Медицина • 22 Тамыз, 2023

Жетісуда дәрігер жетіспейді

236 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір ел медицинасы қалт-құлт етіп тұр. Қалталылар шетел асып емделсе, қарапайым жұрт көр­ші елдерден шипа іздеп жүр. Өңір-өңірде білікті дәрігердің жетіс­­пейтіні – ащы шындық. Мәсе­лен, Жетісуда 365 дәрі­гердің шта­ты бос тұр, одан бөлек, 226 орта медицина қызметкері ауадай қажет. Талдықорғанның өзін­де 100-ге жуық маманның орны бос тұр.

Жетісуда дәрігер жетіспейді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жетісу облысы дербес болғалы, дә­рігер тапшылығы тіпті қатты байқа­ла бастады. Бүгінде өңір көлемінде 1 696 дәрігер, 6 740 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дегенмен ауыл-ауылдарда жыл сайын блокты-модульді медпунктер салынғанымен, онда отырғызатын маман тапшы. Ал халық шипа іздеп әлі қала кезумен жүр. Тұрғындардың айтуынша, облыста гос­тролог, гемотолог, вирусолог, инфексиолог, нейрохирург, эндокринолог, эпелептолог, невролог, гостроэнтеролог секілді мамандар тапшы, тіпті жоқ десек те болады. Сол мамандарға мұқтаж ата-аналар он жылдан бері облыс әкімдігіне, сала басшыларына ұсыныс айтқанымен, мәселе шешілмеген.

Бүгінде аталған мәселені шешу үшін облыс әкімдігі салаға нақты қа­жет 44 маманға тұрғын үй мен қатар үстемеақы төлеп өңірде ұстап отыр. Әйтсе де, бұл жәрдемнің жеткіліксіз екені даусыз. Қазір өңір басшысы Бейбіт Исабаев осы проблеманың алдын алу шараларын ұйымдастырып жатыр. «Мен басқарма басшылары мен орынбасарларыма тапсырма бердім. Әлеуметтік қолдаудың қосымша шарасы ретінде аса тапшы мамандықтағы дәрігерлерге 5 млн-ға дейін төлем берілу шарасын қарастырып жатырмыз», деді Бейбіт Өксікбайұлы халықпен кездесуде.

2023-2025 жылдары Жетісу облы­сының денсаулық сақтау ұйым­да­рын медициналық техникамен жа­рақ­тандыру үшін медициналық тех­ни­каны сатып алуға 12,1 млрд теңге кө­ле­мінде қаражат көзделген. Медици­налық ұйымдардың жабдықтар мен медициналық техникаға қажетін жабу үшін алдағы 5 жылға жарақтан­дыру бағдарламасын бекіту жоспарланып жатыр.

Бүгінде дәрігерлерді даярлаудың үздік сапасын қамтамасыз ету мақса­тында министрлік «Резиденттер ауылға және моноқалаларға» жобасын іске асырады. Жобаға 377 резидент қатысып, 241 клиникалық тәлімгерді тарта отырып, 156 клиникалық база жұмылдырыл­мақ. Бағдарлама болашақ дәрігерлер­дің ауылдық денсаулық сақтау саласын­дағы жұмысына бағытталған. Жетісу облысына сапарында салаға жауапты министр Ажар Ғиният өңірдегі медицина саласын ілгерлетуге күш салатынын айтқан еді.

«2022 жылы облыстың медицина­лық ұйымдарына 82 дәрігер келді, оның ішінде 31 маман ауылдық жерлерге тартылды. Оларды бекіту үшін ауылда сараланған еңбекақы төлеу және тұр­ғын үй беру түрінде қосымша әлеумет­тік қолдау шаралары қабылданды.100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін­де көтерме жәрдемақы, 1 500 айлық есептік көрсеткіште тұрғын үй салуға немесе сатып алуға бюджеттік кредит берілді. Биыл өңірдің қажеттігіне сәйкес 59 түлек алдын ала бөлінді, оның 52-сі клиникалық бейіндегі түлек болды», деді А.Ғиният.

Дәрігерге тапшылықтың алдын алу мақсатында биыл министрлік мем­ле­кеттік білім беру тапсырысының шең­берінде өңірдің қажеттілігіне сәйкес 64 грант бөлген. Түстеп өтсек, анестезиологтер-реаниматологтер – 6, инфекционистер – 1, терапевтер – 3, педиатрлар – 3, акушер-гинекологтер – 7, травматологтер – 7, отбасылық медицина – 2, хирургтер – 1. Бұған қоса жергілікті бюд­жет қаражатының есебінен 60 бе­йінді маманды даярлауға қаражат қа­растырылған.

Қазір 4 жылжымалы медицина­лық кешен жұмыс істейді. Биыл 66 мың ауыл тұрғыны қамтылған, жыл соңына дейін 120 мың тұрғынын қамту жоспарлануда. Сонымен қатар былтыр ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді. Облыс ауылдарының 7,5 мыңнан аса тұрғыны тексеріліп, 278 адам динамикалық бақылауға алынған. Көпшілігінен жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгіле­рі анықталған. Негізгі аурулардың диаг­ностикасын жақсарту үшін ауыл тұр­ғындарына скринингтер санын 11 түрге дейін ұлғайту жоспарланған.

«Мемлекет басшысы тапсыр­ма­ла­рының шеңберінде «Ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаның шеңберінде 655 медициналық-сани­тарлық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде Жетісу облысында 59 объектінің, оның ішінде 2023 жылы 25 объектінің, 2024 жылы 34 объектінің құрылысы қамтамасыз етіледі», деді министр.

Жалпы, Жетісуда медицинада донор­лық трансплантация, нейроинтер­вен­ция, жоғары технологиялық медицина­лық көмекті дамыту маңызды. Бүгін­де дәрігерлер облыста да бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрған тұрғындардың саны жыл санап көбейіп бара жатқанын айтады. Әрине, бұл жағдай – респуб­лика көлемінде де қызып тұрған түйт­кілдің бірі. Дегенмен трансплантация реципиент, донор арқылы өңірде де науқастардың санын азайтуға болады.

Мәселен, Жетісу облыстық ауруха­­насының директоры Анарбек Монгол­хан облыста нейроинтервенция емін дамытып, миына қан құйылған науқасқа уақытында жедел көмек көрсететін күшке ие болсақ дейді. Осындай жаман дертке шалдыққандардың саны өсіп келеді.

«Медицина саласы дамыған мем­лекеттермен тәжірибе алмасып, дәрі­герлердің білімін жетілдіру жұмыс­та­ры жүргізіліп жатыр. Бұл ретте облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Қазір бізге білікті мамандар ауадай қажет. Сондықтан оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулығына құйылған инвестиция болмақ әрі аурухана имиджін көтеруде басты рөл атқарады», дейді А.Монголхан.

Оның айтуынша, облыстағы денсау­лық саласындағы басты нысан күрде­лі жөндеуді қажет етеді. Нысанда бірне­ше жылдан бері толыққанды жөндеу жұмыстары болмаған. Кеңес өкіметі тұсында салынған ғимараттың тағаны мықты болғандықтан ғана іске жарап тұр. Бір қуаныштысы, бұл жайтпен облыс әкімдігі таныс. Мемлекет һәм жергілікті әкімдік тарапынан барын­ша қолдау көрсетілмек. Ескісін күрделі жөн­деуден өткізіп, аурухананың жо­ғары жағынан жаңа консультативті-диаг­ностикалық ғимарат салу жос­парланған. Бүгінде жаңа ғимараттар салу­дың жобалық-сметалық құжаты аяқ­талып қалған.

Бұл тұста тағы бір мәселенің шеті шығады, бұл – жалақыны жыры. Үлкен қаладағы тәжірибесі мол мамандар немесе шетелден үздік бітіріп келген жас дәрігерлер Талдықорғанға ке­луге құлықсыз. Оның бір себебі – айлық­тың аздығы болса, екіншісі – әлеу­мет­тік кедергілер. Осы ретте об­лыс­тық емха­наның материалдық-тех­никалық жағдайын заман талабына сай жасау маңызды. Бұл – сырттан ме­дицина қыз­меткерлерін тартуға жол аша­тын тағы бір амал. Бүгінде об­лыс­тық денсау­лық басқармасы маман­дардың білімін жетілдіріп, әл-ауқатын жақсартуға ба­рынша күш салып жатыр. Бірақ, өкі­нішке қарай, нақты ұсыныстар әлі жа­салған жоқ.

– Алдыңғы жылы 700 млн-ға – 4, был­тыр 110 млн-ға 5 күрделі медицина­лық құрылғы алынды. Биыл да бұл игілікті іс жалғасын табады. Біртіндеп заманауи аппараттармен толығып жатырмыз. Жаңа емхана салудың жоба­лық-сметалық құжатында санитар­лық эпидемиялық талаптарға сай дә­лізде бірнеше дәретхана болады. Сон­­дай-ақ бір палатада 2-3 адамнан ар­­тық жатпайды. Ең бастысы, тікұшақ қо­натын арнайы алаң да орналастырылады. Бұл өңірдегі басты нысан бол­ғандықтан, аталған жұмыстардың болуы маңызды, – дейді травматолог-ортопед А.Монголхан.

Облыс орталығында балалар ауруханасы, перинаталды орталық, кар­диология орталығы, онкология орта­лығы, Талдықорған қалалық көпса­ла­лы ауруханасы орналасқан. Бұның бәрі – облыстық мәртебесі бар мекемелер. Мәселен, санитарлық авиациямен жеткізілген науқастың жағдайы төмен болса, тікұшақпен облыстық ауруханаға әкеліп, реанимацияға кір­гізіп, көмек көрсетуге болады. Осы­лайша, сырқаттың жағдайы қалыпқа кел­ген соң мамандандырылған ауруха­наға жеткізуге ешқандай кедергі болмайды. Олай дейтін себебіміз, қалалық әуежайдан аурухана жету ұзақ уақытты алады, оған сырқат шыдамауы мүмкін. «Жедел жәрдем» жеткізем дегенше түрлі жағдай болуы ықтимал, сондықтан бұл істің шешімі тікұшақ қонатын алаң­мен сабақтасып жатқандай.

Қазір өңірде бюджеттің көлемі шек­­теулі. Сондықтан медицина саласы екінші орынға жылжыды. Аграрлы өңір әуелден белгілі, әуелгі күшті ауыл шаруашылығына салатыны анық. Де­генмен халықтың денсаулығы ма­ңыз­ды екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала тұрғындары, өңірде білікті маман­дардың жоқтың қасы екенін айтады. Олардың көбі денсаулығын қалыпқа келтіру үшін Алматы не Астана секілді алып шаһарларға баруға мәжбүр. Сол себепті осы салада маман тарту жұ­мыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген тілегін білдіреді.

Айта кетейік, Жетісуда 361 денсау­лық сақтау мекемесі бар. Онда 10 мың­ға тарта медицина мамандары қыз­мет етеді. Президентт Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жа­тыр. Алдағы 2 жылда аталған жоба шең­берінде облыс бюджетінен қаражаты есебінен 17 млрд теңге бөлінбек. Оған 116 медициналық нысан салынады деп жоспарланып отыр. Бұл кезегінде медициналық инфрақұрылымды ке­шен­ді түрде жақсартуға жол ашады.

 

Жетісу облысы