Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ішкі істер министрлігінің дерегіне үңілсек, балаларға қатысты жыл сайын 700-ге жуық жыныстық сипаттағы қылмыс жасалады екен. Өкінішке қарай, айуандыққа барғандардың 70 пайыздан астамы осы Ақан секілді бір шаңырақта ас ішіп, құдайы қонақ қылған жандар. Яғни ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, туған не өгей әкесі. Осы жылдың алғашқы төрт айындағы пробация қызметінің есебі бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеті үшін 352 адам сотталған. Бірақ бармақ басты, көз қысты әрекетпен заңнан құтылғандарды, күдіктіге қатысты арызды мәжбүрлі түрде қайтарып алу және тағы басқа жағдайлар да жиі кездеседі.
«Зорлық-зомбылық жасайтын ерлер жазадан оңай құтылатындықтан қылмысқа қорықпай барады. Бар мәселе елімізде балаларды зорлаған істерде кінәлілердің жазаланбай, құтылып кетуінде болып тұр. Егер осы заң жұмыс істесе, ол өгей әке болсын, көшедегі педофил болсын, жасаған әрекетінің соңын ойлап, мұндай ауыр қылмысқа бармас еді. Ал бізде зорлыққа ұшыраған жасөспірім қыз анасына айтады немесе өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсайды. Әйтеуір «зорланғаны» белгілі болады. Қыздың анасы шағымданып полицияға барса, олар прокуратурамен қосылып істі созбаққа салады. Осылай қылмыс жасаған ер адамдар жауапкершілікке тартылмайды. Қылмысты дәлелдеу үшін ең қажетті болған медициналық сараптама қағазын алудың өзі мұң. Іс сот-медициналық сараптамаға жеткенде, сарапшылар «зорлық жасалмаған» деп жалған қорытынды бере салады. Негізі, кінәні жүйені «шірітіп» жатқан құзырлы органдардан және еш қорықпай жалған «қорытынды» беріп отырған сарапшылардан көру керек», дейді заңгер Айгүл Орынбек.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында бала зорлаған азамат бостандықта әлі жүр. Себебі ер адам 2004 жылдан бастап ауруына байланысты психиатриялық ауруханада есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған. Соңғы рет 2021 жылдың желтоқсанынан бастап Ольшанка ауылында қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырылған. Қылмысқа жазасын өтеп жүріп барған. Сондықтан қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты.
«Сот-медициналық сараптама кешенді түрде жүргізіліп, Мальченко біраз уақыт бақылауда болды. Қоғамдық қауіпті әрекет жасаған оның сол кезде есінің дұрыс болмағаны анықталды», деді судья Ерлан Нұршәріпов.
Жақсы, экспертиза дұрыс делік. Сонда тағдыры қорланған баланың ғұмырына кім жауапты? Бұл уәкілетті органдардың жауапсыздығының айқын дәлелі емес пе? Бірақ олар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау үшін түрлі іс-шаралар қабылдап жатырмыз дегенді алға тартады. Мәселен, педофилия бойынша сотталғандар жазасын тек қауіпсіздігі барынша жоғары саналатын түрмелерде өтейді. Мерзімінен бұрын босатылмайды. Оған қоса, жазасын өтегеннен кейін де полицияның жіті бақылауында болады.
Жақында ғана БАҚ беттеріне екі оқиға туралы қайғылы ақпарат жарияланды. Бірі Павлодарда үйді тонап, 2008 жылы туған жасөспірімге зорлық-зомбылық көрсетіп, тапаншаға ұқсас затпен қорқытса, енді бірі Өскемендегі 15 жастағы қызды зорлаған. Демек біздегі кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық бойынша жұмыстар әлі де жүйеленбеген. Өзге мемлекеттерді бағдарласақ, педофилия үшін Қытайда, Таяу Шығыс елдері, Африка, Латын Америкасы, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясында өлім жазасы көзделген. Тіпті Африкада қылмыскерлерді тірідей өртеп жібереді. Бәлкім, бізге жазаның осы түрін заңға енгізу керек шығар?
«Өлім жазасы елдегі қылмыс деңгейіне түбегейлі әсер ете алмайды. Өлім жазасына қарағанда бас бостандығынан өмір бойы айыру әлдеқайда ауыр жаза деп есептеймін. Себебі қылмыскердің көкейінде бостандық туралы үміт қалмайды. Қалған өмірінің түрмеде аяқталатынын білетін болады. Қазіргі әлем қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза актісі ретінде өлім жазасын батыл қабылдамауды жалғастырып отыр. Еліміздің өлім жазасын жоюға біртіндеп келуі адам құқықтарын сақтау, мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде адам өмірін тану үшін түбегейлі мәнге ие. 2021 жылдың басында Қазақстан өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Бұл құжат 1989 жылдың желтоқсанында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясында қабылданған болатын. Өлім жазасын қабылдау керек деу –эмоциямен айтылатын сөз», деп пікір білдірді тақырыпқа орай Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің басшысы Сабыржан Сейітжанов.
Негізі, елімізде 2000 жылға дейін зорлықшыны бар болғаны 3-5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген еді. 15 жылдан 25 жылға дейінгі мерзім 10 жыл бұрын ғана бекітілген.Одан кейін Қылмыстық кодексте педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы бап қосылды. Ал 2018 жылы химиялық кастрация енгізілді. Заң Ресей мен Польшаға қарағанда қатаң секілді. Бірақ Польшада балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін азаматтарға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырудан бөлек, бірнеше жылдан бері Әділет министрлігінің сайтында педофилдердің ашық тізімі жарияланып тұрады. Тұрғындарының басым бөлігі бұл тәжірибені жеке деректерді қорғау қағидаттарын бұзды деп сынағанына қарамастан, адамгершіліктен жұрдай айуандардың аты-жөні, фотосуреттері, туған күндері мен тұрғылықты жерінің мекенжайлары толық жазылады екен. Ал көршілес Ресейде бірнеше рет қылмыс жасаған педофилдердің жәбірленушісі 14 жасқа дейінгі бала болған жағдайда, өмір бойына бас бостандығынан айырады.
Азуын айға білеген АҚШ-та химиялық кастрация әдісі 1996 жылдан бастап енгізілген. Бір қызығы, педофилді жазалаудың мұндай шарасына бірінші рет жүгінген Калифорния штатының заңдарына сәйкес 13 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түскені үшін екінші рет сотталған кез келген қылмыскерге жазасын өтеген соң, бұл медициналық шара міндеттеледі.
«Қоғам балаларды қорғауға тырысады, бірақ Америкада балаларды қорлау дендеп барады. Мұны тоқтату керек. Осы жолмен жүре берсек, АҚШ-тың болашағы жоқ. Өйткені тарих дәлелдегендей, азғындық жыныстық мінез-құлықты ұстанған әрбір қоғам ақырында құлдырайды», деді саясаткер Майкл Снайдер.
Жалпы, қазір елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленіп жатыр. Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері қарастырылып жатыр. Бірақ заң жобаларын әрі қарай Парламент депутаттары пысықтайды. Демек Мемлекет басшысы тапсырған заңнамалық өзгерістер келесі жылсыз күшіне енбеуі де мүмкін. Ал оған дейін кәмелетке толмағандар қорғансыздың күйін кешеді деген сөз.