Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Үш айдың ішінде депутатқа біраз жұмысты бітіріп тастамадың деп сын таға алмайсың, бірақ алғашқы қарқын, заң шығаруға құштарлық кейінгі жұмыс сапасына да әсер етері сөзсіз. Әзірге Аграрлық комитет арқылы екі заң жобасы жалпы отырыстың бірінші оқылымынан өткен екен, енді күзгі сессияда екінші оқылымға дайындалмақшы. Бұл уақытта басқа комитеттер қарастыратын жұмыс топтарындағы талқылауларға қатысқан. Осы үш айдағы мақұлданып, қабылданған құжаттар арасында депутат үшін ең маңыздысы – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң. Бұл құжат бойынша бұрынғы төрт заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген қосарланған заң жобалары да қабылданғанын айтқан Еркебұлан Мәмбетов құжаттардың барынша кеңінен талқыланғанын айтты. Мемлекет басшысының жақында бұл заңға қол қойғаны белгілі. «Енді заң нақты істе қолданылып, халықты алаңдатқан көп сұраққа жауап беріледі деп сенеміз. Заңсыз кім көрінгеннің қолында кеткен дүниелер мемлекетке қайтарылар деген үміттеміз», дейді депутат.
Әрине, депутаттардың заң шығару жұмыстарынан басқа азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізуі, көшпелі отырыстармен елдің түрлі шет аймақтарға іссапарларға шығуы және т.б. жұмыстары толып жатыр. Бірақ солардың ішіндегі маңыздыларының бірі – Үкімет орындарына депутаттық сауалдар жолдау. Бұл депутатқа берілген үлкен артықшылық, себебі Үкімет мүшелері депутаттардың сауалдарына белгілі уақытта міндетті түрде жауап беруге тиіс. Өкінішке қарай, «ескі Үкіметте» депутаттардың сауалдарына жүрдім-бардым қарап, жалтарма жауап бере салатындығы көп кездесетін. Бірақ Жаңа Қазақстанда мұндай салғырттыққа жол берілмеуі керек. Депутаттар буынсыз жерге пышақ ұрмайды, олар да елдің жайын, экономиканың мүмкіндігін, халықтың проблемасын білген соң сауал жолдайды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстанға газ жеткізу туралы мәселе көтерді. Бұл мәселенің айтылғанына біраз жылдың жүзі болған. Нақтырақ айтсақ ауызға алына бастағанына жиырма жыл болып қалды. Бірақ мәселе сөзден аспайды, істелген нақты жұмыс жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 17 маусымында еліміздің газ саласын дамыту мәселесі жөнінде өткізген кеңесте: «Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын толық газдандыру – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Кемінде екі тәсіл бар: «Сарыарқа» магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Екі нұсқаның да өзіндік плюсі мен минусы бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиіс», деген еді. Мемлекет басшысының осы сөзіне сүйенген депутат: «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытында 1 061 шақырымға созылған «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі бір жылдан астам уақыт ішінде салынып, пайдалануға берілді. Енді осы жобаның жоғарыдағы бағыттан екі еседей қысқа – Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысына тартылатын ІІ-ІІІ кезеңінің құрылысын да барынша жеделдету мүмкіндігін неге қарастырмасқа деген» орынды мәселе көтеріп отыр.
«Бұл жоба іске асса Солтүстік өңір халқының өмір сүру сапасы артып, экономиканың қарқынды дамуы жеделдеп, экологиялық ахуалы да жақсарар еді. Бұл жоба тіпті оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастар үшін өңірдің тартымдылығын арттырар еді, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың көші-қонын да азайтып, облыстағы демографиялық ахуалды тұрақтандыруға оң әсерін тигізер еді» делінген сауалда. Сауал соңында депутат: «Осы айтылғанның негізінде Үкіметке Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесін тездетіп шешуді ұсынамын. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін ұмытпауымыз қажет. Сонымен қатар адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарғы «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасында қарастырылған», деген.
Алайда депутаттық сауал жолданған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабы «Баяғы жартас – бір жартастан» аспаған. Жауапта «Сарыарқа» магистральдік газ құбыры (МГҚ) мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры бірлесетінін айтып, енді «Сарыарқаға» Ақмола мен Солтүстікті қосса «еліміздің оңтүстік өңірлерін газбен жабдықтайтын негізгі газ артериясының тұрақты жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін» деген сенімсіз болжал айтады. Осы «анау мүмкін, мынау мүмкін» деген сияқты тобанаяқтық ел экономикасын 30 жылдан бері аяқтан шалып тұрған сенімсіздік екені сөзсіз. Әйтеуір депутаттардың үмітін үзбес үшін Р.Скляр жауабын «Техникалық мүмкіндіктер айқындалғаннан кейін оңтайлы нұсқа әзірленетін болады» деген сүйкейсалды жауаппен аяқтапты.
Сонымен бұл жауаптан Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары халқының оңайлықпен газға қол жеткізе алмасы көрініп тұр. Бірақ депутат Еркебұлан Мәмбетов мәселені аяқсыз қалдырмай, әлі де түбірлейтінін айтады. Өңірді газдандыру мәселесі салғырт шенеуніктердің шала жауабында қалмас деген үміттеміз.
Солтүстік Қазақстан облысы