Азаматтардың заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру тәртібі Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 266 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес жүргізіледі. Құжат негізінде құқық бұзушылық әрекеті жоқ азамат заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсырса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
– Қаруды сатып алу бойынша жыл сайын өткізілетін акция Ішкі істер министрлігінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан жалғыз іс-шара емес екенін атап өткен жөн. Мәселен, тұрақты негізде «Қару», «Құқықтық тәртіп» және тағы да басқа өңірлік және республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. Олардың аясында заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілер алынады. Осындай іс-шаралар нәтижесінде 1,3 мыңнан аса атыс қаруы тәркіленді, – деді ол.
Жалпы, 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келе жатқан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы барысында соммасы 1,9 млрд теңге болатын 56 мыңнан аса атыс қаруы және 2 млн аса ойық қарудың оқ-дәрілері ерікті түрде тапсырылған. Әрі жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес, өз еркімен өткізгендерге қарудың түрлеріне байланысты өтемақы төленеді.
– Қаруды өтемақыға тапсырғаны үшін төленетін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр қару үшін 34 мыңнан 345 мыңға дейінгі аралықта болады. Сыйақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді. Криминалист маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш зат ретінде танылмаған, ІІМ базасында «Тіркелген қару» және «Криминалдық қару» есебінде тұрған қару-жарақтарға, қолдан жасалған, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын оқ-дәрілерге сыйақы төленбейді. 2023 жылы халықтан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы 10 сәуірде басталды. Акцияны өткізуге республикалық бюджеттен 88 млн теңгеден аса қаражат бөлінді. Бүгінде полицияға ерікті түрде жалпы соммасы 84 млн болатын 1 181 қару, 18 мыңнан аса оқ-дәрі тапсырылды. Талдау көрсеткендей, қарудың ең көп тапсырылғаны Түркістан облысында – 187, Жамбыл облысында – 134, Қызылорда облысында – 94, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында – 60-тан аса, – деді Асылбек Ыдырысов.
Жалпы, полиция департаменттері алдын ала ұсынған мәліметтерге сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында бөлінген қаражаттың игерілуіне байланысты акция тоқтатылған.