектің» көмегін пайдаланып жатқан елдер де бар. Мәселен, Македония осы әдісті қолданады екен. Олар Афины ұлттық обсерваториясы (NOA) әзірлеген тәжірибеге сүйеніп отыр.
Эстониялық Milrem Robotics компаниясы камералармен, сенсорлармен және су шашатын түтіктермен жабдықталған шынжыр табанды Hydra өрт сөндіру роботын жасап шығарыпты.
2020 жылдан бері Түркияда өрт шығу ықтималдығы жоғары аудандардағы ормандарды қорғау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар кеңінен қолданыла бастады. Дрондар жылу камераларының көмегімен ыстық нүктелерді тез анықтауға, қауіп деңгейін бағалауға және өрттен құтқару қызметіне аумақ координаттарын беруге мүмкіндік береді. Ұшқышсыз ұшақтар тәулік бойы жұмыс істейді.
Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелері біздің елімізде де қолға алынып жатыр. Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйе арқылы былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайыпты. Мұндай тәжірибе басқа да табиғи парктер мен қорықтарда қарастырылуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, аталған анықтау жүйесі «Бурабаймен» қоса «Семей орманы» резерватының 10 филиалының біреуінде ғана бар екен.
Жалпы, дамыған елдердің басым көпшілігі өрт сөндіру қызметінде алдымен озық технология жетістіктеріне жүгінеді. Сол арқылы тілсіз жаудың алдын алу, орын алған жағдайда жылдам ауыздықтау, зардаптарын қалпына келтіру шаралары өте оңтайлы, ұтымды жүргізіледі. Мобильді топтардың шапшаңдығы соншалық, өрт дабылы түскен соң, апат аумағына 10-15 минутта жетіп үлгереді. Негізгі ереже бойынша оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ең алдымен адамдарды құтқарып, содан кейін ғана өрт сөндіру жұмысын бастауы керек.
Әлемнің неғұрлым дамыған елдеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерделеу барысында байқағанымыз, ғылыми зерттеулер көрсеткендей, өрт басталғаннан 5-6 минуттан кейін адам өлімі орын алады екен. Егер Қазақстанда адам өлімі әрбір 36 өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есе аз – 360 өртте 1 адам өлімі, Ұлыбританияда – 14 есе, Францияда – 27 есе аз.
Тағы бір айта кететін жайт, әлемнің бірде-бір елінде мемлекеттік өртке қарсы қорғаныс барлық елді мекенді қамтымайды. Сондықтан еріктілерге баса назар аударылады. Өрттің алдын алу, сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, сонымен қатар қарапайым, қамқор азаматтар да тартылады. Өртті сөндіруге еріктілерді тарту мемлекетке де тиімді, экономикалық тұрғыдан негізделген және мақсатқа сай. Еуропаның, Американың көптеген елінде, сондай-ақ Азияның бірқатар елінде еріктілік қағидалары бойынша жұмыс істейтін өрт сөндірушілер бар. Әр елде мемлекет пен өрт сөндірушілер арасындағы қарым-қатынас әртүрлі. Олардың ұйымдық құрылымы, басқару жүйесі, қызметкерлерді ынталандыру формалары аймақтық және ұлттық факторлармен және дәстүрлермен анықталады.
Дүниежүзі елдерінің өрттен қорғау қызметін талдау көрсеткендей, өртке қарсы ерікті қорғаныс саны да біркелкі емес. Көптеген елде ерікті өрт сөндірушілер саны кәсіби өрт сөндірушілер санынан (Германия) бірнеше есе көп. Кейбір елдерде (мысалы, Жапония, Сингапур) өрт сөндіру бөлімі толығымен дерлік еріктілерден тұрады.
Әлем елдерінің ерікті өрттен қорғау қызметі шешетін міндеттер де әрқилы. Франция, Хорватияда ерікті құрылымдар өте кең ауқымды жағдайларда пайдаланылады. АҚШ-та ерікті өрт сөндіру бөлімі өртті сөндіруге және қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді.
Шетелдерде ерікті өрт сөндірушілерді кәсіби даярлауға да үлкен мән беріледі. Германияда кәсіпқойлар мен волонтерлерге қойылатын біліктілік талаптарында айырмашылық жоқ. Олардың барлығы өрт сөндіру мектептерінде бірдей дайындықтан өтеді. Францияда еріктілердің дайындық деңгейі – кәсіби өрт сөндірушілердікімен деңгейлес. Еріктіні де, кәсіби өрт сөндірушілерді де оқыту үшін 400 сағаттық оқу бағдарламасы енгізілген, Мұнда алдымен медициналық, спорттық және арнайы тестілеу жүргізіледі. Бұл оларды сапалы таңдауға мүмкіндік береді. Италияда волонтерлердің техникалық жабдықталуы мен дайындық деңгейі кәсіби өрт сөндірушілердікінен соншалықты ерекшеленбейді. Хорватиядағы еріктілерге жоғары физикалық және психологиялық талаптар қойылады. Онда олар жергілікті жерде арнайы мектептерде оқытылып, екі жыл сайын аттестациядан өтеді. Біздің елімізде де еріктілер қозғалысы қатты қолға алынып, қауырт дамып келе жатқаны белгілі.
Сайып келгенде, өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесінен алар үлгі жетіп артылады. Ең бастысы – өрттен қорғау қызметін барынша озық технологиялармен, ақпараттандыру көздерімен жасақтау, сала кадрларының білім-білігі, қабілет-қарымын кәсіптік деңгейге көтеру қажет.
Семей өрті найзағай жарқылынан тұтанды. Дегенмен орман, дала өрттерінің 90%-ға жуығы адамдардың жауапсыздығынан болады. Өрт қауіпсіздігін бұзу – от жағу, қоқыстарды өртеу, шөп-шаламға от қою салдарынан, болмашы ұшқыннан шыққан өрт мыңдаған гектар жерлерді жалмап, соншама жерлерді, ғимарат, тұрғын жайларды күлге айналдырады, тұтас елді мекендерді орап, жергілікті тұрғындарға материалдық шығын келтіреді. Бұл зауалға қоғам болып қарсы тұрғаннан басқа амал жоқ.