З.Сайдуллаев бір жылдан астам уақыт бойы осы нөмірді, оның костюмдерін, реквизиттерін дайындағанын айтады. Қойылымда нәзік жанды арудың ер-азаматты бір колмен демеп көтергенінен өзге де қауіпті, әсерлі мезеттерді көрген көрермен демін ішіне тартып отырды. Бұл жұртқа оның басқа өнерге ұқсамайтын, қажырлы еңбекті талап ететін, ерекше өнер түрі екенін ұғындырды.
Ал кілең мықтылар жиналған осы тартысты додаға цирк өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» төрешілер қазылық жасады.
Жалпы, аталған байқау цирк өнерін дамытып, насихаттауға және халықтың арасында осы өнер жайлы кең түсінік қалыптастыруға бағытталған. Ал алтын жүлде жалғыз цирк мекемесінің емес, бүкіл Шымкенттің мерейін асырған қуаныш.
«14 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль Қазақстан циркі үшін асыға күтетін, маңызды оқиғалардың бірі деуге болады. Өнер додасы алғаш рет 2007 жылы өткізілген. Содан бері өзін ең беделді халықаралық фестиваль ретінде дәлелдеді. Оның басты ерекшелігі – үздік цирк нөмірлерінде. Сондықтан оған әлемнің көптеген елінен келіп қатысуға асығады. Жүлдеге жас та, атақты цирк әртістері де бірдей таласады. Биылғы маусым айында Алматы қаласында Almaty Circus Festival халықаралық фестивалі өтті. Оған әлемнің 15 елінен өнерпаздар жиналды. Бұл сайыста Сергей Мустафин жетекші ететін өнерпаздар «Подкидная доска» нөмірін қойды. Көрерменді ерекше таңғалдырған Шымкент-цирк мекемесінің әртістері сол жарыстан елге жүлдемен оралды. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен біздің ұжым бұдан да жоғары белестерді бағындыруды алдына мақсат қойып отыр. Және сол сенім үдесінен шығып келеді», деді Шымкент-цирк мекемесінің басшысы Нұрлан Әділханов.
Сонымен бірге мегаполис циркі ұжымының жетекшісі алдағы уақытта әлемді аузына қаратқан Монте Карло цирк фестиваліне шақырту алса, шымкенттік өнерпаздардың да бұл халықаралық сайыстан жүлделі оралатынынан үмітті.
ШЫМКЕНТ