05 Маусым, 2010

ҰЛЫҚ БОЛСАҢ, КІШІК БОЛ

2357 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ПРЕЗИДЕНТ ШЕШІМІН ОСЫЛАЙ БАҒАЛАП ОТЫР Газетіміздің кешегі нөмірінде Президент Н.Ә.Назар­баевтың Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне және “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнауы жарияланды. Онда Мемлекет бас­шысы ө­зіне Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Парламенті қабылдаған заңдар келіп түскенін, сол заңдарға қол қоюдан бас тартатынын айта келіп, осы ұстанымын дұрыс түсінуді өтінген болатын. Аталған мәселе кеше Парламент палаталарының кезектен тыс пленарлық отырыстарында да арнайы қаралып, онда арнауды есепке алу жөнінде қаулы қабылданды. Біз еліміздің азаматтарынан Президент шешіміне байланысты пікір білдірулерін сұраған болатынбыз. ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ БӘРІНЕН БИІК Қазіргі таңда Қазақстан халқы еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы барлық  табыстарын тікелей Тұңғыш Президентіміздің атымен байланыстырады. Бұл деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің қоғам үшін, еліміз үшін баяғыдан Ұлт көшбасшысы екенінің дәлелі. Ал енді кешегі қабылдаған шешімі де Елбасының мемлекет жағдайын, халық жағдайын бәрінен биік қоятын шын мәніндегі Ұлт лидері екенінің тағы бір көрсеткіші болды. Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары. КІСІЛІКТІҢ ДЕ, КІШІЛІКТІҢ ДЕ КӨРІНІСІ Әр күніме сенімді болуды жастайымнан қалыптастырған едім. Бүгінде мемлекет үшін қажетті қызмет атқарып жүргенімде сол сенімім нығая түсті. Өйткені, мені қорғайтын, қолдайтын Елбасым бар. Республика Конституциясында Президенттің өкілеттіктері айқын көрсетілген. Соларды оқып отыр­ған­да басты байқағаным – сол өкі­леттіктердің бәрі мен өзімді бір там­шысы сезінетін Қазақстан хал­қын қорғауға, қолдауға қызмет етеді екен. Елбасының халыққа, Парла­мент­ке, “Нұр Отан” партиясына арнауын оқығанда Елбасына деген сенімім артып, өзіме барынша етене көретін болдым. Қазақтың “Ұлық болсаң – кішік бол” деген даналығы бар. Сол даналықты Нұр­сұлтан Әбішұлы барынша айқын танытып жүр. Барлық деңгейдегі басшылар осындай болса жөн еді. Біз көп іс атқарып, үлкен та­быс­тарға жеттік. Кейбіреулер соны арқа тұтып, Қазақстан бай дегенді айтып жүреді, анау-мынау шығын­дарға ештеңесі кетпейді дегендей сыңай танытады. Жоқ, өйтуге бол­майды екен, мұны Елбасымыздың арнауынан айқын аңғардық. Бізге, Қазақстанға көп нәрсе қажет, көп елден үйренуіміз керек. Парламент депутаттары айтыл­ған заң жобасын жақсы ниетпен ұсынған болар. Бәлкім, мұндай заң керек те шығар. Бірақ ондай заң болмаса да мен өзімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берік жақтасымын деп санаймын. Ғалия МӘЖИТОВА, “Әлімбет” шекаралық бақылау бөлімінің кіші бақылаушысы. Ақтөбе облысы. БІЗ ҮШІН ЕЛБАСЫ БОЛА БЕРЕСІЗ Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасы Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнауыңызды оқып, ұлтымыздың осындай Ел Басы бар екендігіне айрықша қуандық. Сіздің арнауыңыз Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының жұртшылығын жігерлендіріп, бұдан бұрын айтылған ұсыныс-пікіріміздің ақиқаттығына көзіміз жете түсті. Сіз өз арнауыңызда Қазақстанның нарықтық экономиканың өзіндік үлгісін қалыптастырғаны туралы, еліміздегі саяси тұрақтылық жөнінде, ауқымды интеграцияға ұмтылысымыз тұрғысында, ядролық қарудан бас тартудың жауапкершілігі жөнінде айта келіп, “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайраттарыңызды әрдайым айқын сезіндім. Бұл – орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін”, депсіз. Осы сөздер біздің ертеңгі күнге деген сенімімізді арттыра түседі. Өйткені, біз Қазақстанның болашақ дамуын, өркендеуін, 2030 жылға дейінгі Стратегиямыздың орындалуын тікелей Сізбен, Сіздің басшылығыңызбен байланыстырамыз. Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында елуден астам этнос өкілдері мекендейтін, үш жүз мыңға жуық халқы бар Еңбекшіқазақ ауданы көрсе көз қуанып, көңіл марқаятын деңгейде өсіп-өркендеу үстінде. Ел арасында саяси тұрақтылық, дінаралық келісім нығая түскен. Ауданымыздың елді мекендерінде, аудан орталығында бұрын-соңды болмаған еңселі, жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ғимараттары бой көтерген. Есік қаласы мен елді мекендер арасында күрделі жөндеуден өткен, не болмаса жаңадан салынған автомобиль жолдары сайрап жатыр. Осындай бақытқа және қуанышқа қол жеткізуіміз, Тәуелсіз Қазақстанымыздың әлем елдері арасында абыройлы орын алуы, сөз жоқ, Сіздің қажымас қай­ратыңыздың, ел қолдаған саясатыңыздың арқасында болып отыр. Сондықтан да, аудан тұрғындары Парламент депутаттарының Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаларға өзгерістер мен толық­тырулар енгізуін бірауыздан қолдаған болатын. Біз осы пікірімізде қаламыз. Біздің жүрегімізде Сіз әрдайым Елбасы болып тұрасыз! Жолдан ИМАНҚҰЛОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты; Мәриям ТҰРҒАНОВА, КСРО халық мұғалімі; Сағыныш ЕСБЕРГЕНОВ, еңбек ардагері, Алматы облысының құрметті азаматы. Алматы облысы, Есік қаласы. БӘРІМІЗ ДЕ ОЙЛАНАЙЫҚ Елбасы туралы депутаттар бұрынғы заңға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізіп жатқанда кей­бір баптары көңіліме жақпағанын жасырғым келмейді. Соның ішінде, әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының жеке басына қол сұқпау, қыл­мыс­тық мәселелер қозғамау дейтін тұ­жы­рымдар жұрттың арасында әр­түр­лі ой туғызды. Біреулер мұны көрші елдің басшысы құсап басқа жаққа кетпеуі үшін қажет деп жат­са, енді біреулер “депутаттардың мұнысы несі?” деп түсінбестік білдірді. Елбасымыз өзінің арнауында барынша сыпайылықпен жауап берді. Егер бәзбіреулер күйеу бала­сы Р.Әлиев туралы айтқысы келсе, арнауды қайталап оқып шықсын, сонда түсінеді. Біздің демокра­тия­лық қоғам үшін барлық мәселенің ашық болғаны жөн. Нұрсұлтан Әбішұлы да ештеңені жасырмастан, бәрін ашық айтты. Мені Президент арнауындағы шынайылық қатты риза етті. Бұрынғы күйеу баласының іріткі ісін айта келіп, “маған және менің отбасыма орасан қасірет болды” дегені, “Бұл тек менің жақындарыма ғана емес, мемлекетіміздегі билік басында жүрген барша азаматтар үшін қатаң сабақ болды” дегені толқытты. Иә, бәріміз де ойланайық. Республиканың жұртшылығы Қазақстан Президентін барынша