Экономика • 29 Тамыз, 2023

Суармалы алқап көлемі ұлғаяды

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға таман суармалы алқаптарды 2,2 млн гектарға жеткізу туралы Үкіметке пәрмен берген еді. Бұл ретте өңірімізде суармалы алқап ұлғайып келеді. Егістіктегі шаруалардың жұмысы ширап, қамба құнарлы астыққа тола бастады. Әсіресе, астықты Абай ауданындағы диқандар мемлекеттің демеуін сезініп, егістіктегі өнімдерін еселеп алып жатыр.

Суармалы алқап көлемі ұлғаяды

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақтағы суармалы жердің жалпы ауданы 89,7 мың гектар­ды құрайды. Ал оның 64,7 мың гектары – ірілі-ұсақты ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өн­діру­шілердің иелігінде. Яғни 72,1 пайызы. Жоғарыда атап өт­кен­біз, мұндағы көшелі көрсет­кіш­те Абай ауданындағы шаруа иеле­рінің үлесі әжептәуір. Әсі­ресе «Аскер KZ» ЖШС же­тек­шісі биыл астық көлемін үш есе өндіріп алмаққа үмітті. Құлайғыр ауылынан 16 шақырым қашықтықтағы алқабына, яғни 150 гектар аумаққа арпа екен. Бұл жерді ұзақ мерзімге жалға алған. Шаруашылығында 10 жұмыскер бар. Шаруа қыза түскен астық жинайтын уақытта жұмыскерлер саны елуге дейін барады. Барлығы – Құлайғыр ауылының тұрғындары.

Шаруа жетекшісі Максим Ве­линский бұған дейін бір гектардан 7-10 центтер арпа жинаса, биыл суармалы алқаптан 30 центнер өнім аламын деп отыр. Максим мырза мемлекет субсидиясының септігін көріп отыр. Суармалы алқапты жабдықтау кезінде жұмсалған қаржының дәлме-дәл жартысын Үкімет төлеп берді. Инвестициялық жобаның игілігін көрген диқан келер жылы тағы 150 гектарды суармалы алқапқа айналдырмақ. Ол үшін аустриялық «Bauer» маркалы екі суару машинасы, сорғы стансасы және құ­быр сатып алады. Тіршілік кө­зін шаруашылығына жақын ор­на­ласқан су бөгеттерінен тар­та­мын деген жоспары бар. Жасы­ратыны жоқ, Кеңес өкіметі құла­ған соң суармалы жерлердегі су құбырлары, ирригациялық желілер қирап қалғаны бар. Қазір сол бөгеттерді, тоғандарды, жалпы су келетін көздерді қалыпқа кел­тіру жұмыстары да жүйелі жүріп жатқанын да айта кеткен жөн.

Диқан өз өнімін Қарағанды­дағы құс фабрикалары мен мель­комбинатқа өткізеді. Ал гектарына 30-35 тонна картоп алатын М.Велинский өнімдерін Қазақ­станның басқа қалаларына экспорттайды. Бұл жердің картобын ел біршама танып қалған. Арнайы Германиядан элиталық сорттың түр-түрін әкеліп, өсіреді. Содан да болар, шаруагердің тұрақты тұтынушылары көп.

Абайдағы Көксу ауылының картобына көпшілік сүйсінеді. 120 гектарға картоп салып отырған Вла­димир Гергелюк те былтыр Үкі­­мет субсидиясы демеу болып, суару техникасын алған. Ша­руа­­гер­лердің нұсқауымен суару тех­ни­ка­сының «T-L» деген маркасын таңдапты. Биыл қолданыста екін­ші жыл екен. «Әзірге ешқандай кем­ші­лігін көрген жоқпыз», дейді диқан.

Владимир – осы өңірдің тумасы. Егістікпен айналысу ежелгі арманы екен. Осы бағыттағы шаруаны дөңгелетіп келе жатқандарына да 20 жылға жуықтапты. Отбасы­мен осыны кәсіп қылған. Алғаш­қыда 1 гектарға көкөніс, же­міс-жидек өсіріп, саудалапты. Содан кейін жер алып, егін сала бастап, қазір көбіне картоппен айна­лысады. Шаруа иесі «жеріміз аса көп болмаған соң, қымбат кар­топ түрін еге қоймаймыз» дейді. Кар­топтың бір ғана «Гала» сор­ты­ме­нен-ақ өнімдерін сыртқа экс­порт­тап жатыр. Алматыға, одан әрі Өз­бекстан асады екен. Суар­малы ал­қап бұл шаруаның да өнім кө­лемін ұлғайтып отыр. 1 гектардан 25 тон­на, тіпті 30 тонна картоп алады.

Бұл технологияның тиімділігін түсінген Владимир келер жылы да суармалы алқап көлемін көбейткісі келеді.

– Қаншама адам жұмсайтын қажыр-қайратты бір ғана техника атқарып шығады. Жұмыстың жеңілдегенін атап өткеніміз жөн. Керек уақытында машинаны қосасың, қажетті алқабыңды су­ғарып береді. Өзің басқа жұ­мы­сың­ды атқара бер, дейді В.Гергелюк.

Шаруасын әртараптандыруды да талап қылып отыр. Егістікті жолға қойды, енді мал шаруашы­лығымен айналысуға ниетті. Қазір 15 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Науқан кезінде тағы 15 жұмыскерді еңбекке тартады екен.

Сонымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидаларының, «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жобасына сәйкес суару техникаларын сатып алу, онымен қоса суару жүйелерін құру кезінде шыққан шығынның 50 пайызын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау» қағидасының 6-тар­мағына сай су беру жөнiндегi қызметтердiң де құны субсидия­ланады. Мұны облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Омарбаев атап кетті.

Қазір облыстағы бес ауданның аумағындағы елуден аса шаруашы­лық жеткілікті мөлшерде сумен қам­тамасыз етіліп отыр. Басым бөлігі – Абай ауданында, 31 диқан­шылық ұйым бар. Суармалы жерді суаруға қажетті судың жетіс­пеу­ші­лігі туралы мәселе жоқ. Деген­мен облыс басшылығы су қойма­ларын әлі де көбейтуді мақсат етіп отыр.

– Диқандардың заманауи үнем­деу технологияларын белсенді енгізуі көптеп көмегін тигізуде. Мәселен, былтырдың өзінде 24 шаруашылық 780 млн теңгеге 40 машина сатып алды. Өз кезегінде бұл инвестиция су шығынын 1,5 есе азайтуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, аз шығынмен көл-көсір өнім алады, дейді сала маманы Б.Омарбаев.

Басқарма берген ақпаратты арқау қылсақ, суармалы алқап жұмыстары бойынша облыс қазынасынан 400 млн теңге субсидияланыпты. Демек, өңірдегі көп диқан көп-көрім көмекті сезініп отыр. Осыған қарап түйгеніміз, Арқада суармалы алқап көлемі ұлғайып келе жатыр.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы