Суретті түсірген Аяужан Утеулинова
Кезекті жұмыс сапарында аймақ басшысы алдымен Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентіндегі жаңадан берілген 40 пәтерлі үйдің маңайын көрді. Тұрғындардың айтуынша, көп қабатты үйде бәлендей проблема жоқ. Әйтпесе, кейінгі он жылда бой көтерген жаңа үйлердің сапасы сын көтермей жатқанын жақсы білеміз.
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша екі бөлмелі пәтер алдық. Екінші нарықтағы үйден алайық десек, бөлмелері тар, бағасы қымбат. Сондықтан бізге бағдарлама арқылы алу тиімді болды. Пәтердің жалпы құны – 14 млн теңге, – дейді жаңа үйге қол жеткізген Дана Байшуақова.
Бұдан кейін облыс басшысы Е.Көшербаев Мәдениет үйінде аудан халқымен кездесті. Кездесуге келген тұрғындар аудандағы проблемаларды тізіп берді. Мәселен, орталықтандырылған ауыз су жүйесі шешілгенімен, судың сапасы өте төмен екен. Тіпті су құбырлары шыдас бермей шіріп кететін көрінеді. Аудан тұрғыны Людмила Михеева көтерген бұл мәселені облыс әкімі дереу қолға алу керек екенін айтып, аудан басшылығына тапсырды. Тапсырма орындалса, ауыз су қалалық су жүйесіне қосылады. Айта кетсек, Қасым Қайсенов кенті қаланың іргесінде ғана. Демек ауыз су тарту жұмыстары дұрыс атқарылатын болса, айтарлықтай қиындық туғызбауға тиіс. Сонымен қатар кент өсіп келе жатқанымен, балалардың бос уақытын өткізетін орындардың аздығы да айтылды. Бар-жоғы үш-ақ футбол алаңы бар екен. Оның біреуі тозып тұрған көрінеді.
– Кенттегі халық саны – 7 мыңдай. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру керек. Ол үшін жаңадан бой көтеретін сауда үйлерінің ішіне ойын алаңдарын жасау қажет. Сондай-ақ мектеп спортзалдарын да балалардың игілігіне берейік. Тек, білікті жаттықтырушы жұмыс істесін, – деді азаматтардың сұрағына жауап қатқан Е.Көшербаев.
Байқаймыз, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым көпшілігі жеке бастың емес, ауданның әлеуметтік мәселелері айналасында қойылып жатқаны қуантты. Айта кетсек, мемлекет тарапынан ұлттық спортқа көп көңіл бөлінбей жатқаны сөз болды. Өтіп жатқан жарыстардың көбін халық өзі ұйымдастырып жатады екен. Бұл сауалға жауап берген облыс басшысы жалпы бұқаралық спортты дамытуды қолға алып, спорт басқармасына тапсырма беретінін жеткізді. Одан бөлек облыста өткір тұрған мәселелердің бірі – жерасты байлықтарын қазып, орнын қайта қалпына келтірмей жатқан компаниялардың салғырттығы.
– Жер байлығын алып жатқан компаниялар егер заң аясында жұмыс істесе, тоқтатуға болмайды. Ең бастысы, қадағалауымыз керек. Ауыл тұрғындары тарапынан да қадағалауды күшейткен жөн. Бірақ шулап мәселе шеше алмаймыз. Осы орайда айта кетейін, шошқа фермасын халық қолдамаса, инвесторға басқа жолды көрсеткеніміз жөн, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, халықтың қарша бораған сауалдары мен ұсыныстарынан кейін облыс әкімі аудан басшылығына кентті гүлдендіру жөнінде тапсырма берді. Айтуынша, қаңырап қалған ғимараттар халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Оны сүріп тастау қажет немесе үңірейген терезелерді жауып тастаған дұрыс.
Облыс әкімінің келесі бағыты Айыртау ауылының кіреберісіндегі құс фабрикасы еді. Мұндағы негізгі мәселе – құс азығы. Жемшөбінің біразын шетелден әкеліп отыр. Құс фабрикасының бас директоры Роман Романов жұмыс барысымен таныстыра келе, тауық етіне деген сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Әсіресе мұздатылған еттен гөрі суытылған етке сұраныс көп.
Ендігі бағыт Жаңа Қанай ауылындағы облыстық психиатриялық ауруханасы еді. Мұндағы проблема – ғимараттың тозығы жетіп тұрған. Рас, бір қабатты ғимараттың күрделі жөндеуге жарамайтыны көзге көрініп тұрды. Орын саны да жеткіліксіз көрінеді. Яғни емделуге орын таппаған психикалық ауытқушылығы бар азаматтар ел ішінде жүр деген сөз. Олардан төнетін қауіптің барын да несін жасырамыз? Ендеше, ғимарат мәселесі жедел шешілуге тиіс. Ол туралы аймақ әкімі сала басшыларына тапсырма берді.
Ұлан ауданын аралап жүрген облыс басшылығы жұмыс сапарын Украинка ауылындағы күрделі жөндеуден мәдениет үйі мен бекіре балығын өсіріп отырған «Ost fish» шаруашылығында қорытындылады. Мұндай айтылған бірқатар мәселе де жуық арада шешілетіні айтылды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы