Заң • 17 Тамыз, 2023

Конституциялық сот: Адам құқына араша

239 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздегі бұрынғы суперпрезиденттік басқару кезеңінде көптеген түйінді мәселенің шешілу-шешілмеуі бір-ақ адамға – Мемлекет басшысына байланысты болғаны мәлім. Ал нормативтік құқық­тық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарау Конституциялық кеңес­тің міндеті болғанымен, қарапайым азаматтардың оған жүгі­нуіне мүмкіндік берілген жоқ. Бұл кереғарлық өткен жылғы бүкіл­халықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа арқылы жойылып, адам құқықтарын қорғаумен нақты айналысатын Конституциялық сот құрылып, биыл іске кірісті

Конституциялық сот:  Адам құқына араша

Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құру­дың қажеттілігі туралы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.

Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын», деген еді. Мемлекет басшысының осы па­йымы оның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасымен өзектес екенін арада өткен уақыт айғақтап отыр.

Шынтуайтында, бұрынғы Конс­титуциялық кеңеске қара­пайым азаматтар түгіл, Парла­менттің жекелеген депутаттары да тікелей жүгіне алмайтын. Олар қолданыстағы заңнамада Ата заңға қайшы келетін кемші­ліктер ұшырасатындығын ашық айтып келгенімен, ондай сынға орталық атқарушы органдар басшыларының құлақ асқаны шамалы. Мысалы, бесін­ші және алтыншы шақы­ры­лымдағы Парламент депутаттары еліміздің ішкі істер органдары Қытайдан көшіп келген этностық қазақтардан Қазақстан аза­маттығын алу үшін аспа­нас­ты елінен соттылығы тура­лы анықтама әкеліп тапсыру­ды талап ететіндігін талай рет сынап, Үкіметке тиісті ұсы­ныс жасағанымен, одан еш нә­тиже шықпаған. Бұл мәселе тек тұңғыш Президент Дүниежүзі қазақ­тарының бесінші құрылтайында Қытайдан келген қандастар өті­нішін орындау жөнінде Үкі­мет­ке тапсырма бергеннен кейін ғана оң шешімін тапты. Сондай-ақ 2014 жылы біздің елдің Үкіметі өз бастамасымен Моңғолиямен арадағы еңбек қатынастары жөніндегі екіжақты шарттың күшін жойғаннан кейін сол елден атажұртқа оралған егде жастағы қандастар зейнет демалысына шығарда күтпеген қиындыққа тап болған еді. Нақты айтқанда, олардың Моңғолияда жоғары оқу орнында оқыған, әскери қызмет атқарған және жұмыс істеген жылдары еңбек өтіліне енгізілмей, мүлдем зей­нет­ақысыз қалып, мардымсыз жәрдемақымен күнелтулеріне тура келді. Осындай әділетсіздікті де Парламент депутаттары түзете алмай, оған Мемлекет басшысы тікелей араласқан соң ғана сең орнынан қозғалды. Соның өзінде де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Моңғолия­дан көшіп келген ағайындардың еңбек өтіліне аталған елде жұмыс істеген жылдарын ғана енгізіп, жоғары оқу орнында оқыған және әскери қызмет атқарған уақытын енгізбей тастады. Соның салдарынан олардың зейнетақысы едәуір кемітіліп есептелетін болды. Ал 2014 жылға дейін Моңғолиядан келген қандастар өзге Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда зейнетақы алып келгенін ескерсек, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұстанымымен келісу қиын. Енді мұндай бұра тартушылықтар туралы кез келген азамат Конс­ти­туциялық сотқа тікелей ша­ғым­дана алады.

Қазір отандастарымыз өз­деріне конституциялық реформа арқылы берілген қосымша құқықты пайдалануға құлшына кірісіп жатыр. Биылғы жыл басынан бері Конституциялық сотқа азаматтардан 3,5 мыңнан аса өтініш келіп түскені – соның айғағы. Осыған орай 30-дан аса құқықтық норманың Негізгі заңға сәйкестігі қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп танылған. «Қазақ­стан Респуб­ликасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңның 63-бабының 3-тармағына сәйкес конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Ата заңда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және Конституциялық сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бас­тап қолданылмайды. Мұның өзі қабылдаған шешімдері орын­дауға міндетті емес, ұсыным­дық сипатта ғана болған Конс­титуциялық кеңеске қарағанда, Конституциялық соттың әлде­қайда пәрменді әрі халыққа жақын мемлекеттік органға айналып отырғанын айғақтайды.

Мысалы, Конституциялық сот биылғы ақпан айында Ер­жан Досмағамбетовтің Салық кодексінің 610-бабы 1-тар­мағы­ның 1-тармақшасын және 2-тар­мағының Конститу­цияға сәй­кестігін тексеру туралы өтінішін қараған. Себебі Атырау қалалық сотының 2018 жылғы 28 ақпандағы шешімімен одан мемлекет кірісіне 129 639 381 теңге сомасында залал, 3 889 182 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріліп алынған. Оның материалдық қиын жағдайы мұнша соманы төлеуге мүмкіндік бермеген. Сондықтан ол қажетті қаражаттың болмауы өзін сот арқылы қорғалу құқығынан айы­рып отырғанын айта келіп, табысы аз азаматтардың рес­пуб­­лика соттарында өз­дері­нің конституциялық құқықтарын іске асыруға мүм­кіндігі болу­ға тиіс деген пікір білдірген. Конс­титуциялық сот Е.Досмағам­бетовтің өтіні­шінде көтерілген мәселені жан-жақты қарай келе, 2023 жылғы 22 ақпандағы №3 нормативтік қаулысымен Салық кодексі 610-бабы 2-тармағының ережелері әркім­нің өз құқық­тары мен бос­тандықтарын сот арқылы қорғауы жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және оны шектеуге алып келетін «осын­дай даулар бойынша әкім­шілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде» деген сөздер бөлігінде Конституцияның 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп таныды. Қолданыстағы заңнамадан мүліктік қиын жағдайда қал­­ған азаматтардың сот төрелігі­не қол­жетімділігін қамтамасыз ететін құралдар (мемлекеттік баж мөлшерін азайту, оны төлеуден босату, төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу және басқалар) алып тасталғаннан кейін туындаған олқылық әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқықты толық іске асыруға кедергі келтіреді деп есептеп, Үкі­метті үш айдан кешіктірмей Пар­ламент Мәжілісіне соттардағы мем­лекеттік баж төлеу мәсе­лелерін құқықтық реттеуді жетіл­діруге бағытталған заң жобасын енгізуге міндеттеді.

Сондай-ақ Конституциялық сот биылғы маусымда Н. деген азаматтың өтініші бойынша Жо­ғар­ғы соттың «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» 2016 жылғы 31 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 3-тармағы бесінші абзацының конституциялылығын тексеріп, оны Негізгі заңға сәйкес келмейді деп таныды. Сөйтіп, оңайлатылған тәртіппен бала асырап алу туралы сотқа арыз берген кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қоры­тындысы болу міндеттілігі туралы қосымша императивтік талап конституциялық емес екендігі атап көрсетілді. Себебі соттар үшін мұндай қорытындының болмауы азаматтың арызын қараусыз қалдыруға негіз болып келді. Осы рәсім мемлекеттік органдар мен соттардың бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету мін­детіне сәйкес келмейді. Бұл – Қаза­қстан ратификациялаған Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бала құқық­тары туралы конвенциясының талабы.

Қазір Конституциялық сот тағы бір көкейкесті мәселені – Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтар көптен бері көтеріп келе жатқан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар­ды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабының консти­туция­лылығын тексеру үстінде.

Бір айта кететін жайт – биылғы 20 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Конс­титуциялық соттың «Қазақ­стан Республикасындағы консти­туциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауында атап өтілгеніндей, осы мемлекеттік органға келіп түскен өтініштердің 41 пайызы сот шешімдерімен келіспеуге қатысты болып шық­қан. Алайда мұндай өтініштерді қарау Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды. Арыз­данушылардың 26 пайызы ғана заңдар мен басқа да норматив­тік құқықтық актілердің консти­ту­циялылығын тексеруді сұраған.

Түйіндей айтсақ, Конс­ти­ту­ция­лық сот қазірдің өзінде Ата заңда айқындалған адам құқық­тарына арашашы болып отыр деуге толық негіз бар.