Аймақтар • 22 Тамыз, 2023

Ашық аспан астындағы әзіл

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдас­тыруымен «Жайдарман» командалары арасында «Жазғы кубок-2023» додасы өтті. Бұл жолы командалар Қайрат Рысқұлбеков атындағы орталық саябақта, ашық аспан астында өнер көрсетіп, астарлы әзілдерімен жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.

Ашық аспан астындағы әзіл

Өңірлік деңгейде ұйымдасты­рылған жайдарманшылар додасына жеті команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Командалардың өнеріне әзіл әлемінде өз орнын қалыптастырған мамандар төрелік етіп, лайықты бағасын берді.

Ашық аспан астында өткен іс-шарада өткір әзілдерімен дараланған «Престиж» командасы жеңімпаз атанса, «Әдіби жігіттер» командасына жүлделі екінші орын бұйырды. «Давмир» командасы үздік үштікті қорытындыласа, арулардан құралған «Ою» командасы «Көрермен көз­айымы» аталымына лайық деп танылды.

«Анығында «Жайдарман» тек әзіл айту ғана емес, жастарды мә­дениетке баулитын тамаша ойын екені рас. Алайда соңғы 3 жылда жастар қозғалысының жұмыс қар­қыны бәсеңдеп қалған болатын. Биылдан бастап облыс бойынша «Жайдарман» ойынына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 5 есе артып отыр.

Жүргізілген жұмыстардың нәтиже­сінде «Жуалы», «Медиум» командала­ры республикалық жоғары лига­ға, «Престиж» жайдарман тобы республи­калық ашық лигаға жолдама алса, 6 ко­­­ман­­да­мыз республикалық «Номад» лига­­сын­да бақ сынамақ. Қысқасы, атал­ған ойынға қызыққан жастарға жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп жатыр», дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері бас­қармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

 

ТАРАЗ