«Жезқазған – Қызылорда» тасжолына байланысты мәселе де назардан тыс қалмады. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының сапары нақ осы жолға қатысты «Қазавтожол» басшылығының баяндамасын тыңдаудан басталды. Р.Скляр бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Алдағы жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалмаса болмайды. Өткен жылы облыс орталығындағы жылу-электр орталығында бірнеше мәрте күрделі ахуал қалыптасқан еді. Тіпті биылғы жаздың өзінде бұл орталықтың қызметінен жіберілген кемшілік тұрғындарды әуреге түсірген еді. Сондықтан өткеннің олқылығын орнына келтірмесе жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін. Жезқазған қаласындағы жылу құбырларының 70 пайызының тозығы жеткен. Қазір құбырларды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлінген. Жұмыс биыл аяқталуға тиіс.
Жылу-электр орталығында да жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 млрд теңге қарастырылған. Алдағы қыста 5 қазандық жұмыс істейді деп жоспарланған. Әзірге жоспарланған жұмыстың 60 пайызы ғана атқарылған. Бұл – айтарлықтай жақсы көрсеткіш емес. Өйткені қыс қыр астына келіп қалды. Р.Скляр жыл соңына дейін №4 және 9 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуді, №7 қазандық агрегатын ағымдағы жөндеуді, сондай-ақ №8 және 10 қазандық агрегаттарын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.
Жылу-электр орталығының басшылығына «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында №10 қазандықты салу мәселесін шешу тапсырылды. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымының сапалы өтуі үшін жөндеу науқанын жүргізудің маңыздылығы аталып өтті.
– Біз өз тарапымыздан облысқа қажетті қаржылық қолдау жасадық. Бөлінген қаржы тиімділігін көрсетуі керек. Сіздердің есептеулеріңіз бойынша тарифті (жылу желісін және генерациялайтын көздерді) ұлғайту тұрғысынан ұсыныстарыңызға да қолдау көрсеттік. Жылу желілерін де қолдаймыз. Жағдайды жақсарту, тозуды азайту, сенімділікті арттыру үшін инвестициялар тартылуы керек. Жұмысты ширата түскен дұрыс. Ең бастысы, халқымыз қыстан қысылмай шығуға тиіс, – деді Р.Скляр.
Талап қойылды, ал оның орындалуын уақыт көрсетеді.
Ұлытау облысы