Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазақ өнімдеріне қызығатындар көбейді
Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына оңтайлы әсер етті. Сонымен қатар мемлекет кәсіпорындардың экспорттық шығындарын да өтейді. Өнімнің құрамдас бөліктерінде отандық материал үлесі қаншалықты көп болса, алатын өтемақы да соншалықты жоғары болмақ. Кейінгі бірер жыл бедерінде кәсіпкерлер несібесін көбейтуге халықаралық маркетплейстер қомақты үлес қосып жатыр. Соның бірі – жаһандық алпауыт «Alibaba.com» электронды сауда алаңы. «Alibaba» – әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған сатып алушы мен жеткізушіге қызмет көрсететін, көтерме сатып алуға арналған халықаралық көшбасшы платформа.
Оның көмегімен кәсіпкерлер өз тауарын экспортқа оңай шығарады. Қазір Alibaba.com алаңында 7 500 отандық тауар көпшілік назарына ұсынылып жатыр. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бізге берген ақпараты бойынша отандық тауарлар арасынан, әсіресе, ұн, бал, ет, өсімдік майы, жарма, астық өнімдері, кебек, мал азығы ерекше сұранысқа ие. Электронды алаңға шығарылған қатысушылардың 90 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері.
«QazTrade» сарапшыларының айтуынша, отандық өндірушілер халықаралық маркетплейс арқылы Қытай, Өзбекстан, БАӘ, Түркия, Ресей компанияларымен келісімшарттар жасасқан. Кейінгі кезде Еуропа елдері, Моңғолия, АҚШ, Иран тарапынан да біздің өнімдерге деген қызығушылық байқалады.
«Маркетплейс – B2B («business to business») платформа, яғни сатып алушы мен жеткізушіні байланыстырады, бірақ өзі тауар жеткізумен айналыспайды. Тауар партиясына қол жеткізу үшін әлеуетті сатып алушы сатушыға сұраныс жібереді және тауарды жеткізіп беру бойынша барлық шарт пен мән-жайды талқылайды. Alibaba арқылы экспортты жүзеге асыратын компания дәстүрлі экспорттық жеткізу кезіндегідей проблемалар спектріне тап болады. Бұл ретте платформаның халықаралық онлайн B2B көрме екенін, оған бір сәтте миллиондаған адам мен экспорттаушылардың кіріп, әлеуетті сатып алушыға өз өнімін көрсететінін түсіну керек. Біздің өндірушілердің міндеті – әлеуетті сатып алушыларды қызықтыру», дейді «QazTrade» сарапшылары.
«QazTrade»-нің көмегі неде?
Кері байланыс та – елеулі фактор. Статистика бойынша келіп түскен сұраныстарға дереу жауап беретін компаниялар өз тауарларын табысты сатады екен. Әрине, сұраныс түскеннен кейінгі мәміле жасасу дәстүрлі экспорттау әдісінен өзгеше емес. Бұл ретте басты проблема ретінде логистиканы айтуға болады дейді мамандар. Белгілі бір елдерге Қазақстаннан тауарды жеңіл әрі арзан шығару әр кез мүмкін бола бермейді. Бұл ретте сауда саясатын дамыту орталығы отандық экспорттаушыларға экспорттық қызметтің барлық кезеңінде ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетеді. Қызметтер қатарына көптеген игі мүмкіндік кіреді. Атап айтқанда, тартымды нарықтарды таңдау, әлеуетті жеткізушілерді іздеу, тауар жеткізуді ұйымдастыру, оңтайлы жеткізу маршрутын табу.
Alibaba Group стратегиялық даму бойынша вице-президенті Крис Зоудың айтуынша, платформадағы ең танымал тауарлар – тамақ және сусын, ауылшаруашылық өнімдері, сән және денсаулық тауарлары, киімдер.
«Олардың көбін қазақстандық кәсіпорындар мен өңірдегі көршілес елдердің компаниялары ұсына алады. Егер Alibaba.com бұрын Вьетнам және АҚШ жеткізушілеріне қызықса, осы жылдан бері алаң Қазақстанға көбірек көңіл бөлуге көшті. Біз сатушылар арасында да, сатып алушылар арасында да қазақстандық өнімдерге қарай бағытталып жатқан үлкен бизнес-белсенділікті байқап отырмыз. Қазір біз тауарлардың қай санаттарының экспорттық бағдарлануы жоғары екені туралы зерттеулер жүргізіп жатырмыз, олардың әлеуетін зерттеп, алаңда табысқа жете алатын компанияларды «QazTrade»-пен бірге анықтаймыз», дейді К.Зоу.
Орталық Азия бойынша аға бизнес-менеджер Дэниел Чжоу қазақстандық өндірушілердің жеңіл тағам, тұқым, кептірілген жеміс, кондитерлік өнім, консерві, халал ет өндірісіне бағдарланғаны дұрыс болар еді дейді.
Alibaba қойған талап
Кәсіпкерлер үшін ең қызығы – платформаға шығу үшін қандай талаптардың қойылатыны. Орталық мамандарының түсіндіруінше, компанияларды іріктеу қазақстандық тауар өндірушілері мен сауда компанияларын іріктеудің бекітілген ережесіне сәйкес жүргізіледі. Іріктеліп шыққан компаниялардың барлығына Gold Supplier мәртебесі бар аккаунттар беріледі. Ереже бойынша іріктеуге тиісті квалификациялық талаптарға жауап беретін ұйымдар қатыса алады. Бұл реттегі ең басты критерий – тауардың шығу тегі туралы сертификаттың болуы. Мемлекет қолдауымен платформаға шығарылатын барлық өнім елімізде өндірілген болуға тиіс.
Сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелгеннен бастап іріктеуге қатысуға өтінім бергенге дейінгі аралық 6 айдан аз болмауы керек. Платформадан орын алуға үмітті кандидаттың салық берешегінің бар екені де тексеріледі. Салық қарызы болса, іріктеуге жіберілмейді. Оған қоса экспорттық қызметті атқару үшін тиісті жеткілікті ресурсы бар екенін де дәлелдей алуы шарт. Тағы бір айқын талап – платформаға үміткер компанияда ағылшын тілін меңгерген бір штатты жұмыскердің болуы. Цифрланған контенті бар ресми сайтының болуы, яғни кәсіби фотолары, тауардың бейне сипаттамасы, компанияның бейне таныстырылымы, ағылшын тіліндегі өнім каталогының болуы да – міндетті талаптар қатарында.
Gold Supplier мәртебесі
Биыл 70 шағын және орта бизнес кәсіпорны «алтын» аккаунт мәртебесін иеленбек. Бұл мүмкіндік оларға бір жылға беріледі. «Алтын» аккаунттың болуы арқылы платформада компанияның мини-сайты рәсімделіп, қайтарымсыз негізде Alibaba.com ресми сервис-серіктесінен сервистік қолдау алады.
Ерекше мәртебеге ие болған жеткізушілер Alibaba алаңының маркетингтік құралдарын пайдалана алады. Оны қалай пайдалану керектігін «QazTrade» әрбір қатысушыға егжей-тегжей үйретеді. Бұл құралдар – жарнама, онлайн-аудармашы, жария сұраныстар сервисі. Сауда алаңының парақшасында сатып алушы онлайн-дүкенді, тауардың, компанияның тауар атаулары жазылған каталогтың қайда орналасқанын көре алады.
Gold Supplier – тауар жеткізушінің премиум-мәртебесі. Ондай жеткізушілерге өз тауарын ілгерілету үшін кешенді тәсілдер қолжетімді. Аудиторияны мейлінше молынан қамти алады. Gold Supplier – Alibaba.com каталогындағы компаниялардың ақылы мүшелігі. Осы мәртебеге ие бүкіл жеткізуші заңдық мәртебесін және компания кеңсесінің физикалық бар екенін (зауыт, қойма) растайтын верификациядан өтуге міндеттеледі. Gold Supplier Membership-ті пайдаланатын компаниялар мини-сайттан бөлек мынадай игіліктерге қол жеткізеді: тауарлар мен қызметтерді кез келген мөлшерде орналастыра алады, іздеу жүйесінде басымдыққа ие, Rate for quotation (RFQ) жария сұраныстардың тендерлік базасына қолжеткізеді, cатып алушылардың сенімі.
«Тексерістен сәтті өткеннен кейін жеткізуші Gold Supplier (Алтын жеткізуші) белгісін компания атауының қасына орналастыру құқығын иеленеді. Бұл белгі жеткізушінің қызметі заңды және тіркелгенін әйгілейді. Сонымен қатар белгіде жеткізушінің (сатушының) бұл мәртебені қанша уақыт иеленіп келе жатқаны көрсетіліп тұрады. Іріктеуден іркілмей өткен компанияларға экспортты бастау үшін оптималды қызметтер пакеті ұсынылады. Сондықтан электронды алаңқайда жұмысты ешқандай тәжірибесіз бастап кету де қорқынышты емес», дейді мамандар.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы басшысының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, «алтын» аккаунт алу – істің тең жартысы ғана.
«Әлеуетті серіктестермен тиімді жұмыс істеу және сатылымда табысқа жету бизнесменнің қаншалықты күш салуына байланысты. Нәтижеге жетемін деп нақты мақсат қойған кәсіпкер компания ішінде мониторинг жүргізеді, ағылшын тілін меңгерген жауапты менеджерді бекітеді, контактілер базасын жинайды, сервистік серіктестермен үйлесе қызмет атқарады. «QazTrade» өз тарапынан экспорттаушыларға e-commerce қыр-сырын түсіндіруді, консультациялық қызмет көрсетуді тоқтатпайды», дейді ол.
3 жылда – 300 млн доллар
Өнімді шетелге экспорттау үшін өзіміздегі өндіріс қуатының жоғары болуы қажет екені белгілі. Сарапшылардың айтуынша, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсім» Ұлттық жобасы аясында өңдеуші өнеркәсіптегі өнімдер көлемін 2025 жылға таман 1,5 есе және шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін екі есе арттыру көзделген екен. Әрине, жоба сәтімен іске асса, онда көрсетілген межеге жетерміз және бұл өз кезегінде отандық экспорттық әлеуетті де көтеретіні айқын.
«2020-2022 жылдары 220 компания Alibaba платформасына орналастырылды. Бағдарлама қатысушыларының 2020-2023 жылдар аралығындағы сатылымының жиынтық көлемі 300 млн долларға жуықтайды. Биыл отандық компанияларды халықаралық сауда алаңына шығару бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр», дейді «QazTrade».
Трамптың табысы
Сауда платформасына сәтті шығып, экспорттық әлеуетін де, өндірістік қуатын да еселеп үлгерген отандық компанияның бірі – «Afilter.Kz» компаниясы. Бұл компания 2016 жылдан бері су фильтрін шығарумен айналысады және бұл өндірісті елімізде қолға алған тұңғыш кәсіпорын. Компания президенті Трамп Айдархановтың айтуынша, олар алдымен ресейлік және қытайлық бәсекелестерді нарықтан ысырған, содан кейін өндірістік қуатын молайтқан, экспорттық ауқымы кеңейген, ал қазір елдегі ірі жылу-энергетикалық кешендер мен компанияларды, одан бөлек қарапайым халықты да су фильтрімен қамтамасыз етіп отыр. Нарықтағы қазіргі қамтамасыз ету үлесі – 8-10 пайыз шамасында. Бірақ келер жылы бұл үлесті 35-40 пайыз деңгейіне көтермек. Қазір зауыт күніне 1 500 фильтр өндіреді. Бір айда 25-30 мың фильтрді нарыққа шығарады.
«2020 жылы, пандемия басталардан екі ай бұрын, қаңтарда бізге «QazTrade» хабарласып, өнімдеріңізді экспорттауға қалай қарайсыздар, біз сіздерді Alibaba платформасына шығатындар тізіміне қоссақ деп ұсыныс жасады. Біз, әрине, қуана келістік. Наурызға дейін екі ай оқытты. Сөйтіп, қосты. Дәл сол кезде карантин де басталды. Сәуір айында Alibaba арқылы Өзбекстаннан хабарласып, фильтр сұрады. Шілде айында алғашқы экспортты жүзеге асырдық. Бір газель фильтр жөнелттік. Одан кейін Македониядан ұсыныс келді. Бірақ Еуропаның талабы басқа екен, экспорт жасау кезінде аздап қиындық туындады. Бұл кезде де «QazTrade» көмектесіп, Еуропалық одақпен және Дүниежүзілік сауда ұйымымен шарты аясында екі апталық оқуға жіберді. Еуропа тауардың экологиялық тазалығына баса мән беретіндіктен қағаздың бетінде қандай материалдан жасалғаны жазылып тұру керек екен. Кейін сұрыптауға, қайта өңдеуге жіберетіндіктен пакеттің қанша жылда шіритінін де білуі керек. Пластиктің де қанша уақытта бұзылатыны жазылады. Пластик зауыттан шыққан жаңа ма, әлде қолданылған ба дегенді де қадағалайды. Өйткені фильтр суға қойылады, ал ол ішетін су болса адам денсаулығына әсер етеді. Біз 200 дана фильтрдің барлығын осы талапқа сәйкестендірдік. Бірден қабылдап алды», дейді Т.Айдарханов платформаға шығу тарихымен бөлісе отырып.
Сауда платформасы арқылы Қырғызстан да компания тұтынушысына айналған. Жалпы алғанда, халықаралық платформаның арқасында 10-20 мың доллардың экспортын жасаған.
Қазір Alibaba.com маркетплейсінде 230 мың «алтын» жеткізуші, 5 900 ішкі санат, 200 млн-нан аса тауар бар. Күн сайын платформада сатып алушылардың 400 мыңнан аса сұранысы орналастырылады.