Суретті салған – Нұрлан ҚИЛЫБАЕВ
Жалпы «Ақтабан шұбырынды» қасіреті орта мектептегі «Қазақстан тарихы» пәнінің бағдарламасына енгізіліп, академиялық басылымдарда біршама тәуір баяндалған. Дегенмен тарих ғылымы бір орында тұрған жоқ, ол үнемі теориялық, методологиялық, фактологиялық тұрғыда даму үстінде. Соған байланысты біз соңғы жылдарда тарих ғылымында қол жеткізген материалдарға сүйеніп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне қатысты ой-пікіріміз бен тұжырымымызды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Алдымен, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауының шығуы мен ғылыми айналымға енгізілуі туралы айта кетсек.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы, әсіресе, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі қазақ зиялы қауымына қатты әсер етіп, олардың ұлттық мүдде жолында бірігуіне, ұлт мүддесі үшін қызмет етуге, ұлт мүддесі үшін күресуге әкелді. Ресейдің жоғары оқу орындарында әр түрлі мамандық иеленген қазақ азаматтары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы маңына топтаса бастайды. Алаш идеясымен қаруланып, ұлттық мүддені көздеген зиялы қауым өкілдері бүкіл халықтың санасын оятып, ортағасырлық артта қалушылықтан арылу жолының бірі ретінде халықтың тарихын жазудан бастайды. Соның нәтижесінде XX ғасыр басында қазақ халқының тарихына арналған бірнеше кітап жарық көреді. Солардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынборда шыққан «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабы.
Шәкәрім қажының бұл кітабының отандық тарихнамада алатын орны ерекше. Болашақта тарихшы мамандар осы еңбекті жеке зерттеу тақырыбы ететініне сенім мол. Автор қазақ тарихын ежелгі заманнан XIX ғасырдың екінші жартысына дейін баяндап береді. Біз сөз етіп отырған мәселе жөнінде ол былай деп жазады: «...1690 жылдардың шамасында әз Тәуке өліп, орнына баласы Болат хан болды. Ол келгенде қазақтың бұрынғы орнын қалмақ иеленіп қалған екен. Сол тақырыпты жанжал-төбелес болып, ақырында 1723 жылы қазақ, қалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың бастығы Цеван Рабдан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар аш-жалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты: балалар, адам бастан кешкен жақсылықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпау керек, біздің бұл көрген бейнетіміздің аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама болсын» дейді, мағынасы «табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн» дегені және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңі мынау», – деп, «Қаратаудың басынан көш келеді» деген жолмен басталатын қайғылы «Елім-ай» әнінің 12 жолын келтіреді (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан; Сана. 1991. 25-26 б.).
Шәкәрім қажының бұл тарихи еңбегінің Рашид ад-диннің, Әбілғазы баһадүр ханның еңбектеріндегі, басқа да араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ортағасырлық дерек мәліметтеріне, XIX ғасырдағы тарихшылар В.В.Радлов, Н.А.Аристов, Нәжиб Ғасымбектің еңбектеріндегі материалдарға, автордың ел арасынан жинастырған халықтың ауыз әдебиеті материалдарына негізделіп жазылғанын байқауға болады. Бұл жағдай еңбектің ғылыми жағынан құндылығын арттырады. Міне, осы еңбекте алғаш рет XVIII ғасыр басындағы қазақ халқының басынан өткерген ауыр жағдайы «Ақтабан шұбырынды» оқиғалары ретінде баяндалады. Шәкәрім қажыға дейін қазақ тарихы туралы еңбектер жазған авторларда, оның ішінде XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қатынастары туралы ой-пікір білдірген А.И.Левшин, Ш.Уәлиханов, В.В.Бартольд, тағы басқа авторларда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атаулары ұшыраспайды. Бұл атауды алғаш қолданған – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Бұл атаудың ғылыми айналымға енгізіліп, кең көлемде ғылыми ортаға танымал болуы тағы бір Алаш ардақтысының есімімен байланысты. Ол Алаш ардақтысы – Мұхамеджан Тынышпаев.
Егерде Ш.Құдайбердіұлы бұл атауды өз еңбегінде жалпы мәтін арасында атап қана өтсе, М.Тынышпаев өзінің 1927 жылы жарық көрген ғылыми мақаласының атауын «Ак-табан – шубырынды» (Великие бедствия и великие победы казаков) деп атап, оны академик В.В.Бартольдтың құрметіне достары мен шәкірттерінің арнап шығарған жинағында жариялайды (Тынышпаев М. В.В.Бартольду Туркестанские друзья, ученики и почитатели. Ташкент, 1927. – XII. 57-68 стр.). Кеңестік кезеңде идеологиялық тұрғыда алаш қайраткерінің есімін атауға тыйым салынғандықтан Алаш ардақтысының еңбектерін де пайдалануға тыйым салынғаны баршаға аян. Тәуелсіздік жылдары ғана олардың мұралары халқымен қауыша бастады, жаңа буын зерттеушілері оның еңбектерін толық пайдалануға мүмкіндік алды.
