Зерде • 21 Тамыз, 2023

Халық қазынасына айналған асыл мұра

459 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы ел көлемінде аталып жатыр. «Елім-айдың» 300 жылдығы алдымен түбі бір түркінің бесігі Түркістан қаласында басталып, дастанға ескерткіш орнатылды. Ал 17-18 тамызда Қожаберген жырау тойы туған жерінде жалғасты.

Халық қазынасына айналған асыл мұра

Облыс орталығындағы «Оқушылар сарайында» өткен «Ақтабан шұбы­рын­ды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына 300 жыл» атты ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Ол ХVІІІ ғасыр қазақ халқының жер бетінен құрып кете жаздаған сұра­пыл кезең болғанын еске сала келіп, сол заманның шындығы, жоңғар шапқын­шылығын географиялық аумағы, жер-су атаулары – бәрі-бәрі «Елім-ай» дастанында суреттелгенін жеткізді. Сон­дай-ақ бұл дастан, белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтқан­дай, «әз-Тәукеден кейінгі қазақ хандары арасында болған текетірес, бақталас, берекесіздіктің бет-пердесі көрсетіліп, «ақтабан шұбырынды» қалай болып, халық неге тозғанын ашады». Сөзі­нің қорытындысында әкім «Елім-ай» дастанының ұмы­тыл­майтынын, қай кездегі, қай замандағы билік буындарына, елдің сөзін ұстайтын адамдарына, зиялы қауымға сабақ бола беретінін айтты. Сонымен бірге әкім алыстан ат терлетіп келген қонақтарға, жалпы жиылған қауымға, жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бастырып, елге кеңінен таратып жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.

сми

Қазақстан Жазушылар одағы төраға­сының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман құттықтау сөзін төраға Мереке Құл­кеновтің атынан айтып, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны ерекше екеніне тоқталды.

Ұлы Абай қоғамның жақсысы тек жалғыздар (единица) екенін айта келіп:

«Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?

Берекеңді қашырма,

Ел тыныш болса, жақсы сол.

Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным, кел!»

дейтін еді ғой «Сәулең болса кеудеңде» дейтін өлеңінде. Бүкіл ел қамын, жер тұтастығын ойлап, ұлы тұлғалар есімін жаңғыртып жүретін жанның бірі – Бекет Тұрғараев екеніне ешкім дау айта алмас.

«Жеті жарғы және Қожаберген жы­рау» халықаралық қоғамдық қайырым­дылық қорының төрағасы Бекет Тұр­ға­раев: «Біз бүгін осыдан үш ға­сыр бұрын өткен оқиғаны еске алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, «Кеу­­деңде шыбын жаның болса егер, Жо­ғалтпа жер бетінен қазақ атын» деген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жы­рының мәнін түсініп, бас қосып отырмыз. «Елім-ай» жыры Тәуелсіздіктің жемісі, соның арқасында жарыққа шығып, халыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы толқын ағаларымыз кешегі кеңестік кезеңде, мұндай шың­ғырып тұрып шындықты айтқан шы­­ғарманы дәріптеуге мұршалары бол­ма­ды. Өйткені кеңестік идеология орыс пиғылының әшкереленуіне жол бермеді», деді.

чсм

Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытаудағы құрыл­тайда айтқан: «Бір кездері ұмытылып кет­кен ұлт перзенттерінің есімін қай­та жаң­ғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқын­­даған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген сөздерін еске салды.

Одан әрі 300 жылдық тарихы бар «Елім-айды» мәңгілік есте қалдыру үшін қасиетті Қаратаудың беласуына дастан­ға арналып тұғыртас орнатылғаны, онда ел тағдырының қасіретті кезеңі­нен, мәңгілік өшпес ерліктің иесі ха­лық екенінен болашаққа хабардар ететін мағлұматтар таңбаланғаны айтылды. «Болашақ ұрпақтың ой санасына жет­кізіп, тасқа жазылған тарихтан көз жаз­бас үшін, дастанды мектеп оқу­лық­та­рына енгізу жөнінде Оқу-ағарту ми­нистрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсыныс енгізілді», деп қорытты Б.Тұрғараев.

