Биыл 25 жылдық мерейтойы аталып өткен Астана заманға сай дамып келеді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Жоғарғы Кеңес 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Мұндай атақ қысқа мерзімде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамуда жоғары жетістікке жеткен, тұрақты этносаралық қатынас орнықтырған жас қалаға беріледі. Бразилияда өткізілген байқауда Астана барлық талап бойынша әлемнің 12 қаласынан басым түсті. Қазақстанның бас қаласы – 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы елорданы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік қатынасы және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Астананы мемлекеттің орталық бөлігіне ауыстыру аймақтың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала құрылысының қарқынды дамуы көптеген инвестор үшін тартымды, пайдалы болды. Астананың елге тартылған инвестициялар көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.
Астананың әуелгі Бас жоспары жобасын әлемге әйгілі сәулетші Кисё Курокава жетекшілік еткен Жапон агенттігінің зерттеу тобы жасағаны белгілі. Жобаға сәйкес заманауи сәулет өнерінің озық үлгілерін әйгілеген небір ғажайып ғимараттар бой көтерді. Бір кезде облыс орталығы болған қарапайым қала шамалы уақыт ішінде адам танымастай өзгерді. Сайын дала төсінде қанатын кеңге жайған шырайлы шаһар келісті келбетімен көрген көзді сүйсіндіретін дәрежеге жетті. Ел дамуының барометріне, күретамырына айналды.
«Елорданың жоғарыда аталған бас жоспарына содан беріде үш рет – 2009, 2011, 2016 жылдары өзгертулер енгізілді. Өзгерістердің басты себебі – қала халқының саны күткендегіден көп артып кеткен. Айталық, әуелгі бас жоспарда 2030 жылға қарай халық саны 800 мың адамды құрайды деп болжанған болса, 2016 жылғы қолданыстағы бас жоспар 2030 жылға дейінгі мерзімге 1 млн 220 мың адамға есептелген. Дегенмен 2022 жылдың басында қала халқы 1 млн 240 мың адамға жетті. Халықтың жыл сайынғы өсімі – 50 мыңнан аса адам. Осыған орай тұрғындар санының артуын ескере отырып, бізге жаңа бас жоспар әзірлеу тапсырылды», деді «Астана бас жоспары» ғылыми зерттеу жобалау институты» ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдірахманов.
Статистика агенттігінің 2023 жылғы маусымдағы мәліметі бойынша елорда халқының саны шамамен 1,376 млн адам болды. Қала халқының жыл сайынғы өсімі 2025 жылға қарай 60 мың адамды, ал 2035 жылға қарай 80 мыңға жуық адамды құрамақшы. Сөйтіп, 2025 жылға қарай Астана халқының саны 1 млн 480 мың тұрғынды, 2035 жылға қарай 2 млн 275 мың адамды құрайды деп күтіледі.
Қазіргі бас жоспарға сәйкес елорданың аумағы – 71 014 гектар. Президенттің 2017 жылғы 6 ақпандағы №418 Жарлығына сәйкес Ақмола облысы Целиноград ауданы жерінің жалпы ауданы 8 719 гектар бөлігі қала шекарасына енді. Сөйтіп, Астана қаласының аумағы қазірде 79 733 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда қаланың тұрғын үй қоры – 24 996 мың шаршы метр.
Қала бес ауданға (Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр, Нұра), шартты түрде Есіл өзенінің оң жағалауындағы «ескі орталық» және сол жағалауындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталыққа бөлінген. Әкімшілік іскерлік ауданда орталық мемлекеттік мекемелер, агенттіктер мен министрліктер, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің үйлері орналасқан. Солтүстік бөлігінде, теміржол желісінің сыртында 6,5 мың га аумақты құрайтын қаланың өнеркәсіптік аумағы бар.
