Аймақтар • 25 Тамыз, 2023

«Ауыл аманатына» қатысады

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлердегі ауыл халқының ахуалын жақсартып, кірісін арттыруға қолдау көрсету мақсатында «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы қолға алынғаны белгілі. Жоба аясындағы тапсырмаларды орындау Абай облысында да қарқын алды. Соның ішінде жеңілдетілген несиелер беру үшін басым бағыттар таңдалып отыр.

«Ауыл аманатына» қатысады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ауыл шаруашылығы өн­дірі­сін дамыту және қыр­дағы жұртшылықты жаппай жұ­мыспен қамту мақсатында 2023 жылға «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 2,059 млрд теңге бөлінген еді. Бұл қаражатқа 535 жұмыс орнын ашып, 425 шағын несие беру жоспарланып отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарла­ма­сына қатысатын Абай облы­сы­ның 6 ауданы анықталды. Атап айтқанда, Абай, Ақсуат, Аягөз, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандарында аталған бағдар­лама талаптарына сай жұмыстар атқарылады.

Екі бағыт бойынша шағын несиелер беру жүзеге асады. Яғ­ни мал шаруашылығы саласын­да 1 548 331 000 теңгеге 316 ша­­ғын несие беру көзделсе, өсім­дік шаруашылығы саласында 511 млн 250 мың теңгеге 109 шағын несие беру жоспарланып отыр. Несиелеу жұмыстарын орындау өткен шілде айынан орындала бастаған. Сенім білдірілген агент ретінде анықталған «Семей» ӘКК» АҚ маусым айында ауыл­дық округ әкімдеріне несие беру шарттары бойынша семинар өткізген еді. Жоғарыда айтылған 6 ауданда шарттарды түсіндіру және құжаттарды қабылдаумен ауылдық әкімдік қызметкерлері айналысады.

Қазіргі уақытта «Семей» ӘКК» АҚ агенттің шотына 1 млрд 245 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты аударылған екен. Қалған 814,8 млн теңгені алдағы қыркүйек айында игеру көзделіп отыр. Құжаттарды қабылдау барлық 6 ауданда басталды.

Қазіргі күнде 466,2 млн теңгені қамтитын 77 өтінім қаралып, сол орайда қажетті несиелер беру туралы оң шешім қабылданған.

 

Абай облысы