Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Парламент қабылдаған Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қоюдан бас тартып, Қазақстан азаматтарына, ел Парламентіне, “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына жолдаған арнауын кеше Сенаттың кезектен тыс жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жария етті.
Арнауында Елбасы Парламент депутаттарының өзіне жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымын дұрыс түсінулерін өтініп, “Ел Басы” мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайтынын білдірген еді. Президенттің ар-намысы мен дербес құқығын, отбасын қорғау Ата Заңда, Президент, Тұңғыш Президент туралы заңдар мен заңнамалық актілерде шешімін тапқандығын да қаперге салған болатын.
Парламенттің бірауыздан шешім қабылдауын Мемлекет басшысы халықтың ыстық ықыласы мен қалтқысыз сенімінің көрінісі деп бағалайды.
Сенат Төрағасы жария еткен арнау мәтінінің әрбір сөзіне терең бойлаған сенаторлар оны аяғына дейін зейін қойып тыңдады. Соңынан Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына арнауын назарға алу туралы Сенаттың қаулысы бірауыздан қабылданды.
Біз отырыстан шыққан сенаторлардан арнауға қатысты пікірлерін білген едік. Палатаның Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі Тасбай Симамбаев өз пікірін төмендегіше білдірді:
Шынында да “Ел Басы” мәртебесін заңдармен, заңнамалық актілермен немесе өзге де құжаттармен бекіту мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан халқы, әлемдік қоғамдастық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты онсыз да толық мәнінде Қазақстанның көшбасшысы санайды.
Президент өзінің арнауында депутаттарға ризашылығын білдірді. Парламент тарапынан Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдар қалай болса солай қабылдай салатын шешім емес, ол мыңдаған, тіпті ондаған мың сайлаушылардың ұсыныс-тілектері. Бірақ Мемлекет басшысы аталған заңдарға қол қойған жоқ. Мұның өзі кісілікке лайық кішіліктің келісті көрінісі болса керек. Сондықтан Қазақстан халқы өз көшбасшысының қабылдаған шешімін толық мәнінде түсіністікпен қабылдайды деп сенемін.
Қорыта айтқанда құрмет қағазда емес, халықтың сенімінде.
Палатаның Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің хатшысы Серік Ақылбайдың пікірі де алғашқы әріптесінікімен үндес шықты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қоймауына түсіністікпен қарау қажет. Елбасының арнауында бұл ұстаным жан-жақты және дәлелді тұрғыда айтылды, себебі көлденең тартылып, түсіндірілді.
Жалпы, біздер өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізген кезде олар заңдарды қабылдау қажет деген пікірлерін көптеп білдіріп жатты. Өйткені, қазақ тарихында ірі тұлғаларын халық ардақ тұтып, оларға қосымша атақтар берген. Әсіресе, бұл атақтар елін ерлікпен қорғаған ерлерге, би-шешендерге беріліп отырған. Айта кететін болсақ, Тәуке ханға халық “әз” деген атауды қосу арқылы оның кемеңгер көшбасшы екендігін көрсеткен. Сол сияқты Еңсегей бойлы Ер Есім деп жатады. Осылайша көсемдерін ерекше құрметтегеннің белгісі жатыр мұнда.
Мұндай атақ беру тек біздің мемлекетімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Мәселен, Мұстафа Кемалға халық “Түріктердің атасы” – Ататүрік деген атақ берген. Сол сияқты Қазақстан басшысының “Ел Басы” деген атаққа ұсынылуын депутаттардың ғана емес, халықтың да пайымы деп түсінген жөн. Әрине, халық арасында Елбасы деген ұғым сіңісті болып қалыптасып қалды. Президенттің шынында да Елдің басшысы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, елдің аузында жүрген сөз. Бұдан халықтың Тұңғыш Президентке деген сүйіспеншілігі мен үлкен құрметін де көреміз. Біз соны заңдастырған дұрыс деп шешкен едік.
Жақында Қазақстанда болып қайтқан Түркия Президенті Абдулла Гүл Нұрсұлтан Әбішұлын “Түркі әлемінің көшбасшысы” деп атауының өзінде үлкен құрмет жатыр. Сондықтан біздің шешімімізді де халық түсінеді ғой деп ойлаймын. Бұл қадам Елбасының өкілеттігін күшейту арқылы ел әлеуетін арттыру ниетімен жасалған болатын.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.