05 Маусым, 2010

ҰЛЫҚ БОЛСАҢ, КІШІК БОЛ

1171 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ПРЕЗИДЕНТ ШЕШІМІН ОСЫЛАЙ БАҒАЛАП ОТЫР БАС ТАРТЫЛСА ДА, ЕЛГЕ КЕРЕК ЗАҢ ЕДІ Нұрсұлтан Әбішұлының елге арнауын еліміздің бас басылымы  – “Егемен Қазақстанның” кешегі нөмірінен оқып шығып, таныс­қа­нымда, көңілім босап сала берді. Қалтарысы жоқ бұл не деген шексіз ақтарылу. Шынайы жүректен шыққан сөз осындай-ақ болар. Біз бұл мәлімдемеден Елбасы­мыз­дың ел, мемлекет, халық ал­дын­дағы кішілігі мен кісілігіне тағы бір айқын көз жеткізгендей болдық. Халықтан ештеңені жасырмай, ашық айтқан кез келген мемлекет басшысының мерейі қашанда үстем. Бүкпесіз сөз қашанда өткір проблемаларды бірлесіп шешудің бір кілті бола бермек. Арнау сөзінде Мемлекет бас­шы­сы өзінің мемлекетті басқару қыз­метіне, тіпті отбасы жағдайына байланысты мәселелерді ашық айта отырып, кез келген қасіретті жеңе білу адам бойындағы өте қажетті қасиеттердің бірі екендігін ұқтыра түседі. Мұндай қасірет Елбасының отбасында да болған. Бұл оның күйеубаласы, үш немересінің әкесі – Р.Әлиевке қатысты жәйттер екені белгілі. Республика азаматтарына арна­ған сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Парламент депутаттары қабылдаған Елбасы туралы Заңға қол қоюдан бас тартатынын мәлімдеді. Арнауда атап көрсетілгеніндей, бұл елі­міз­дегі тұрақтылықты одан әрі ны­ғайту мақсатында қабылданған заң екендігі белгілі. Осы тұрғыда айтайын дегенім, Ел­басы деген атауды республика жұртшылығы бұған дейін де Нұрсұлтан Әбішұлына беріп қойған еді. Осы кезге дейін бұл атау ресми түрде бекітілмесе де, біздің Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев деген­ді барша қазақстандықтар өз жады­ларында ұстай бастаған болатын. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы деген атауды Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың өзі беріп қойған еді. Осы тұрғыда Парламент депутаттары­ның Нұрсұлтан Әбішұлына осы халық берген атауды ресми түрде бекітіп беруі бұл тұжырымның ха­лық қолдауына сәйкестігін айғақ­тай түседі. Әттең, шіркін, осындай жағдайда Елбасымыздың аталған заңды бекітуден бас тартпағаны да жөн болатын еді-ау. Менің ойымша, аталған заң Нұрсұлтан Әбішұлының жеке ба­сына қажет болмаса да, ол халық үшін, қазақстандық қоғам және оның болашағы үшін қажет болар еді-ау деген ойдамын. Осындай заңның қажеттілігі әрі Елбасы ту­ра­лы заңды қабылдаудың уақыты жет­кені осыған дейін де байқалып, аңғарылып жүретін. Бұл тұрғыда еліміздегі Парламент депутаттары халық көңілінен шығатын әрі мем­лекет болашағына оның тұрақты өсіп-өркендеуіне тікелей қатысы бар заңды қабылдағаны басы ашық мәселе. Алайда оны Елбасы бекі­ту­ден бас тартты. Мұндай қадамға Нұрсұлтан Әбішұлының халықтан асқан ұлы жоқ деген қағиданы ұдайы ұстанатыны ықпал жасағаны анық. Қайткенде де Елбасы туралы заң бекіген жағдайда ол еш уақытта артықтық етпейтін еді-ау деген тілек қалды көкейде. Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ, ақын. ОРАЛ. ШЫНАЙЫ МЕМЛЕКЕТШІЛ ҚАЙРАТКЕР Тәуелсіз Қазақстанымыздағы бүгінгі қол жеткен жетістікте барша отандастарымыздың сіңірген өзін­дік үлесі бар. Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзгемізден ерекше еңбек сіңіріп жүргені жасырын емес. Себебі, кемел ойлы кемеңгер бас­шысыз әлемдік экономикада, әлемдік саясатта лайықты жетіс­тік­ке жету әсте мүмкін болмайды. Бәл­кім, бәзбіреулер: “Қазақстанға шет мемлекеттер мұнай-газ өнер­кәсібін игеру үшін инвестиция са­лады”, деген тұрғыда дау айтатын шығар. Бірақ алыс шетелдердегі алпауыт компанияларды Қазақстан экономикасына инвестиция салуға иландыру соншалықты оңайға түс­пейді. Міне, Елбасы Н. Назарбаев алдымен осы мәселеге көңіл ауда­рып, ел экономикасының сауығып, өркен жаюы, ірі кеніштердің қар­қынды игерілуі үшін күш жұмсап келеді. Елбасының осы еңбегін қазақстандықтар әркез жоғары бағалайды. Қазақстандықтардың құрметі мен ілтипатында да шек жоқ. Со­ның бір көрінісін Парламент Мә­жі­лісіндегі бір топ депутат Прези­денттің ар-намысы және дербес құ­қығын қорғау туралы тиісті заңна­ма­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс айтқан бо­латын. Өзгерістер мен толықты­ру­лар Мәжілісте де, Сенатта да то­лыққанды қолдауға ие болып, енді заңға қол қоюға келгенде Елба­сы­мыз өз қарсылығын білдірді, өзінің, отбасының ар-намысын, дербес құқығын қорғайтын заңға қол қоймады? Неге? Рас, Мемлекет басшысы өзінің, отбасының келешектегі қамын ойласа, аталған заңға қол қойып жі­берер еді. Мемлекет басшысы қол қойған қай заңның да тиісті мерзімнен кейін күшіне енетіні бар. Алайда, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев өзін де, от­басы мүшелерін де өзгеден ерек­шелеп, айрықша заңмен қорғауды қажет деп таппады. Елбасы бұл ту­ралы Қазақстан азамат­та­ры­на, Парламентке, “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына жолдаған арнауын­да барынша айқын айтты. Біз кезінде Нұрсұлтан Назар­баев­ты тегін таңдамаған екенбіз. Қазір сол таңдауымыздың жемісін көріп келеміз. Жалпы, Қазақстан аза­­маттары, соның ішінде мемле­кет­тік қызметтегі шенеуніктер Нұр­сұлтан Назарбаевтың бой­ындағы көптеген қасиетінен үлгі-өнеге алғанын қалар едік. Мәселен, Мемлекет басшысы бола тұра өзін өзгеден ерекшелемеген қарапайым­дылығы өнеге емес пе? Мемлекетке шын ниетімен қызмет етудің үл­гі­сін де Нұрсұлтан Назарбаев таны­тып келеді. Назарбаев –шынайы мемлекетшіл тұлға! Мұны да үлгі тұтуға әбден болады. Елбасымыз елді өзінің адами болмысына тән қасиеттерімен әр­дайым тәнті етіп келеді. Күні кеше бұған тағы да куә болдық. Міне, осылайша, Елбасымыздың кемең­герлік болмысы көз алдымызда айшықтала түсті. Мақаш РАХМЕТОВ, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақстанның құрметті кен барлаушысы. Атырау облысы. ЕЛДІҢ ЫҚЫЛАСЫ ӘРКЕЗ ЫСТЫҚ Бұқаралық ақпарат құралдары­нан Тұңғыш Президент, Елбасы туралы заңнамаға  өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жөнінде еліміз  Парламентінің заңдарды қарап қа­был­дағанын естіп, оқып білгенбіз. Парламентте отырған халық қалау­лы­лары терең ойласып, талқыға салып барып, заңды Елбасының қол қоюына жіберген болатын. Мен осының барлығының дұрыс­ты­ғына іштей кәміл сенген едім. Міне, енді  Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның осы заңдарға қол қоюдан бас тартқаны туралы біліп отырмыз. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің Тұңғыш Президенті, Ел ­Ба­сы ресми мәртебесі заң жүзінде  бекігені артық болмас еді, дұрыс  бо­лар еді. Оны халқымыз қолдай­ды. Алайда, Президентіміз өзінің сарабдалдығын осы жерде де  көр­се­тіп отыр. Халқының тәрбиесін, салтын, дәстүрін бойына сіңіріп өс­кен адамға тән биік адам­гер­ші­ліктің, асқан мәдениеттіліктің көрі­нісі бұл. Алпауыт елдердің өзін бір тары­ның қауызына сыйғызып,  шайқап кеткен қаржы дағдарысынан Қа­зақстанның қалай жеңіл шық­қа­нына әлем куә. Өндіріс кәсіп­орындары да, ауыл шаруашылығы да көшін түзеп алды. Қазір “қолы қимылдағанның аузы қимылдайды” деген халқымыздың ақыл да нақыл сөзін ешкімнің ұмытпағаны абзал. Ауылда да, қалада да ерінбей тірлік етсең жағдайың жаман болмайды. Президент  нұсқап отырған жол да осыған саяды. Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бүгінде  дүние жүзіне мәшһүр бол­ды. Өйткені, адамзаттың барлығы да тыныштықты, бейбітшілікті қалайды. Тәуелсіз жас мемлекеттің  ядролық  қарудан бас тартуы әлем­де әлі  болмаған оқиға еді. Біздің Елбасымыз осындай қадамға батыл барды және жаһандық жаппай қарусыздану бастамасын көреген­дікпен көтерді. Биыл Амери­кадағы саммитке барған сапарын­да Барак Обаманың өзі Қазақстан Прези­денті­не ерекше құрметпен қарады. Қазақстан биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жет­­кізуі де алдымен Прези­денті­міздің сыртқы беделінің арқа­сын­да мүм­кін болды. Осы миссияны еліміз  қолға алғалы  халықаралық  көпте­ген істер бейбіт жолмен біте­ріне сенім зор. Жаңа ғасырда ақ­парат өте жоғары жылдам­дық­пен тарай­ды. Күн сайын әлем ел­де­рінде жанжал, ұрыс-керіс бо­лып жатады. Ондай елде бере­кенің аздығы да белгілі. Сол үшін Елбасы эконо­ми­каны дамыту мен елдің ішіндегі тыныштықты,  та­тулықпен өмір сүруді қатар қояды. Тілі де, діні де, ұлты да бөлек жан­дар  бір атадан тарағандай тату өмір сүреміз. Қазақстан халқының барлығы да Президент Нұрсұлтан Назарбаевты сарабдал саясаткер, көшбасшы деп біледі. Жұрттың аузында Прези­дентпен қатар, Елбасы деген мәртебелі атау ылғи қатар айтылып оты­рады. Елбасына деген елдің ықы­ласы заңнан да күшті. Ыбраш ЕСТАЕВ, кәсіпкер,  Қостанай облыстық мәслихатының депутаты. ҚОСТАНАЙ. ЕЛБАСЫНЫҢ КОМАНДАСЫНДАМЫН Мен бүгінде зейнеткермін. Ал кезінде еліміздің шығысында екі ауданды басқардым. Меніңше, еңбегім жеміссіз болған жоқ. Со­ның айғағындай, Елбасының “Ба­рыс” төсбелгісімен, Отанымыздың “Құрмет” орденімен марапаттал­дым, облыстың құрметті азаматы атандым. Кезінде Елбасының ко­ман­дасында болып, еліміздің еге­мен­дігі мен тәуелсіздігіне бір кісі­дей үлес қосқаныма тәубе деймін. Міне, тәуелсіз мемлекет атан­ға­нымызға жиырма жылға жақындап қалды. Қазірде Қазақ елін бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындап отыр­са, соның бәрі тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған сара жолының дұрыс­ты­ғын айғақтайды. Яғни, Елбасымыз тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін осы аз ғана уақыт ішін­де өзін де, елін де әлемге таныта білді. Бұл тұрғыдағы халықтың құр­меті жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы кеше “Егеменде” жарияланған арнауында орынды айтып, алғысын білдіріпті. Мен – Тарбағатай-Ақсуат елінің қазағымын. Сон­дық­тан алпысын­шы жылдары екі ел арасындағы Жалаңашкөл оқиғасын елдің аузынан емес, көзіммен көр­дім десем де болады. Шекара мәсе­лесін шегендеу жайы тарихи сәт болды деп жатқаным сол. Ал бұл мәселеде тек Қытаймен ғана емес, басқа да көршілес елдермен ешқандай ың-шыңсыз ортақ мәмілеге келгеніміз және шындық. Міне, Елбасының осындай-осындай қажырлы қайратын лай­ық­ты бағалауға ұмтылған рес­пуб­лика Парламенті Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының “Ел Басы” мәртебесін заңдастыру туралы шешімін өз басым қуана құптап қарсы алған едім. Бірақ, түп­теп келгенде, Мемлекет басшы­сы­ның өзі айтқандай, мақтау мен ма­дақтан биік тұрған және осы ұста­нымымен қала беретіндігін мә­лім­деген Елбасы төменнен көтерілген бұл мәселеге нүкте қойып отыр. Болат САПОРОВ, зейнеткер, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы. АСЫЛ ТҰЛҒА АЗАМАТТЫҚ КӨРСЕТТІ Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат үшін асыл тұлға, ардақты азамат, сарабдал саясаткер екендігі айдан анық. Оны шағын мақалада терең толғана айту мүмкін емес. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының туған еліміздің өсіп-өркендеп, әлем таныған тұғырлы мемлекет болуы, қазақ деген халықтың атағы асқақтап, абыройы бұрын-соңды көтерілмеген биікке көтерілуіне қосқан үлесі, жұмсаған күш-жігері ұшан-теңіз. Оны түгел айтып, әлемге әйгілеу алдағы жылдардың жүгі, кейінгі ұрпақтың парызы. Менің айтайын дегенім, замандас, қарапайым өнер адамы ретінде өңірге сапарында менің отбасыма арнайы келіп, ақ дастарқанымнан дәм татқандығы әлі есімде. Сонда да шығармашылығым жайлы айтып, өлең арнағанмын. Өткен жылы “Ұлы даланың ұлдары” атты кітапта да асыл азаматымыз жайлы қалам тербедім. Ал бүгін осынау бір биік тектілік, азаматтық танытқанына орай төмендегі өлең жолдарын арнағанды жөн көрдім. Жаса! Жаса! Қазағымның Жұлдызы! Байтағымның бақытына жаралған– Тапқан ұлы қазекемнің бір қызы! Қазақ аты Нұрсұлтан деп таралған, Бар әлемге нұр шашады Жұлдызы! Аз жұртыңды теңестірген әлеммен Бір қазақты мыңға балап, өзіңсің! Ұтып келген қарсыласты ұпаймен, Алла берген қазағыма төзімсің! Елің болжап болашағын Сізбенен, Құттықтайды текті ұлын, Жұлдызын! Ұрпағынан ұлылықты дәметіп, Нұргүлім дер, Нұрсұлтан дер ұл-қызын! Бұл шешімің құт әкелгей еліңе, Құттықтайды Қазақ елі, ұл, қызы! Билік айтқан Еуразия төрінде, Жаса! Жаса! Қазағымның Жұлдызы! Сайын НАЗАРБЕК, ақын, сәулетші, драматург, этнограф. АҚТАУ. ЖҮРЕГІҢЕ СҮҢГІ ДЕ, ТҮБІН КӨЗДЕ Бұл өзі соңғы кезде ел-жұрт пікірін екіұдай етіп, саясат­шы­лар­дан сарапшыларға дейін, оны ай­та­сыз, тіпті қысыр сөзге оң құла­ғын түріп жүретін кейбір ағайын­дарға жүдә жақсы ермек болған тақырып еді. Енді, міне, соған Елбасының өзі нүкте қойды. Біле білсек, бұл сөз Нұрсұлтан Әбішұлының халқына адалдығы сияқты демократия дәстүріне де адалдығын көрсетеді. Сондықтан болар, ол ел-жұртының заң-зәкүн­дерін де өркениетті мемлекеттер биігінен көргісі келеді. Бәлкім, парламентшілер өз шешімдерінің дұрыстығын дәлелдеп те берер, бірақ дана халық Президент шеші­мі нағыз біліктілік болды деп отыр. Кейбір “аузы жылдам” саяси жетекшілер Елбасына демократия­ны үйреткісі келеді. Мен олардан Нұрсұлтан Әбішұлының “Ғасырлар тоғысында” атты кітабын мұқият оқуды сұранар ем. Ол кітаптың әр­бір парағында жаңа Қазақ елінің дербес мемлекет ретінде қалып­та­сып, қанат қатайтуындағы тар жол, тайғақ кешулері сайрап тұр. Оны Елбасы нақты мысалдармен, керемет дәл табылған қисынды сөздермен шебер суреттей білген. Мысалы, “Өктемшілдік пе, әлде демократия ма?” деген тарауын оқып көрейікші. “Қазақстанның және басқа ел­дердің тәжірибесі қоғамның жаңа ахуалына жету жолындағы барлық есіктің құлпын бірдей аша алатын әмбебап кілт табылды деп дәме­ту­дің бос әуре екендігіне көзімді жет­кізе түскендей. Демократияландыру – тиянақты ахуалды білмейтін, ұзаққа созылатын процесс. Қоғам мен адам өмірінің барлық сала­сын­да туындап жататын міндеттер ке­шенін шешімдейтін үздіксіз про­цесс. Демократия жарлықпен ор­натылмайды. Ол бастан кешіру арқылы жүзеге асырылады”, деген сөйлемдерді оқығанда, Елбасының энциклопедиялық мол біліміне ғана емес, сонымен бірге, осының бәрін ыстық қайрат, салқын ақыл арқы­лы елеп-екшеп ел кәдесіне жаратып отырған біліктілігіне де риза боласың. Хакім Абайдың: Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап. Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе, Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе. Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып, Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе? Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме. Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, – деген өлеңінің шын даналық екеніне қол қоясың. “Халық айтса, қалт айтпайды”. Елбасы елінің жүрегіндегі құрметті осы салиқалы, салмақты қадамы­мен-ақ орнықтырды. Ендеше, Елбасының қорғаны да, қамалы да – ең алдымен қалың елі – қазағы мен осы елдегі он-сан ұлттың өкілдері екенін ұмытпайық, ағайын! Сағымбек АҚШАЛОВ, Жамбыл облысының  құрметті азаматы. Жамбыл облысы.