Шаһар тұрғындар үшін жайлы болуға тиіс. Ол үшін қоғамдық нысандардың мейлінше көп болғаны дұрыс. Тұрғындардың бұл пікірімен «Amanat» фракциясының мүшелері Павел Казанцев пен Марат Бәшімов те келіседі. Әрі қаладағы саябақтар, алаңдар, басқа да нысандар партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына кірістірілген.
– Қоғамдық орындар – қазіргі заманауи қалаларды дамытудың өзегі. Қала тұрғындары демалатын және серуендейтін орындар, жаяу жүргіншілер жолағы, алаңдар, көшелер, скверлер, бульварлар халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Олар БҰҰ индикаторында бірінші орында тұр. Сондықтан қоғамдық орындар мен аулаларды дамыту мәселесі партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Тиісінше, бұл жұмыс депутаттар бақылауында болады. Осындай жабдықталған орындарды елорданың өзге де аудандарынан, тіпті еліміздің барлық қаласынан көргіміз келеді. Президент қаланы көркейту барысында орын алатын олқылықтарды сынға алды. Себебі тұрғын үй тұрғызылғанымен, оған жақын маңда мектеп, балабақша, аурухана, тіпті демалуға арналған аула салынбайды. Күні кеше ғана Байқоңыр кеш дамып келе жатқан аудандардың бірі еді. Бүгінде аудан гүлденіп, ата-аналар балаларымен бірге серуендей алатын керемет алаңдар пайда болды. Дамыған әлеуметтік инфрақұрылымсыз баянды болашақ болмайды, – деді Марат Бәшімов.
Депутаттар 13-тен астам шағын архитектуралық нысан орналасқан «Журналистер аллеясын» бақылады. Астананың 25 жылдығы қарсаңында ашылған алаңда шағын сәулет формалары, жарық бағаналары, орындықтар қойылып, демалыс аймақтары құрылған. Бұған қоса 230-дан астам жасыл желек отырғызылыпты.
– Тез көркейіп келе жатқан қалада, әдетте, демалыс инфрақұрылымы сәл кешеуілдеп дамиды. Дәл қазір біз «Журналистер аллеясында» тұрып, бұл жердің қалай өзгергеніне куә болып отырмыз. Оның үстіне, мұнда жастар тұратын бірнеше тұрғын үй кешені бой көтерді. Былтыр Байқоңыр ауданында небәрі 2 қоғамдық орын болса, биыл оның саны 9-ға жеткізілмек. Сондай-ақ құрылыс барысында қандай материалдар пайдаланылатынына назар аудару қажет, – деді Павел Казанцев.
Сондай-ақ фракция мүшелері Кенесары көшесіндегі «7 Континент» тұрғын үй кешенінің ауласын да тексерді. Мұнда тұрғындар үшін екі спорт алаңы, әткеншектері бар демалыс аймағы, балалар ойын алаңдары мен арнайы жүгіру жолы орнатылған. Жалпы, халық игілігі үшін Байқоңыр ауданында тағы 23 қоғамдық орынды пайдалануға беру жоспарда бар.
«Amanat» партиясының Астана қалалық сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 120 спорт алаңын орнатып, 796 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл 750 мың тұрғынға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 2,4 мыңнан астам контейнер қойылып, 175 контейнер алаңы жабдықталады. Ал «Теміржол», «Көктал», «Өндіріс», «Оңтүстік-Шығыс» және өзге де тұрғын жайларда аула аумағы абаттандырылмақшы.