Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
«Ән өнерінің ішінде бард жанры – сырлы сазымен, жаңаша орындалу стилімен ерекше. Оны алғаш рет қазақ өнеріне енгізген – Табылды Досымовтың әндері кең тынысты, екпіні шабытты. Ол гитарасына кең байтақ қазақ елінің рухын, намысын қосты. Бүгінгі мереке – ағамыздың өнерін бағалап, еске алу болса, бір жағынан бард жанрын насихаттау әрі осы жанрдағы орындаушылардың өнерін қолдау. Ақынның әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңа бағыттағы орындаушылардың саны артады деп ойлаймын», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Байқаудың қазылар алқасының шешімімен, Бас жүлде астаналық өнерпаз Асхат Әмірғалиевке бұйырды. Ал 1-орынды − Ғибадат Тұрғалиев, 2-орынды − Нұрдәулет Аққұл, 3-орынды Орынбасар Жұмаханов пен Айдар Досымов иеленді.
Ашық аспан астында өткен байқауға Астана қаласынан, Ұлытау, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан қатысқан 14 үміткер байқау талабы бойынша Т.Досымовтың бір патриоттық, бір лирикалық әндерін орындады.
Олардың өнерін Т.Досымовтың жары Қарлығаш Ибатова, ұлы, әнші Абыл Аяш және Т.Досымов атындағы «Сәйгүлік» І республикалық байқауының Бас жүлдегері Айгүл Құбаш бағалады.
«Ақтөбе жерінде әкеме арналған керемет кештің өтіп жатқанына қуаныштымын. Табиғат аясында ән тыңдау – бард жанрының ерекшелігі. Республикалық байқауды ұйымдастыруға мұрындық болған Ақтөбе облысының әкімдігіне, облыстық халық шығармашылығы орталығы, ел ағаларына алғысым шексіз», деді Т. Досымовтың ұлы, әнші Абыл Аяш.
Байқау аясында Табылды Досымовқа арналған «Із тастап аққан бір жұлдыз» ғұмырнамалық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта ақынның ғұмыры мен шығармашылығына қатысты деректер, естеліктер топтастырылған.