білетін болды. Халық Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың қызметіне өзінің әділ бағасын беріп, Пар­ла­мент заңдастырмаса да қашаннан бері “Елбасымыз” деп келеді. Ал басқаша өкілеттіктер қажет болса, оны Президент былайша түсіндірді: “Егер болашақта елдің дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігіне, мем­ле­кет­тің тұтастығы мен ұлттың мүд­де­сіне қатер төндіретін алмағайып заман туса, мен қосымша өкі­лет­тік­тер сұраймын және бұлтартпас дәлелдер арқылы халықтың қол­дауына толық ие боларыма күмә­нім жоқ”. Мекенбай АТАБАЙҰЛЫ, “Балмұхан” шаруа қожалығының төрағасы,  Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы. ҚАРАҒАНДЫ АЙРЫҚША ҚҰРМЕТТЕЙДІ Жасымыз сексенге жетсе де қоғамдық өмірдің қызу ор­тасында жүргендейміз. Депутат­тар­дың заң жобасына бастамашы болғанынан, оны жұрттың қызу қолдағанынан хабардармын. Бүгінгі жүрдек уақытта қым-қуыт өзге­ріс­тер болып жатқанда Парламент мү­шелерінің Қазақстанға орасан зор еңбегі сіңген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа артықшылықтар беру жөніндегі бастамасына да түсі­ніс­тік­пен қараған жөн. Ел басқару­шы­лардың кейінгі тағдырлары кейде өкініш, кейде алаңдаушылық ту­ғы­зып жатқанда, мұндай заң жоба­сы­ның жасалып, талқыланып, Пре­зи­дентке қол қоюға ұсынылуынан  ешқандай ерсілік көрмейік. Нұрсұлтан Әбішұлын жақсы білемін. Бір кездері Қарағанды шах­таларында қиындықтар болып, кеншілер ереуілге шыққанда, еш­кім­ге дес бермей тұрғанда со­лар­дың бәрін сабасына түсіріп, жұмыс  орындарына қайтарған Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Елді тоқырау жағ­дайынан алып шығып, бүкіл өндіріске жан бітірген де Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Біле білсек, мұндай тұлғалар ұлттың атасы атану­ға әбден лайық. Заңдарға қол қою құзыреті Пре­зидентке берілген. Және бұл заң Президенттің өзіне қатысты болып отырса, түсіністікпен қабылдау керек. Маған Елбасының жұмыс стилі өте ұнайды. Басқа билік тұтқа­сын­да­ғылар, өңір басшылары сол стил­ден үлгі алса болар еді. Қазіргі кез­де жиынқұмарлық, жиналыс өт­кізу­шілік қаптап барады. Бұл өзі жаман әдетке айналып кетпесін. Ка­бинет­тен шық­пау­шылықты, өне бойы билік орын­дарында жүрушілікті тоқтат­қан жөн болар еді. Министр деге­ні­ңіз де облыс әкімдері секілді өн­діріс орындарында жиі болып, апат­тардың, індеттердің алдын алып жүргені жөн. Мемлекет басшысының арнауын мұқият оқығандар мұны түсінеді деген ойдамын. Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың құрметіне, халықтың сеніміне үнемі солардың арасында жүргендіктен, солардың мұң-мұқтажын шеше алғандықтан ие болды. Ал халық барлығына да баға береді, барлығына да төреші бола алады. Мұны ешқашан естен шығармау керек. Қасым КӨРПЕБАЕВ, бұрынғы шахта директоры, Социалистік Еңбек Ері. ҚАРАҒАНДЫ. ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ – ЕЛ МҮДДЕСІ Мұндай маңызды шешімдерді әзірле­генде әуелден 2-3 нұсқа қарастырыла­тыны сөзсіз. Және олардың әрқайсысының артында Президенттің маңайындағы белгілі бір топтардың тұруы да мүмкін. Екіншіден, осы мәлімдеме арқылы Пре­зидент билік жүйесіндегі шешім қабыл­дайтын жалғыз саясаткер екенін көрсетті. Үшіншіден, былтыр осы Ұлт көш­басшысы туралы сұрағанда, бұл фор­маль­ді құқықтық лауазым емес, бұл әлеу­меттік және құбылмалы құбылыс екендігін айтқан едім. Ал ол мойындау деген ұғыммен бірге жүреді. Мысалы, тарихтағы біздің билерімізді формальді түрде сайлау арқылы ешкім сайламаған, керісінше, әділ шешім шығаратын адам­ға әркім келіп жүгініп, бірте-бірте оны мойындайтын адамдар көбейе бер­ген. Президент арнауы осыны айғақтап тұр. Төртіншіден, бұл арнау арқылы Елбасы “Нұр Отан” партиясы мен Парламенттің саяси субъектілігі төмен екенін, яғни олардың дербес институтқа айналмағанын да көрсетіп тұр. Бесіншіден, егер бұл заңға қол қойылса, онда Астанада өтеді деп жоспарланып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің болу ықтималдығы күрт төмендейтін еді. Оны Президент сөзсіз түсінеді. Алтыншыдан, қазір біздің елдегі ең басты мәселе – саяси реформалар. Егер Президент Назарбаев өзі басқарып тұрған кезде терең саяси реформаларды жүргізсе және оның бағыты бірте-бірте Парламент, мәсли­хаттар рөлін көтеріп, өзін-өзі тепе-теңдікке ұмтылдыратын жүйе жасаса, бұл Қазақстанның келесі Президентінің бүгінгі Тұңғыш Президенттегідей өкі­леттілікке ие болмайтынына алып келер еді. Бұл – біздің болашақ тұрақтылы­ғымыз үшін өте маңызды. Мен бұл ойды осыдан 5-6 жыл бұрын Прези­дентке айтқанда, ол кісі: “Иә, мен де өзім осы туралы ойланып жүрмін”, деген болатын. Яғни, келесі Президент­те мұндай өкілеттілік болмауы туралы. Қазіргі таңда біздің еліміз үшін ең маңызды не? Біз үшін ең бастысы – Қазақстанның мүддесі. Бүгінде биліктің маңайында 15-20 жылда миллиардтаған қаржыны қалтасына басып алған алпауыт топтар бар. Олар ешқашан Қазақстанның мүддесін ойламайды. Олар әрдайым өздерінің түрлі заңсыз жолдармен жиған қаражаттарының аман сақталуын ғана ойлайды. Билік ауысар кезде олар елді дүрліктіріп, өзара қырқысқа баруы мүмкін. Сол себепті де қазір өкілетті органдардың рөлін көтеретін заңдар қабылданып, мықты саяси реформа жүрсе, онда олар бір лауазым үшін күресте елдің тағдырын қиын-қыспаққа салмас еді. Әлихан БАЙМЕНОВ, “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы. АСТАНА. НҮКТЕ ҚОЙЫЛҒАНЫ ЖӨН БОЛДЫ Президенттен мұндай шешімді көптен бері күткен едім. Әсіресе, мәселе Парламентте қарала бастаған кезде-ақ “бұл мәселені талқылап әуре болмаңдар, менің өкілеттігім өзіме жетеді” деп тыйып тастағаны жөн еді-ау деп ойлаған едім. Оны Президенттің өзі де айтып отыр: “Сонымен қа­тар, мен Ел Басы мәртебесін тек заңдармен, декреттермен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды деп есептеймін”, дегені бұған дәлел. Бәлкім, Президент бұл мәселеге жұртшылықтың, тіпті Парламент сияқты ресми орындардың көзқарасын білгісі келіп, оның біраз талқыланғанына жол берген шығар. Жоғарыда мұндай шешімді ертерек жасауы керек еді дегенді айттым ғой, бірақ “ештен – кеш жақсы” деген бар, Президенттің бұл шешімі құптарлық. Әлі де жұрт арасында “ел”, “ұлт” деген ұғымдарға нақты анықтама беріліп болмай жатқан кезде, қоғамда “Ел Басы” деген мәселе төңірегінде әртүрлі пікір тудырған айтыс-тартысқа нүкте қойғаны дұрыс болды деп есептеймін. Онсыз да айтыс-тартыс, артық сөз жеткілікті. Хасен ҚОЖАХМЕТОВ, “Отанды қорғау ұлттық майданы” қозғалысының төрағасы. АЛМАТЫ. ПАРАСАТ ЖЕҢІСІ Он алтыншы ғасырда (1530-1596) Жан Боден деген француз саяси ойшылы, әлеуметтанушысы, құқықтанушысы өмір сүрген. Ол “Тарихты оқып-үйренудің жеңіл әдісі”, “Мемлекет туралы алты кітап” деген еңбектерімен әйгілі. Со­ларында мемлекеттік егемен­дік­тің тұтастық принципін негіздеп бер­ген, ұлттық бірлік идеясын қор­ғаған. Оның саясаттануда қағидаға айналған дерлік “Халық немесе мемлекет тізгінін ұстағандар егемен және мәңгі өкіметті ешқандай шарт қоймайтын бір адамның қолына ұстата алады... Егеменді Тақсыр бәрі­нен биік қазы болу орнына өз пар­тиясын құрар болса, ол сол партияның ғана көшбасшысы бо­лып шығады... Бір сектаға бүйрегі бұрып, екінші сектаны (“партия” деп те оқуға болады – Н.О.) өлер­дей жек көретін Тақсыр, сөз жоқ, соң­ғысын, тек Құдай сақтап қалма­са, күш қолданбай-ақ, көндірмей-ақ немесе ешқандай зорлық жаса­май-ақ жойып жібере алады. Өйт­кені, жаужүрек адамдардың рухы өздеріне қарсы күрес күшейген сайын табанды бола түседі де, қар­сылық болмаса, жұмсарады” дейтін сөз­дері бар. “Елбасына “Ұлт көш­басшысы” атағын берейік” деген идея жаһанға жария етілгенде ме­нің ойыма осы сөздер оралып еді. Тоқсаныншы жылдардың басында көтеріліп, халықтың басым көпші­лі­гі қолдаған “Президент бір пар­тия­ның басшысы болмауға тиіс, ол бүкіл елдің, ешқандай жікке бөл­мей, қамын жеуге тиіс” деген прин­цип те ойға оралған. Амал нешік, бұл принцип кейінірек бұ­зыл­ды. “Президент бүкіл елдің бас­шысы” деген қағида Консти­ту­ция­да жазылғанына қарамастан, пар­ламенттік жүйеде қолданылатын пар­тиялық принцип бел ала бас­та­ды. Әуелі Ресейде “Біртұтас Ресей” партиясы құрылып, ол В.Путинді өзінің көшбасшысы деп жария­лады. Бізде “Отан” (кейін “Нұр Отан”) партиясы құрылып, өзін “президенттік партия”, “билеуші партия” деп атай бастады. “Ұлт көш­басшысы” идеясы Парламентте көтеріліп, оның екі палатасы да сол идеяны қолдайтын заң қабылдады. Халық әрі-сәрі күйге ұшырады. Тал­дап жату артық, қысқасы, “бол­ды да партия, ел іші бүлінді”. Міне, сол әрі-сәрілікті кеше ба­спасөзде жарияланған “Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Пар­ламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Сая­си бюросына” Нұрсұлтан Назар­баевтың, Ел Президентінің арнауы нүкте қойды. “Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қою­дан бас тарту жөніндегі ұстаны­мым­ды дұрыс түсінулеріңізді өтіне­мін”, деді. Бұдан анық айту мүмкін де емес. Бұл Елбасының талай ты­ғырықтан алып шыққан парасат­тылығының жеңісі! Осы орайда тағы бір пікірді айт­пай кету обал. Нақ аталмыш идея­мен төркіндес пікірлер бұрын да бір-екі рет айтылған, заң да қа­был­данған, бірақ Елбасы бекітпеген, қол қоймаған. Соған қарамастан, кейбіреулер, әрі әйтеуір біреулер емес, биліктің бір тұтқасы болмаса да, бір тұтқасында жүргендер со­лар­ды жаңаша бір киіндіріп, қайта ұсына беретіні бар. Кеше ғана “қойыңдар” деген сөзді естіп алып, ертеңіне тағы қайталаудың не жөні бар? Олай болса, нақ сондайлар биліктің бір тармағына қалай жармасып алған? Нұрмахан ОРАЗБЕК, журналист. АЛМАТЫ.