Бұл жәдігер 2012 жылы археолог Яна Лұқпанованың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде жарыққа шықты. Отандық археологияда «Тақсай оба кешені» деген атқа ие. «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4», «Тақсай-5» қорғандарына қазба жұмысын жүргізу кездейсоқтық емес. Өйткені бұл өңірден 1965 жылы жер жырту барысында әртүрлі жәдігер табылған. Сөйтіп, арада 37 жыл өткен соң Тақсай кешеніне қазба жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде, керемет қазыналар табылды. Бұл артефактілер б.з.д. V ғасыр үлесіне жатқызылып, табылған бұйымдар ата-бабаларымыз сарматтардан қалған дүние екені дәлелденді. Осылардың ішінде, кешеннің шығыс жақ шетінде орналасқан – диаметрі 41, биіктігі бір метр болатын №6 обадан әйелдің мүрдесі қазылып алынуы жаңа тарих бетін ашты. Бұл мүрде – аса қымбат әшекейлі киім киген, шошақ төбелі сәукелесінің ұшына тау ешкі бейнесі орнатылған.
Мойнында тұтаса құйылған қос салпыншақты гривна, үстіндегі киімінің кеуде тұсына: шаршы һәм сопақша пішінді барақ ит пен қойдың басы бәдізделген алтын әшекейлер және дөңгелек формалы алтын моншақтар қапсырылса, жеңіне қасқырдың азу тістері қапсырылған алтын құймалы салпыншақ тағылған. Білегінде мысықтектес мүйізді жыртқыштың бұзаумен айқасы суреттелген білезігі бар. Сол қолында толқын өрнекті көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолына қоладан құйылған алтын сапты айна ұстаған...
Сонымен қатар қабірдің бір шетінен – саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ салынған қобдиша табылса, үңгірдің орта тұсынан – түйе басты қола қазан, тана көзді шыны-аяқ, үңгірдің батыс бұрышынан – ат әбзелдері қазылып алынған.
Тақсай қорған кешенінен табылған әйел мүрдесін қалпына келтіру ісімен ар-хеолог Яна Аманкелдіқызы айналысса, оның фотобейнесін суретші Л.Тұрғынбаева жасап шыққан. Сондай-ақ кешеннен табылған жәдігерлерге Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябі, Пущино, Новосібір қалаларынан келген мамандар зерттеу жүргізіпті.