Ғылыми зерттеу жобалау институтының маман, қызметкерлері атап өткендей, Бас жоспарға сәйкес қала халыққа қызмет көрсету және қалыпты тіршілікті қамтамасыз ету үшін 148 жоспарлы секторға бөлінген. Жоспарлы сектор – бірнеше тұрғын үй орамынан тұратын ірі қалалық аумақ. Жоспарлы сектордың басты қағидаты – жалпы білім беру мектептерінің, балабақшалардың жаяу баратын жерде болуы, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпы қалалық магистралдарды кесіп өтуіне жол бермеу, қала тұрғындарын, оның ішінде балалар мен қарттарды, тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтарды қауіпсіз жаяу баратындай радиуста қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету. Жалпы секторлар аумағы – көпшілікке жақсы таныс шағын аудандар, тұрғын үй кешендері. Бірақ олар енді ірілендіріліп, күнделікті өмірдің қазіргі заманауи жағдайына бейімделеді. Бұл іс-шаралар қаланың барлық жоспарлы секторында тұруды қолайлы етеді.
Бүгінде қалада орта білім беретін 133 мектеп бар. Ал 2035 жылға қарай 164 жаңа мектеп салынады. Оның ішінде 2022 жылы 15 мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін – 74, 2025 жылға қарай 75 мектеп салынады. Қала аумағында мектепке дейінгі балаларға арналған 429 ұйым жұмыс істеп тұр. Бас жоспарда 2035 жылға қарай қосымша 175 балабақша салу көзделген.
Қазіргі уақытта қалада 39 денсаулық сақтау нысаны бар. Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға қарай тағы 93 нысан салынады.
Мұнан бөлек, қазір қалада 11 өрт сөндіру депосы болса, 2035 жылға дейін тағы 17 депо салу жоспарланған.
Қала халқын ең алдымен көлік кептелісі, қоғамдық көлік қозғалысы, көше бойларында суағарлардың жетімсіздігі, жоқтығы, тұрмыстық қатты қалдықтардың сыртқа шығарылуы мәселелері алаңдататыны белгілі. Жаңа бас жоспарда осы күлбілтелі мәселелерге барынша назар аударылған. Айталық, қалдықтардың ықтимал теріс әсерін азайту үшін мынадай экологиялық шараларды жүзеге асыру жоспарлануда: ауданы 100 га 2 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу; қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жүйесін жаңғырту, қуатын жылына 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайта отырып, қолданыстағы қалдықтарды өңдеу кешенін жаңғырту. Қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, қаладан күніне 900-1000 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылады екен.
Бүгінгі таңда Астанада 400 мыңға жуық көлік құралы тіркелген. Қаланың көлік жүйесін дамыту оның жол желісін, қалалық қоғамдық жолаушылар көлігін, көлік тораптары жүйесін, велосипед инфрақұрылымын және жеке мобильдік құралдарды, сыртқы және қала маңындағы көлікті дамыту секілді бірнеше негізгі бағытты қамтиды.
Астананың көше-жол желісі де қалыптасу, даму үстінде. Айта кету керек, жол торабы учаскелерін салу кезектілігі қала аумағын дамыту жоспарларымен тікелей байланысты. Көпдеңгейлі жолайрық салудың жоспары мен дәйектілігі инвестициялық мүмкіндіктерге сәйкес болуы және қоғамдық жолаушылар көлігі жүйесінің әлеуетін айтарлықтай арттыру қаланың көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуды ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
«Мәселен, көпшілік «Қабанбай батыр даңғылында 6 жолақты жол бола ма?» деген сауалды жиі алға тартады. Қаланың магистралді жолдары бас жоспарда белгіленгенмен, оның қанша жолақты болатыны детальді жоспарлау кезінде анықталады. Яғни бас жоспарда 2035 жылға дейінгі даму келешегі ескеріледі, қалғаны – әлі талай мәрте талқыланып шешілетін мәселелер. Бас жоспар жобасы қоғамдық талқылаудан кейін қалалық мәслихатта, мемлекеттік сараптамада, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында, содан кейін барып Үкіметте қаралады», дейді С.Абдрахманов.
Қаланың қоғамдық жолаушылар көлігі жүйесінде жолаушылар тасымалын дамытудың негізгі ауыртпалығын автобус көлігі көтеріп келеді. Статистикаға сәйкес 2022 жылдың басында Астанадағы автобус паркі 1 078 бірлікті құрады, оның ішінде 942 автобус қалалық бағыттарда, 136 автобус қала маңындағы бағыттар бойынша жүреді.