Жинақтың алғысөзінде оны шығарушылар есімі әлемге әйгілі академик В.В.Бартольдтың тарих ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғауының 25 жылдығына арнап 1925 жылдың күзінде еңбек жазуды жоспарлағанын айтады. Мақала жазушылар қатарына М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедұлы секілді авторлар енгізіледі. М.Тынышпаевтың мақаласы «Тарих» атты бөлімге төртінші мақала боп енеді. XX ғасыр басындағы ұлт зиялысы аталған мақаласының алғашқы сөйлемін «Осыдан 200 жыл бұрын қазақ халқы басынан ауыр жағдайды өткерді, одан кейін ұлттық рухтың жаппай көтерілгені және тарихи жау – қалмақтарға қарсы ерлікпен күрестің жүргені байқалды...», деп бастайды. Көлемі 15 беттен тұратын мақаланың жартысынан астамы 1723-1726 жылдардағы жоңғар шапқыншылығынан туған ауыр жағдайды баяндауға арналса, қалған бөлігі Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы қазақ халқының жеңістері туралы айтады. Осы мақаласында автор халық есінде XVIII ғасыр басындағы қайғылы оқиғалардың «Ақтабан шұбырынды» атауымен қатар Кіші жүзде «Сауран айналған», Ұлы жүз бен Орта жүзде «Алқакөл сұлама» деп аталатынын, халық аузында тағы бір атау – «Қайың сауған» деген атаудың бар екендігін айтады.
Біздіңше, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті халықтың жадында мәңгі сақталса да, ол оқиғаның 50, 100, 150 жылдығына ешқандай мақала жазылған жоқ. Тіпті, оны сол аумалы-төкпелі заманда елеп, есіне алған адам болмаған да секілді. Ал 200 жылдығына арналған жалғыз мақаланы алаш қайраткері әрі ұлт зиялысы М.Тынышпаев қана жазды. Жазып қана қоймай, атауды ғылыми айналымға енгізді, орыс тілді ғылыми ортаға таныстырды. Ортағасырлық Түркістан тарихының алғаш зерттеушісі, академик В.В.Бартольдқа арнап шығарылған жинаққа М.Тынышпаев мақаласының енуі – қазақ тарихында осы мәселенің бар екендігін бір көрсетсе, екіншіден мәселенің өзектілігін тағы дәлелдейді. Осы мақаладан бастап «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті еліміздегі барлық оқулықтар мен академиялық басылымдарға енеді.
Осылайша, халықтың басынан өткерген ауыр оқиғалар Алаш ардақтыларының арқасында ел аузынан жинақталып, тарихқа енгізіледі, бүкіл ғылыми жұртшылыққа таныстырылады.
Енді осы оқиғаның алғышарттарына, себептеріне және барысына тоқталайық.
«Ақтабан шұбырынды» қасіретінің алғышарттары мен басты себептері ел тарихындағы XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы екі он жылдығында қалыптаса бастайды. Сол кездегі Қазақ елінің ішкі саяси жағдайының күрт нашарлауы қазақ-жоңғар қатынасы барысында осы оқиғаларға тікелей әкеліп соқтырды. Ал сыртқы саяси жағдай қалай әсер етті деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Үлкен геосаяси тұрғыдан қарастырғанда XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басында Еуразия құрлығының Азия бөлігінде екі үлкен мемлекет – Ресей империясы мен Цинь әулеті билеген Қытай империясы бір-біріне жақын қоныстанған-ды. Олардың ортасында халқының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын Жоңғария мен Қазақ хандығы тұрды. Әлдінің әлсізді жұтып жатқан заманында Орыс мемлекеті шығысқа қарай жылжи түсті. Ал Қытай болса бытыраңқы моңғол тайпаларының жерлерін бірте-бірте бағындыруға кірісті. Батыс моңғолдық ойрат одағы немесе Жоңғар хандығы бұған қарсылық көрсетіп, соған байланысты бірінші (1688-1690-1697 ж.) және екінші ойрат-цинь (1717-1722 ж.) соғыстары болды. Бірінші соғыс нәтижесі бойынша Халха моңғолдары Қытай билігін мойындады. Екінші ойрат-цинь соғысы Турфан, Хами, Тибет үшін жүрді. Жоңғарлар дәл осы жылдары бір мезгілде екі майданда: шығысында – Қытайдан өз жерлерін қорғау үшін, ал батысында – қазақтардың жерлерін басып алу үшін соғыс жүргізді.
