Футбол • 28 Тамыз, 2023

Күткеніміз осы ғой!

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл – Qazsport комментаторының Бақтияр Зайнутдинов гол соққан сәтіндегі жар салған жүрекжарды сөзі. Иә, бүкіл қазақтың көгілдір эк­ран­ға тел­міріп, Еуропаға кеткен ба­ла­­ның қадамынан күткені осы еді.

Күткеніміз осы ғой!

Үкілеген үміттің үдесінен шығып, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Түркияның «Бешикташ» командасы сапындағы алғашқы ойынында бірінші голын салды. Бұл әрі жеңіс голы болғандықтан, Бақтиердің дебютін жарқырата түсті.

Осынау тарихи сәтке түркиялық клубтың Конференция лигасының плей-офф сатысында Украинаның «Динамо Киев» командасына қарсы ойынында куә болдық. Қазақ халқы дәл осы матчтан жақында ғана «Бешикташ» клубына ауысқан Бақтияр Зайнутдиновтің дебютін асыға күтті. Ойынға екінші таймда қосылған отандасымыз өзіне артылған сенімді толықтай ақтады. Таразы басы теңесіп, қай жағына ауары белгісіз теңселіп тұрған шақта Зайнутдиновтің ойын соңына таман соққан голының салмағы басып кетті. Матчтың 94-минутында Бақтияр командаласы Милот Рашицаның алдына қолмен қойғандай әдемі пас шығарған, бірақ ол доп­ты ырқына көндірем дегенше қорғаушы алдын жауып үлгерді. Осы сәтте Рашица айып алаңына еніп үлгерген Бақтиярға пас берді. Ал Бақтияр допты бірден қақ­паға бағыттап, жеңіс голын жарқ еткізді. Осылайша, жарқын дебютімен қазақ жұртын ғана емес, түрік бауырларымызды да қуанышқа бөледі.

Еске сала кетсек, Бақтияр Зайнутдинов өт­кен аптада ғана мәскеулік ЦСКА клубынан ыстан­бұлдық «Бешикташ» клубына ауысты. Трансфер құны 4,5 млн еуроны құрады. Ал отандасымызбен келісімшарт 4 жылға жасалды және оның маусымдық жалақысы 1,2 млн еуро болмақ.

Тараз футбол мектебінің түлегі Бақтиярдың бұдан былай Еуропадағы үздік лигалардың бірінде доп тебетіні бәріміздің көңілімізді бір көтеріп қойды. Өйткені қазақ жастарының ең үздік клубтарда ойнағанын отандастарымыз көптен бері армандап келеді. Сондықтан Бақ­тияр­дың да, басқа да ұлттық құрама ойын­шы­ларының да болашағынан күтеріміз көп!