Көп ұзамай «Росавиация» бұл ақпаратты растады. Бизнес-джет жолаушыларының қатарында Евгений Пригожин есімді азамат болған көрінеді. Сонымен қатар қаза тапқандар қатарында Дмитрий Уткин есімді жолаушы да бар екен. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ол – «Вагнер» командирі. Әлі күнге дейін Е.Пригожиннің өлімі ресми расталған жоқ. Дегенмен Ресей президенті Владимир Путин апаттан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып үлгерді. «Алғашқы деректер ұшақта «Вагнер» компаниясының қызметкерлері болғанын көрсетеді», деді Кремль басшысы.
Апатқа ұшыраған «Embraer Legacy 600» ұшағы, шын мәнінде, Е.Пригожинге тиесілі. Транспондер сигналдары арқылы темірқанатты көліктердің ұшуын бақылайтын «Flightradar24» қызметі RA-02795 тіркеу нөмірі бар «Embraer Legacy 600» рейсін болғанын растайды. Ол Мәскеу уақытымен 17.59-дан 18.11-ге дейін ұшқан. Деректерге сүйенсек, ұшақ транспондерді әуеде қосқан. Сол кезде әуе кемесі Мәскеу түбіндегі Зеленоград қаласының маңында 3,7 шақырым биіктікте, сағатына 585 шақырым жылдамдықпен биіктікке көтеріліп бара жатқан. Ал Шернево ауылының маңында транспондер сигнал беруді тоқтатқан көрінеді. Ұшақ Куженкино ауылы маңында құлаған. Екі елді мекеннің арасы жарты километрге жуық.
Әзірге апатқа не себеп болғаны нақты айтылған жоқ. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары бірқатар теория жасап үлгерді. Соның ішіндегі ең танымалы – әуе кемесінің бортында бомба қойылуы мүмкін не оны әуе қорғаныс құралдары атып құлатуы ықтимал. Апаттан кейін кешке РБК агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап, тергеушілер ұшқыш қатесі, техникалық ақау және сыртқы ықпал секілді нұсқаларды қарастырып жатқанын хабарлады.
Әдетте, әр авиациялық оқиғадан кейін тергеушілер бірнеше нұсқаны тексереді. Бұл – стандартты үрдіс. Негізінен әуе кемесі экипаждың немесе техникалық персоналдың қателігінен, жабдықтың дұрыс жұмыс істемеуінен, сыртқы себептен апатқа ұшырайды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларға сүйенсек, ұшақ құлап бара жатқанда одан түтін шығып жатқаны көрінеді. Оған қоса, темір құстың қалдығы бірнеше шақырымға шашылған. Мұның бәрі түрлі қастандық жасалды деушілердің күдігін қалыңдата түсті. Дегенмен тергеу амалдары аяқталмайынша нақты кесіп-пішіп айту қиын.
Кең тараған нұсқаның, әсіресе «Вагнер» компаниясына тиесілі телеграм каналдар жиі келтіретін себептің бірі – ұшақ бортындағы жарылыс. Бұған дәлел ретінде олар әуе кемесінің аспанда құлап келе жатқанда-ақ бірнеше бөлікке бөлінгенін алға тартады. «База» арнасы дереккөздерге сілтеме жасай отырып, бомба ұшақтың әжетханасына қойылуы мүмкін деп хабарлады.
«Financial Times» газетінің хабарлауынша, ұшақты әуе қорғаныс құралдары атып түсірген. Бірақ жасырын дереккөзге сүйенгенімен, басылым бұған нақты дәлел келтірмейді. Сондай-ақ осындай пікірді ұстанатын «Вагнер» компаниясына жақын телеграм каналдар бар. Бұл нұсқа да негізсіз емес. Біріншіден, әуе кемесі құлап келе жатқан видеода ұшақтың маңынан созыла жалғасқан ақ түтін байқалады. Бұл – ракетадан қалған болуы ықтимал.
Екіншіден, куәгерлер кемінде екі жарылысты естігенін айтады. Оған қоса, фотоларда құлаған ұшақтың фюзеляжынан бірнеше кішігірім тесіктер көрінеді. Яғни ракета тиген деген пікірге сенетіндер мұны да алға тартады. Бірақ бұл нұсқаның да кемшілігі жетерлік. «Embraer Legacy 600» радардан өшкен кезде шамамен 8,5 шақырым биікте ұшып бара жатқан. Оны атып құлату үшін өте қуатты әуе қорғаныс кешені керек. Қарапайым зениттік құрылғымен мұндай қашықтағы ұшақты атып құлату қиын. Ал «Бук» секілді кешендердің ракетасы өте үлкен. Алда-жалда әуе кемесін «Букпен» атып құлатса, онда фюзеляжда үлкен тесіктер қалуға тиіс.
Бұдан бөлек, бірнеше нұсқа да бұқаралық ақпарат құралдары бетінде талқыланды. Олардың қатарында ұшақтағы техникалық ақау, пилоттың қателігі, табиғи апат секілді себептер бар. Алайда «Embraer» компаниясы өте беделді, ал құлаған «Legacy 600» бизнес-джеті өте қауіпсіз темір құстың қатарында. Бұған дейін осы санаттағы әуе кемесі бір-ақ мәрте апатқа ұшыраған. Оның өзінде, пилоттың қателігінен екінші ұшақпен соғысқан.
Апаттан кейін әлемдік медиа ресурстар жаңалықты жарыса жазды. Әсіресе көпшілігі осыдан екі ай бұрынғы қарулы көтерілісті мысалға келтіреді. Мәселен, «Daily Star» таблоиды «Пригожиннің өлімі ешкімді таңғалдырмайды» деп жазды. «Daily Express» басылымы «Таңғаларлығы жоқ. Содырлардың басшысы және Путиннің қарсыласы ұшақ апатынан қаза тапты» деп хабарлады. Ал «Daily Mirror» оқиғаны «Путиннің кек алуы» деп сипаттады. Дәл осындай тақырыппен «The Sun» газеті де мақала жариялады.
Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын «Вагнер» тобының жетекшісі Евгений Пригожин көтеріліс ұйымдастырып, Ростов қаласының әкімшілік ғимараттарын басып алып, Мәскеуге беттеген. Ел астанасына жүздеген шақырым қалғанда ауыр техникалардан құралған колонна тоқтап, Кремль басшысы В.Путинмен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, Е.Пригожин райынан қайтып, Беларуське кетті.