Талқылау барысында қалың бұқараның «бас ауруына» айналған, қала келбетінің сәнін кетіріп тұрған ЛРТ құрылысына қатысты да тыңғылықты жауап берілді. Қазір оның құрылысы жанданып, жалғасып жатыр. Бас жоспар бойынша ұзындығы 21,8 км «Нұрлы жол – Әуежай» бағыты бойынша бірінші кезеңін аяқтау қажет. Одан кейін, 2035 жылға дейін жалпы ұзындығы 30,8 км (жаңа құрылыс 9 км) және 2050 жылға қарай 35,2 км (жаңа құрылыс 4,4 км) болатын 2 толыққанды желіні кезең-кезеңімен салу, олар бойынша 6 пойыз бағытын ұйымдастыру көзделуде. ЛРT желілері жолаушылар қозғалысын жетілдіруге, көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді.
Астана көшелеріндегі кәріз желілері мен суағарларды қайта қалпына келтіру, жаңғырту, жаңадан салу мәселесі де жаңа бас жоспарда барынша көрініс тапқан. Сондай-ақ абаттандыру шаралары да кеңінен қамтылған. Бас жоспарда урбанистердің ықпалымен демалыс орындарының жайлылығы мен көгалдандыру мәселесіне де мұқият көңіл бөлінген. Олардың ұсынған жобасы қарашада көпшілік назарына ұсынылмақ. Алдағы жылдары бірнеше саябақ, гүлбақ, тұрғындар демалатын арнайы орындар салынбақшы.
«Қаланы көгалдандыру бойынша 2024, 2025, 2026 жылдарға арналған жоспар жасақтап жатырмыз. Онда көшелердің, қоғамдық кеңістіктердің және жағалаудың реконструциясы көрсетіледі. Бұған қатысты алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өтеді. Біз елордадағы барлық саябақ арқылы Есіл өзеніне шығуға болатын жолдарды қарастырамыз. Осы арқылы тұрғындарға ыңғайлы тынығып, демалуға мүмкіндік жасамақпыз», деді Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Данияр Шыңдалиев.
Қала халқы бас қаланың жобалық жоспарымен бұл күндері «Астананың бас жоспары» ғылыми зерттеу жобалау институтында ұйымдастырылған көрме арқылы танысып жатыр. Тұрғындар ұсыныстарының басым бөлігі әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, балабақша құрылысының мақсатты салынуы, саябақтарды көбейту мәселесіне қатысты болып келеді.
«Көп адамдар көпқабатты үйлердің салынуына қарсы. Олардың пікірінше, көпқабатты үйлер құрылысы, алдымен, инженерлік желілерге салмағын түсіреді, екіншіден, көлік кептелісін көбейтеді. Біз тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, мәселені жан-жақты зерттейміз», деді «Астананың бас жоспары» ғылыми зерттеу жобалау институтының бас маманы Гүлдана Сапарбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бас жоспарда қай жерде жол, қай жерде нысан салынатыны көрсетілгенімен, оның ауқымы, қандай нысан екені белгіленбеген. Бұл негізінде бюджет көлемі мен құрылысшылардың шешіміне байланысты болып келеді.
Қалай дегенмен, бас қала – қалыпты даму жолында. Талқылау барысында бірқатар қоғам белсенділері, білікті мамандар атап өткендей, бас жоспардың әлі де болса жетілдіретін, қайта қарайтын тұстары да жоқ емес. Жауапты, лауазымды тұлғалар бұл мәселелер жіті назарға алынып, зерттеліп, тиісті қорытындылар шығарылады деп мәлімдеді.
Астана – мемлекетіміздің қарымды күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Елорда – Отанымыздың жүрегі, халқымыздың өз күш-жігеріне деген сенімі мен бірлік-берекесінің символы, жаңа Қазақстанды құрудың негізі, кемел де келісімді ойдың, ізгі ниет пен игі тілектің қаласы. Демек, жаңа бас жоспарда айшықталғандай, қаланың тыныс-тіршілігіне мол инвестиция тарту, озық технология арқылы құрылысты қарқынды жүргізу, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, экономикалық және әлеуметтік дамуға, қала тұрғындарының қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау жөніндегі жасампаз шаралар алдағы уақытта сәтімен жалғаса береді.