Суреттерді түсірген автор
Әуелі алыс-жақыннан келген жазушының оқырмандары, туған-туыстары саябақтағы Оралхан Бөкейдің кеуде мүсініне гүл шоқтарын қойып, жазушы рухына құрмет көрсетті. Осы орайда қаламгердің қарындасы Ғалия Бөкей жазушының атына Астанадан көше берілетінін айтып, мерейімізді өсірді. Бұдан кейін жиналған жұрт Шыңғыстайға қарай ағылды. Мұнда жазушының музей-үйі қайта жөндеуден өтіп, ақсақалдардың батасымен есігін айқара ашты. Жазушы өсіп-өнген қара шаңыраққа енген бетте сол заманға тап болғандай күй кешеді екенсіз. Анасы Күлия мен әкесі Бөкейдің жатын бөлмесіндегі жиһаздар сонау заманнан қаз-қалпында тұрғандай. Ортаңғы бөлмеде Оралханның өзі пайдаланған заттары топтастырылған. Сондай-ақ 80 жылдыққа орай өткен суретшілер пленэріндегі картиналар да музей қорын толықтыратын болады.
Мерейтойға құрметті қонақ ретінде шақырылған Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтап, музей-үйге Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады. Сонымен қатар көршілес Зайсан, Самар, Глубокое аудандарынан келген делегация да музей қорына сыйлықтарын тарту етті.
Қуаныш үстіне қуаныш. Музейдің ауласында жазушының жаңа бюсті ашылды. Әдетте ескерткіштерге сын-ескертпе жиі айтылар еді ғой. Ал бұл жолғы жазушы мүсінін жасамас бұрын суретшілер кеңесі құрылып, әбден пысықталған. «Келісіп пішілген тонның келте болмасы» да сондықтан ғой. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев айтқандай, мұндай іс-шара жазушы есімі жастардың санасында сақталып қалуы үшін қажет. Иә, қалың оқырманы барда Оралханның есімі ұмытылмақ емес.
«Казақ халқы Катонқарағайдан шыққан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы сынды жазушылардың есімін ұмытпауға тиіс. Сондықтан да осындай игі іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрса екен», дейді катонқарағайлық журналист, ақын Жәнібек Қызыр.
Айта кетерлігі, бұл күні «Социалистік Еңбек ері» Бошай Кітаппаевтың туғанына 100 толуына және Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай Катонқарағайда құран бағышталып, ас берілді. Құрметті қонақтарға мерейтойлық медальдар табысталды. Бұдан соң ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған жүйріктер жарыс жолына шықты. Алғашқы он шақырымдық бәйгеде «Бошайдың үш қарасындай» жүлделі үш орынды да Көкпекті ауданының сәйгүліктері әкетті. Ал 25 шақырымдық аламанда мәре сызығын Алматының тұлпары бірінші болып кесіп, иесі су жаңа автокөліктің кілтін еншіледі. Екінші көлік Абай облысының шабандозына бұйырды.
Жақсылардың жақсылығын айта кетейік, мерейтойдың бастан аяқ өтуіне «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры» демеушілік етті.
– Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орайластырылған іс-шаралар кәсіпкерлердің қолдауымен өтті. Биыл қорымызға жергілікті кәсіпкерлер 54 млн теңге көлемінде қаражат жинап, жазушының үйін сатып алып, мұражайға айналдырды. Жазушының мерейтойы бүгінгі іс-шаралармен ғана шектелмейді. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтіп, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағышталады, ас беру жоспарланып отыр. Одан кейін «Қар қызы» пьесасы сахналанады. Ал Алматыда Жазушылар одағының халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өтеді. Жазушының мерейтойын абыроймен өткізу біз үшін аманат», – дейді «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту» қорының басшысы Серік Жүнісов.
Аудан басшылығы мерейтой соңын қорытындылай келе, сахна төрінде оза шапқан шабандоздар мен білекті балуандарға жүлделерін табыстады. Кешкілік Алтай баурайында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты, күмбірлетіп күй төкті. Айтып өткендей, қаламгердің құрметіне арналған ендігі іс-шаралар Астана мен Алматыда жалғасын табады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы