Сұхбат • 28 Тамыз, 2023

Ресейдегі қазақ жастарын біріктірген лига

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2021 жылы өткен халық санағының нәтижесінде Ресейде 591 мың қазақ тұратыны белгілі болды. Ал бейресми дереккөздер 1 миллионға жуық қазақ бар деген болжам айтады. Ресейлік қандастарымыз қоғамдық өмірдегі белсенділігімен ерекшеленеді. Олардың құрған қоғамдық ұйымдары ұлттың бірлігін арттыру, тіліміз бен мәдениетімізді дамытуға зор үлестерін қосып жатыр. Спорт саласында да саламатты өмір салтын насихаттап жүрген белсенді жастар аз емес. Солардың бірі – ресейлік қазақ жастары арасында шағын футбол лигасын құруға бастамашы болған Ренат Сәрсенов «Egemen Qazaqstan» газетіне арнайы сұхбат берді.

Ресейдегі қазақ жастарын біріктірген лига

– Ренат, алдымен өзіңізбен жа­қы­нырақ таныссақ. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Қайда білім ал­дыңыз?

– Мен Волгоград облысының Пал­­ласовка ауданы Комсомол кен­тін­де дүниеге келгенмін. Осы аудан­дағы Қайсақ ауылында орта мек­тепті бітіріп, Волгоград медици­на колледжінде арнаулы орта білім алдым. Сондай-ақ Волгоград мем­лекеттік дене шынықтыру академиясын аяқтап, жоғары білімге ие болдым. Сүйегім – Тораңғыл Бегіс.

– Сіз Ресей қазақтары арасында шағын футбол лигасын құрды деп естідік. Сол жайында толығырақ айтып берсеңіз.

– Ең алғаш рет 2010 жылы шағын футболдан қазақтар арасында Ресей чемпионатын ұйымдастыру туралы идея пайда болған еді. Ол уақытта мен Волгоградта тұратынмын. Дегенмен осы ойымды Мәскеуге көшіп келгеннен кейін ғана жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Осылайша, 2022 жылы «Ресей қазақтарының футбол лигасы» қоғамдық ұйымын құ­руға бастамашы болдым. Маған бұл жұмыстарды ұйымдастыруға Сарытау облысының тумасы, бокс­тан спорт шебері Мерген Есенғалиев пен Мәскеудің футбол саласында танымал тұлға Нұрлан Бекетов көмек көрсетті.

– Қандай да бір жарыстар өтті ме?

– Әрине, осы ағаларымыздың қолдауымен былтыр мамыр айында тұңғыш турнирімізді ұйымдас­тыр­дық. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған шағын футболдан Мәс­кеу кубогіне тек қазақтардан құрал­ған 8 команда қатысып бақ сынады. Алғашқы жарысты сәтті өткізгеннен кейін Мәс­кеу қаласында қазақтар арасында шағын футболдан Тұңғыш Ресей чемпионатын ұйымдастыруға шешім қабыл­да­нып, былтыр қыркүйек айын­да ол да жоғары деңгейде өтті. Бірін­шілікке Астрахан, Волгоград, Са­рытау, Самар, Мәскеу, Орын­бор, Омбы облыстары мен Алтай Рес­публикасынан командалар қаты­сып, өзара кім мықтыны анықтады.

Біз мұнымен тоқтап қалмай, жуырда ғана 22-23 тамыз күндері Омбы қаласында екінші Ресей чемпионатын ұйымдастырдық. Оған еліміздің 9 өңірінен 19 команда қатысты. Жастар арасындағы сында тәжірибелі әрі танымал жаттықтырушы Манарбек Жаңабеков бастап келген Түмен облысының «Қайрат» командасы чемпион атанса, ардагерлер арасында «Омбы» құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Осы жарыстың бас демеушісі болған Жеңіс Садуовқа, техникалық демеушісі Қайрат Елеу­таев басқаратын «Омбы» футбол лигасына және «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қуаныш Елеутаевқа алғысымызды білдіреміз.

– Әңгімемізді Ресейдегі қандас­тарымыздың тұрмыс-тіршілігі жайында жалғастырсақ. Қазір жағ­дайларыңыз қалай? Ана тілімізде сөйлейсіздер ме, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді қандай деңгейде ұста­насыздар?

– Бұл жақтағы қазақтардың тұр­мысы жақсы. Көппен тең қатарда өмір сүріп жатырмыз. Қандастарымыз мәдениет және спорт саласындағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып тұрады. Тілге келсек, өкі­ніш­ке қарай, бәрі бірдей ана тілін­де сөйлемейді. Дінді және дәстүр­лерімізді ұстану жағы әр өңірде әрқалай. Мәселен, қазақтар көп қоныс­танған өлкелерде салт-дәстүрді жоғары деңгейде ұстанады.

– Соңғы уақыттағы санкциялардан кейін тұрмыста, қоғамда қан­шалықты өзгерістер бар? Ата­ме­кенге қоныс аудару туралы ой жоқ па?

– Өзгерістер тек қазақтарда емес, барлық адамның өмірінде болып жатыр. Украинада қақтығыс басталғанда көп танысым мен туысым Қазақстанға көшіп кетті, алайда кейбіреуі қайтып келіп жатты. Кімде қандай жағдай болып жатқанын білмеймін, әркімнің ойы мен ұстанымы әртүрлі. Менің айтарым, Қазақстан біздің тарихи атажұртымыз болғанымен, біз, ре­сейлік қазақтар, өз ата-бабамыздың жерінде тұрып жатқан халықпыз. Бабаларымыз баяғы заманнан осы өңірлерді мекен еткен. Сондықтан мен туып-өскен өңір – қазақтардың байырғы атақонысы.

– Ал жалпы Қазақ елімен қан­дай да байланыстарыңыз бар ма?

– Әрине, бар. Қазақстанда менің туыстарым тұрады. Сонымен бірге спорт саласында араласатын адамдарым көп. Осы жылдың өзінде атажұртқа екі рет барып қайттым.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Спорт саласында алға қойған жоспарларым өте көп. Соның бірі – келесі жылы шағын футболдан қазақтар арасында кезекті үшінші Ресей чемпионатын өткіземіз. Оның қай кезде және қайда өтетіні алдағы уақытта белгілі болады.

– Рахмет. Толағай табыс ті­лейміз.