«Қаһармандар» қорының төраға­сы, «Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын жаппай ақтау жөніндегі» Мемлекеттік комиссияның құрылуына ұйытқы болған Сабыр Қасымов: «Қожаберген жырау­дың бойында барша халқымызды өзіне тар­татын күш бар. Ол – отансүйгіштік идеясы, қазақтың бостандыққа ұмтыл­ған ұлы арманы», дей келе: 300 жыл бұрын жазылған дастанда көрсетілген барлық жер-су атаулары, бабаларымыздың қа­ны төгіліп, сүйектері көмілген жерлер, олар­дың бастарына қойылған белгілер же­рімізге көз алартқан кеудемсоқтар­ға өңірдің нақ кімдікі екенін көзге шұ­қып көрсетіп беретін дәлелдер екеніне тоқталды.

С.Қасымов одан әрі осындай дастандарды тарихи мұра ретінде тұтынып, олар­дан бабаларымыздың ақыл-ойын, көз­қарас өрісінің кеңдігін, ел үшін жа­саған еңбектерін, ұрпақ қамын қалай ойлағандарын, билеушілері мен халқы­ның қатынастарын көріп, дереккөз ре­тін­де пайдаланудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар С.Қасымов Қызыл­жар және басқа өңірлерде өткен Қожа­бер­ген­ге арналған ғылыми-тәжірибелік ­кон­ференцияларда айтылған ұсыныстар­дың толық орындалмағанын сынады. ­Түрлі деңгейлі білім беру бағдарлама­ла­рында тым үстірт айтылатынын сөз етті. Со­н­дай-ақ Петропавл қаласының кіре­­берісіне орнатылған Қожаберген ­ес­керткішіне тәнті болғанын жеткі­зіп, «бұл ескерткіш жалғыз Қожаберген­ге емес, осыдан үш ғасыр бұрын біздің же­ріміз үшін, қазақтың бостандығы үшін кү­рескен қаһармандарымызға қойылған белгі деп білемін. Осы бағытта бұрын аттары көмескіленіп қалған басқа да баба­ларымыздың ерлігін жаңғырту қажет. Бұл жерде ешқандай жершілдік, қыз­ғаншақтық, рушылдық сияқты кер­тартпа түсініктер болмауы керек. Сон­да ғана біз халқымыздың бірлігіне, болаша­ғына, тұтастығына зиян келтіретін жаман әдеттерден арыламыз», деді ол.

Сөзінің соңында ол осы өлкеден шық­қан тағы бір алып тұлға – Смағұл Сә­дуа­қасұлының есімін ұлықтау бағы­тын­дағы жұмыстардың кемшілігін атап өтті. «Қазақты ХХ ғасырда қыр­ғынға ұшыратқан голощекиндік «Кіші Октябрь» жоспарына ашық қарсы шы­ғып, елін қорғаған және сол жолда 33 жасында өмірі қиылған арыстың есі­мін халық әлі күнге жетік білмейді. Әйте­уір Қызылжарда мектеп аты берілген екен, енді сол мектеп орналасқан, атауы­ идеологиялық тұрғыдан ескір­ген «Интернационал» көшесіне Смағұл­дың есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді», деді.

Астана мен Алматыдан ат терлетіп жет­кен ақын-жазушылар, тарихшы, әде­биетші, заңгер ғалымдар қатарында елі­мізге танымал Бексұлтан Нұржеке, Кәдір­бек Сегізбайұлы, Иран-Ғайып Оразбай, Серік Негимов, Аманжол Күзембайұлы, Құлбек Ергөбек, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Кәрібай Мұсыр­ман, жергілікті өлкетанушылар Ербақыт Амантай, Сәуле Мәлікова – бәрі де конференцияда ғылыми баяндамаларын оқып, ой-пікірін жеткізді.

«Елім-ай» дастаны – тарихи дерек» атты баяндама жасаған тарихшы, профессор Аманжол Күзембайұлы бүкіл әлем­дік тарихта жазбаша дерек жоқ бол­ған жағдайда ауызша деректер пайдаланылатынын атап өтіп, «сондай ауызша мағлұматтардың бірі және бірегейі Қожаберген жырау шығармалары. Өкі­нішке қарай, осы құнды деректер талдаудан, саралаудан, тексеруден өткізіліп, бүгінге дейін тарих ғылымының кәдесіне жарамай отыр», деді. Одан әрі жырау шығармаларының зерттелуіне тоқталған ғалым оны алғаш рет 1927 жылы Сәкен Сейфуллин, 1936 жылы Б.Майлин, І.Жан­сүгіров, Ғ.Мүсірепов бастаған арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция зерттегенін айтып, «өкінішке қарай, аласапыран заманда бұл материалдар із-түссіз жоғалған», деді.

