Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – графика, оның ішінде линогравюра мүмкіндіктерін көрсету және оны көпшілікке насихаттау.
Көшпелілер өмірінен сыр шертетін графикалық көрмеге келген суретшілер, өнертанушылар мен қонақтар автордың еңбегіне жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық көзқарастарын танытты.
Жазушы-публицист Шархан Қазығұлов: «Үлкен ауқымда ой айтатын адам. Адам мен әлемнің байланысы, қазіргі қоғам мен адам, біздің салт-дәстүр мен мәдениетіміз – Батухан Байменнің шығармашылығының ең негізгі тақырыптары», деді.
Суретші, профессор, «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразиялық Өнер академиясының президенті Лейла Махат: «Жалпы, графиканың ішінде гравюра – суретшілер сирек айналысатын сала. Автор өз шығармалары арқылы тұтас қоғам мен ондағы әлеуметтік мәселелерді көрсетіп отыр. Бұл туындылардың басты құндылығы – қол жұмысы. Бір жұмысты әзірлеуге апталап, кейде тіпті айлап уақыт кетеді, ал бұл жерде 80-ге жуық туынды қойылған».
Өнертанушы, Өнер академиясының академигі Нелли Шиврина: «Графиканың линогравюра тәсіліне ден қойған суретші қағаз орнына матаны қолдана отырып, үлкен туындылармен жұмыс істейді. Ал оның көлемі тұрғысында айтар болсақ, әлемде дәл осындай алып линогравюраға қиындығымен қатар техникалық күрделілігі үшін екінің бірі оңайшылықпен беттей алмайды», деді.
Батухан Байменнің мәңгілік құндылықтарды арқау еткен шығармашылығы кең ауқымды, эпикалық тақырыптарға терең бойлайды. Суретші күллі дүниені дүр сілкіндірген түркілер тарихы мен Алтын орданың дәуірлеген шақтарын ерекше бейнелеген.
Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сондай-ақ Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипр елдерінде өткен.
Көрме Ұлттық музейдің 4 қабаттағы №2 Бейнелеу залына қойылып, 78 дана туынды ұсынылды. Көрме 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.