Спорт • 22 Тамыз, 2023

Ел үміт күтетін спортшылар

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

23-27 тамыз аралығында Испанияның Валенсия қаласында көркем гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарыста келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарының 19 жолдамасы сарапқа салынады. Бақ сынау­шылар қатарында атақты Әлия Юсупова жетекшілік ететін Қазақстанның ұлттық құрама командасы да бар.

Ел үміт күтетін спортшылар

Пиреней түбегіндегі доданың жекелеген сайысында Елжана Тәниева мен Эрика Жайлауова сынға түседі. Елжананың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс.  Ол – еліміздің ең үздік гимнасшысы. 17 жастағы сымдай тартылған сымбатты қыз соңғы екі Азия чемпионатында 1 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль олжалады. Дүниежүзілік универсиадада – үш, Ислам ынтымақтастығы ойындарында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілді. Одан бөлек, Әлем кубогінің кезеңдік сайысында, Азия кубогі, «Gracia Fair Cup», «Aphrodite Cup», «Холон» және «София кубогі» секілді халықаралық турнирлерде жүлдегерлер санатына қосылды. Былтырғы әлем чемпионатын Тәниева сегізінші орынмен қорытындылады. Ал Эрика – жастар буы­ны арасынан әйелдер дуына енді ғана қосылған спортшы. Ол биыл Болгарияда жалауы желбіреген жарыста қола медальді мойнында жарқыратып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ел жанкүйерлері аталған екі гимнасшы қызға үміт артып отыр.

Топтық бәсекеде Аружан Қасенова, Айдана Шаяхметова, Баян Қойбағар, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман және Аяулым Қадыр сынды сұлулар Қазақ елі намысын қорғайды.

Көркем гимнастикадан соңғы әлем чемпионаты былтыр Болгарияның бас шаһары – Софияда өтті. Витош тауының етегінде жалауы желбіреген жарыста Италия құрамасы керемет өнер көрсетті. Апеннин түбегінен келген арулар 6 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Жекелеген сайыста София Раффаэллидің жалғыз өзі төрт рет алтыннан алқа тақты. Ол «құрсау», «доп», «таспа» және көпсайыста алдына жан салмады. Одан бөлек, аталған мемлекеттің өкілдері екі рет командалық сайыста топ жарды. София төрінде Болгарияның әнұраны екі рет (2 алтын+3 күміс+1 қола), Германияның гимні бір рет (1+3+1) шырқалды. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Израиль (0+2+0), Испания (0+0+3), Әзербайжан (0+0+1) және Словенияның (0+0+1) гимнасшылары болды.

Былтырғы әлемдік доданың көп­сайы­сында Елжана Тәниеваның сегізін­ші орын алғанын біз жоғарыда айттық. Сол жарыста 121.000 ұпай жинаған жерлесіміз тек София Раффаэлли (Италия, 133.250 ұпай), Дарья Варфоломеева (Гер­мания, 132.450), Стилиана Нико­лова (Болгария, 128.800), Вик­тория Оноприенко (Украина, 125.050),  Милена Бальдассари (Италия, 124.900), Ади Ася Кац (Израиль, 124.450) және Екатерина Веденеева (Словения, 123.150) сынды спортшылардан қалып қойды.