Оның сөзіне қарағанда, Тәуелсіздік­тің елең-алаңында жазушы Нәбиден Әбутәлиев Қожаберген мұраларын жүйе­леп, жинап, бастыруға үлкен еңбек сіңір­ген. «Ал 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ғы­лыми-зерттеу тобы Қызылжар өңіріне ке­ліп, жыраудың басына зиярат етіп, көне­көз қариялардан мол мағлұмат алып қайтқан екен. Ш.Нұрғожаұлы, М.Тыр­қаев, Н.Сатин сынды ақсақалдар жыраудың Қаратай Биғожин Әде­би мұралар қорына тапсырған шығарма­ларынан басқа да жырларын айтып бер­ген. Одан бері Қызылжардағы «Асыл мұра» тобының іздеушілері Қожа­бер­­генге қатысты бірнеше кітаптың жа­рық көруіне мұрындық болды. 2000 жылы республикалық конференция өткі­зі­ліп, онда академик Манаш Қозы­баев және басқалар баяндама жасап, «Қожа­бергентану» орталығын ашу туралы ұсы­ныс енгізді. «Елім-ай» дас­танының кейінгі нұсқасын Мәдина Дастанова деген зерттеуші жариялады. Көлемі 9 бас­па табақ болған бұл нұсқаға жыраудың «Елім-айдан» басқа шығармалары да енгізілген», деді А.Күзембайұлы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетінің профессоры Серік Негимов «Елім-ай» дастаны – «Ақ­табан шұбырынды – Алқакөл сұлама» зама­нының көркем энциклопедия­сы» ат­ты баяндамасында Бұқар жыраудың «Қамалды бұзған құлшына» өлеңінің:

«Күрзімен жауды басқа ұрған,

Қалмақтың ханын састырған.

Жаралы дұшпан басшысын,

Ат тұяғына бастырған»,

деген жолдарын ұстазы Қожабергенге арнағанын сөз етті. Ғалым «Елім-ай» ұлы дала тарихында бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебізі екенін жеткізді. «Тарихи-этнографиялық, тіл­дік, палеосемантикалық қымбат құнды­лықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Туған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәрте), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңі­рім-ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынты­мақ-ай!» т.с.с. ұлы дала жұртының бой­тұмарындай киелі, жұлынды сөздері «Елім-ай!» дастанын оқығанда да кезде­седі. Осылайша, тарихи сабақтас­тық тайға таңба басқандай көрінеді. «Елім-ай!» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған», деді ғалым.

Серік Негимов «Елім-ай» дастаны­­ның ел арасына ауызша да, қолжазба күйін­де де тарағанын айтты. «Жазба­ша нұсқа­сын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбей­ұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978) наси­хаттаған», деді ол.

Конференцияда бұлардан басқа фи­ло­логия ғылымдарының докторы Құл­бек Ергөбек, журналист, қоғам қай­рат­кері Кәрібай Мұсырман, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, журалист Ербақыт Амантай, архив маманы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова баяндама жасады.

Ғылыми жиын қорытындысы бо­йынша қарар қабылданып, онда Петро­павлдағы әскери институтты Қожабер­ген жыраудың есімімен атау, мектеп оқу­лық­тарына Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығынан деректер, «Елім-ай» дастанынан үзінділер беру тапсырылды. Тапсырма бойынша Оқу-ағарту, Қорғаныс министрліктері есеп береді. Конференцияның мате­риалдары жеке кітап болып шыға­ды. 

Айта кететін жайт, конференция­дан бір күн бұрын алыстан келген меймандар мен жергілікті жұртшылық Қожабергеннің бейітіне зиярат етті. Қайтар жолда 1918 жылы Алашордаға әскер жинау үшін, 10 мыңнан астам адам қатысқан жиын болған Әлти қажы­ның Аққусақ қыс­тауындағы Алашорда арыстарының ескерт­кіштеріне мінәжат етті. Осы жерде рес­публикалық ардагергер кеңесінің бірінші орынбасары, тарихшы Өмірзақ Озғанбаевтың «Барлыбаев­тар ақиқаты» атты жинағының тұсау­кесе­ріне қатысты. Сонымен бірге той құрметіне тігілген киіз үйлерді, ат ойындары көріністерін тамашалады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы