Әсіресе, біз Исхар Құрбаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Парсы шығанағында 55 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан жерлесіміз бастапқы бәсекелерінде түркиялық Эмре Мутлун мен түрікменстандық Абдуали Рахимбаевтың аяғын көктен келтірді. Жартылай финалда қырғызстандық Нуристон Суйоркуловты сан соқтырса, ақтық сында әзербайжандық Фарид Садихлиден басым түсті. Сөйтіп, Исхар Құрбаев әлем чемпионы атанды. Оған дейін дәл осындай атаққа 2000 мен 2001 жылдары Әсет Иманбаев, 2003 жылы Нұрбақыт Теңізбаев, 2006 жылы Артур Үмбетқалиев және 2017 жылы Темірлан Шадукаев қол жеткізген еді.
Исхар Құрбаев жайында айтар болсақ, ол 18 жасқа дейінгі балуандар арасында Азияда екі рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, 2018 жылы жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қола медальді мойнында жарқыратты. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңіс тұғырына көтеріліп, халықаралық турнирлерде сан мәрте топ жарды.
И. Құрбаевтан бөлек, 63 кг салмақта сайысқа түскен Дінислам Сағитжан аталған жарысты қола медальмен қорытындылады.