Кеңесте білім беруді цифрландыру, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, электронды оқулықтар, көпмәдениетті ортаны қалыптастыру, дәстүрлер мен инновацияларды синтездеу жайында сөз қозғалды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмасына орай, оқу құралдарын цифрлық форматқа көшіріп, білім берудің инновациялық жолдарын қарастыру міндеттелді. Бұл – өте маңызды қадам. Ол білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. Осы ретте қала мен ауылдағы орта білім алшақтығын қысқарту мақсаты тұр. Сонымен бірге педагогтердің цифрлық білімді оқу барысында қолдану үшін біліктіліктерін арттыру көзделіп отыр. Ол бірінші кезекте балалардың зейінін ашу, білімге деген құштарлығын ояту үшін қажет. Осылайша, елімізде адам капиталы дамиды. Сондай-ақ тапсырма бойынша балабақшаларға бірыңғай кезек платформасын енгізу жоспарда бар. Соның көмегімен ашықтық пайда болып, жемқорлықтың жолы кесіледі. Әрі ата-ана алдында төрт балабақшаны өз ыңғайына қарай таңдауға мүмкіндік туады. Кезек саны, жағдайы мен бос орны бар балабақшалардың тізімі жасақталады. Бұдан бөлек, оқушыларды оқу құралдарына қол жеткізу, мектепке кіру және асханадан төлем жасау үшін бірыңғай картамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Мұны барлық мектепке енгізу қажет. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде Астанада бар. Шымкент шаһарында да сәтті жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде балалар тамағына бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеуге, ата-аналарға ұл-қыздарының қай жерде жүргенінен хабардар болып отыруға көмектеседі. Осы бастамалардың барлығы жергілікті атқарушы органдармен және платформа жасаушы компаниялармен бірлесіп іске асырылып жатыр, – деді Айбат Ілиясов.
Министрлік өкілінің айтуынша, әрбір жергілікті атқарушы билік конкурстық негізде цифрлық платформа ұсынушы компаниялардың сервистік қызметін сатып алады. Ал ел ішінде ІТ компаниялар өте көп. Мұның өзі ІТ өнімдер нарығының республикада жоғары қарқынмен дамып жатқанын көрсетеді. Өз кезегінде бұл ортада бәсекелестік тудырып, мектептердің сапалы цифрлық платформаларды сатып алуға мүмкіндік береді.
А.Ілиясов жергілікті әкімдіктермен бірлесіп интернет мәселесін де шешіп жатқанын мәлімдеді. Ел бойынша 7 600 мектеп сапалы интернетке қосылған. Шілде айында білім ошақтарындағы интернет жылдамдығы әлсіз болып, ол тамызда өз шешімін тапқан. 2024 жылы республикадағы білім ұяларында техникалық мүмкіндік 80%-ға жақсарады. Ал қала мен ауылдардағы мектептердің айырмашылығын азайту мақсатында осы жылы Ақтөбе облысында қанатқақты жобаны бастау көзделіп отыр. Ол шағын жинақты мектептерді жаңғыртуға бағытталған. Осыған байланысты 134 мектеп таңдалған. Олардың барлығы компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда педагогтер мен мектеп әкімшіліктері инновациялық жолмен білім беру мен цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану бойынша арнайы курстан өткен. Сонымен бірге электронды оқулықтарға тегін қолжетімділік болады. Бұл тәжірибе кейін республика көлемінде бүкіл мектепке таратылады. Яғни компьютермен жабдықталу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру өңірлердегі білім ошақтарында кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Айта кету керек, Шымкент қаласы мектептерді цифрландыру және мұғалімдердің цифрлық әлеуетін арттыру үдерісі бойынша өңірлер арасында үздік үштікке енді.
ШЫМКЕНТ