Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жаңа форматтағы оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушыға арналған орын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, 24 мектептің 15-і қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасады. Сондай-ақ қаланың елді мекендерінде де жайлы мектептер бой көтереді.
Қазіргі уақытта 15 жайлы мектептің құрылысы басталып жатыр. Осы орайда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектептердің жобаларымен, құрылыс жұмысының дайындық барысымен танысты. Қазіргі уақытта жер учаскелерін дайындау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Яғни қоршаулар тұрғызу, инженерлік-геологиялық іздестіру, қадаларды бітеу, құрылыс техникасын жұмылдыру, т.б. жұмыстар.
Сонымен қатар Ж.Қасымбек өзге де бірқатар мемлекеттік мектептің құрылысымен танысты. Бұл қатарда Тұран даңғылы мен №24 көшенің, Қарасай батыр мен Бұланты, Көксеңгір көшелерінің қиылысындағы мектептер, сондай-ақ қазіргі №17, №27 мектептердің жанындағы жаңа ғимараттар бар. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылады. Мектептердің құрылысы жаңа аудандарда да, қаланың оң жағалауында да, елді мекендерде де жүргізілу үстінде. Олардың бір бөлігі апатты жағдайдағы мектептерді алмастырады.
Бұған қоса елордада 67 642 баланы қамтитын 505 мемлекеттік, жеке және ведомстволық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл ретте қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев балабақшалардағы орындардың саны туралы мәліметтерді алға тартты.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Индиго» электронды порталында кезекке 60 971 мектеп жасына дейінгі бала тіркелген, оның ішінде екі жастан алты жасқа дейінгі балалар саны – 41 818.
Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке балабақшаларда орналастыруға 10 317 орын қарастырылған. Оның ішінде қаңтардан сәуірге дейін мемлекеттік тапсырыс 8 957 орындық 200 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда орналастырылды. Биыл қыркүйек айында қалған 1 360 орынға конкурс өткізу жоспарланған.
«Биыл жұмыс істеп тұрған 500 орындық мектепке дейінгі ұйымның жанынан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қосымша корпустар ашу жоспарланып отыр. 2023 жылы 17 тамыздан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқталады. Бұдан әрі оқу жылы ішінде күн сайын жасақтау орындарды босату кезінде жүзеге асырылады», деді Қ.Сенғазыев.
«Индиго» порталының мәліметінше, астаналықтар балабақшаға 22 190 жолдама алды, оның 13 157-сі – мемлекеттік.
Қыркүйек айынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар Астананың балабақшаларында тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа оқу жылының басында мектепке дейінгі мекемелер тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға өседі.