Құрылыс • 23 Тамыз, 2023

Үлестік құрылыстағы өзгерістер

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өңір халқын сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Содан да болса керек, өңірде үлестік құрылыс саласындағы қордаланған мәселелерді ретке келтіруге айрықша назар аударылып отыр. Жылжымайтын мүлікке сұраныс артқан сайын тұрғын үй сегментіндегі заңды айналып өтетін жосықсыз ұсыныстар көбейе түскені мәлім. Салалық басқарманың қызметкерлері осы мәселелермен күресуге баса ден қойды.

Үлестік құрылыстағы өзгерістер

«Қалалардағы жаппай үдеріске ден қойсақ, жұртшылықтың жайлы әрі қолайлы баспанаға көбірек қызығатынын аңғарамыз. Бұл, әрине, заңды құбылыс екеніне ешкімнің таласы жоқ. Өйткені кез келген азамат өзіне ыңғайлы шағын ауданнан пәтер алғысы келеді. Тұрғындар негізінен мектеп пен балабақшадан, емхана мен сауда үйінен және өзге маңызды нысаннан таяқ тастам жерге қоныстануды жөн көреді. Әдетте көппәтерлі тұрғын үй кешендері осындай ыңғайлы ортада менмұндалап тұратыны белгілі. Сол үшін де баспаналы болуды армандайтын әрбір азамат пәтер сатып алудың оңтайлы тетіктерін талдап-таразылауға асығатыны ақиқат. Бірі үй алу мақсатында жылдар бойы ерінбей қаражат жинаса, енді бірі несие ресімдеу үшін тәуекелге бел буады. Бүгінде баспана мәселесін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу тәсілі арқылы шешу ел тұрғындары арасында кеңінен тарап отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан да аталған мәселеге айрықша басымдық беріліп отырғаны түсінікті», дейді облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев.

Үлестік құрылыс мәселесі өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің назарынан тыс қалған емес. Ол саладағы осы бір мәселені ретке келтіру мақсатында ауқымды жұмысқа мән беріп, жауапты тұлғаларға бірқатар міндет жүктеген.

«Елімізде жылжымайтын мүлік нарығының өсуі және азаматтардың оған мұқтаждығының артқанын ескеретін болсақ, бұл кеңінен таралған тәжірибе екенін түйсіне түсінеміз. Үлескерлік құрылыстың бірқатар артықшылығы бар. Олардың бастысы қайталама тұрғын үймен салыстырғанда, бағасы әлдеқайда төмен саналады. Бұл, әлбетте, азаматтар үшін тиімді екеніне талас жоқ. Сонымен қатар белгілі бір тәуекелдер бар екенін де ұмытпаған ләзім. Мәселен, тікелей тұрғын үй құрылысының аяқталуын ұзақ күту немесе шартты ресімдеу кезінде құрылыс нысанын салушының (уәкілетті компанияның) алдауы немесе сапаның біз күткендей болмауы да осы санатқа кіреді. Сол үшін үлестік құрылыс арқылы сатып алу кезінде күтпеген жағдайлардан аулақ болудың маңызы зор екені рас. Ол үшін өңір тұрғындары қандай сақтық шараларын қолдану керектігіне ерекше ден қойғаны дұрыс деп есептеміз. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің 30 мамырдағы №97 қаулысымен 2016 жылғы 7 сәуірдегі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» №486-V заңының 6-бабына сәйкес, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының ережесіне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құзыреттер бойынша толықтырулар енгізілді. Енгізілген толықтырулар арқылы үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат беру, олардың ақшасын алуға берілген рұқсаттың есебін жүргізу, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр», дейді А.Қарабалаев.

Жауапты басқарма басшысы келтірген деректерге сенсек, заңнамаға сәйкес үлескерден қаржы тарту тек үш тәсілмен ғана жүзеге асырылады екен. Бұл үшін бірыңғай оператордың кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банк жобасына қатысу және көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы бой көтергеннен кейін ғана үлескер қаражатын пайдалануға мүмкіндік тумақ. Қысқасы, тұрғындардың қауіпсіздігі жауапты басқарма тарапынан да тиісті деңгейде қадағаланбақ.

«Көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тиісті бапта көзделмеген өзге де тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға қатаң тыйым салынады. Қолданыстағы заңның 23-бабына сәйкес, құрылыс нысанын салушы уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бірыңғай оператормен кепілдік беру туралы шарт жасалғаннан соң немесе жергілікті атқарушы орган үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат бергеннен кейін ғана жасалатынын көрсетуі керек. Тек сол арқылы ғана көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жобасының жарнамасын жүзеге асыруға құқылы. Жарнамада құрылыс нысанын салушы уәкілетті компания туралы ақпарат қамтылуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс нысанына жауапты компаниялар осы критерийлерге сәйкес жұмыс атқаруы шарт. Жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен құрылыс нысанын салу кезінде «үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін алмай, әлеуметтік сайттарда көппәтерлі тұрғын үйлерді сату бойынша жарнамалау жұмыстарын жүргізген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 320-бабына сәйкес, сот органының шешімімен айыппұл арқалайды. Жауапты тарап осы мәселеге де ерекше ден қойғаны жөн», дейді облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А.Дәулетқұлұлы.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі тараптардың өзара мәмілеге келуі арқылы жүзеге асырылатыны әлімсақтан белгілі. Сондықтан тұрғын үйдің сапалы салынуы барлық тараптан қадағаланғаны дұрыс. Сонда ғана жауапкершілік жүгі арта түсетіні даусыз. Бұл тұрғыдан алғанда қаржы құйған үлескер де өз құқығын білуге тиіс. Ол таңдау жасау кезінде барынша мұқият болып, шартқа айрықша ден қойғаны абзал.

«Қалай десек те тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуына байланысты құқықтық қатынастарын реттейтін құжат. Нақтырақ айтар болсақ, бұл шартта бірінші тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған­нан кейін екінші тарапқа көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беруге міндеттелетіні түсінікті. Сондай-ақ екінші тарап көппәтерлі тұрғын үйдегі үлестік соманы уақтылы төлеуі және қабылдау керек. Ал басқарма бұл мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Осы Заңның 12-бабында қарастырылғандай, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы, оған енгізілетін өзгерістер және толықтырулар, сондай-ақ талап ету құқығын басқаға беру туралы шарт тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, уәкілетті компанияның ұсынысы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке алуға жатады. Бұл, әлбетте, заңды құбылыс», дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылы­сына үлестік қатысу туралы шартты есепке алу уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқығын басқаға беру туралы құжатты есепке алуды жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын қаперде ұстаған ләзім. Қысқасы, осы мәселелер толықтай қамтылады.

А.Қарабалаев келтірген деректерге көз жүгіртсек, қолданыстағы заңның 18-бабына сәйкес үлескердің қаржысын мақсатты жұмысқа тарту мәселесі облыс­тың, республикалық маңызы бар қала­ның жергілікті атқарушы органының рұқ­саты негізінде ғана жүзеге асырылмақ. Қысқасы, жауапты компаниялардың жұмысы жергілікті билік тарапынан жан-жақты қадағаланбақ.

 

Жамбыл облысы