Қазақ хандығының шығысында 1635 жылы Жоңғарияның құрылуымен қазақ-жоңғар қатынастары қалыптасып, дами бастайды. Осы қатынастар Батыр хонтайшы (1635-1653 ж.), Сенге (1653-1671 ж.) және Галдан Бошокту (1671-1697 ж.) хонтайшылар тұсында қазақтарға қарсы тонаушылық сипатта жүреді. Бірінші ойрат-цинь соғысында бірталай жерінен айырылған жоңғарлар оның есебін батыс бағытта қазақ жерлері арқылы қайтаруды көздейді. Бұл саясатты жаңа хонтайшы Цеван Рабдан (1697-1727 ж.) 1798 жылдан бастап жүргізе бастайды. 1715 жылға дейін жоңғарлар тарапынан қаншама жойқын жорық жасалғанымен, қазақтар жағы оларға тойтарыс беріп отырады. Ал кей жылдары қазақтар жағы жоңғарларға қарсы бірнеше жорық ұйымдастырады. Өйткені бұл кездері Қазақ елінде де мемлекеттік басқару жүйесі, биліктің басқару институттары жұмыс істеп тұрған еді. Мемлекет үшін маңызды сыртқы шаралар хан Жарлығымен жүзеге асырылды. Тәуке хан қайтыс болғанға дейін Қазақ хандығы бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік жүйеге сәйкес өз жері мен халқын басқыншылықтан қорғап тұра алды. Ал 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін жағдай күрт өзгерді.
Тәуке хан билігінің соңғы жылдары байқала бастаған орталық биліктегі бытыраңқылық үдеріс ол қайтыс болғаннан кейін бірден өрши түсті. Қайып хан (1716-1718 ж.), одан кейін Болат хан (1718-1723 ж.) орталық хандық билікті сақтай алмады. Қазақ еліндегі осындай ішкі саяси жағдай көрші мемлекетке мәлім-тұғын. Батыстан ентелеп келе жатқан Ресей де, шығыстан әлсін-әлсін жорық жасап отырған Жоңғария да қазақ қоғамында қалыптасқан саяси жағдайды өз мүддесіне пайдалануды көздейді. Дәл осы кезеңдегі қазақ қоғамындағы саяси жағдайды орыс тілінде жазылған бір құжаттың қысқаша мазмұны былайша көрсетеді: «...40 мың түтіннен тұратын қазақтарды Әбілқайыр хан басқарады, тағы да Барақ және Әбілмәмбет деген екі ханы бар. Олар Ұлытау мен Кіші тауды, Сыр, Сарысу және Торғай өзендерін, Қарақұм далаларын башқұрттардан бір айлық жерде көшіп-қонып жүреді. Қазақтардың тағы мынадай қалалары бар: 1. Басты қаласы – Ташкент, оның билеушісі Жолбарыс хан, 2.Түркістан, онда Сәмеке хан отыр, 3. Сайрам, онда Көшек хан билік құрады...» (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках (Сборник документов и материалов). Издательство Академии наук Казахской ССР. Алма-Ата, 1961. 35-36 стр.).
«Ақтабан шұбырынды» қасіреті қарсаңында бұрынғы біртұтас Қазақ хандығы аумағының әкімшілік бөліктерінде бір-біріне бағынбайтын бірнеше жеке, дербес хандық, оларға да бағынбайтын бірнеше дербес сұлтан билігі орнықты. Осының салдарынан 1716 жылы қазақтардың жоңғарларға жасаған жорығы сәтсіздікке ұшыраса, 1717 жылы жоңғарлардың қазақ жеріне қарсы жүргізген жорығы жеңіспен аяқталады. Жекелеген хандар мен сұлтандардың қарсы жорықтары біршама сәтті аяқталғанымен, онша тегеурінді болмады. Әрине, мұның себептері жоңғар билеушілеріне түсінікті еді. Қазақтарға қарсы бір жойқын жорық жасалса, қазақ жерлерінің біраз бөлігін бағындыруға болатынын хонтайшы Цаван Рабдан бірден түсініп, ыңғайлы сәтті күтеді.
1715 жылдан бері Жоңғария мен Цинь империясы Турфан, Хами өңірлері үшін соғыс жүргізіп жатқан еді. Тарихта бұл соғысты «екінші ойрат-цинь соғысы» деп атайды. 1722 жылдың 20 желтоқсанында жасы келген император Сюань Е қайтыс болып, соғысушы екі жақ уақытша бітімге келеді. Жоңғар билеушісі осы бітімді пайдаланып, қолындағы бар әскери күшін қазақтарға қарсы бағыттайды. Басқаша айтқанда, біртұтас, бір орталықтан басқарылатын Жоңғар мемлекеті өзінің бар әскери қуатын бір жұдырыққа жұмылдырып, бытыраңқы, шашыраңқы қазақ хандықтарына шабуыл жасайды.
«Ақтабан шұбырынды» қасіретінің алғышарттары мен себептері осындай. Ең басты себеп – Қазақ елінің саяси бытыраңқылықта болуы сыртқы жауға тойтарыс жасауға мүмкіндік бермеді. Оның зардабын ең алдымен, жергілікті халық көрді. Міне, тарихтан алар сабақтың бірі осы. Қай заманда да мемлекеттік биліктің жоғары тізгінін ұстаған тұлғаның басты міндеті – халқы мен жерін сыртқы жаулардан қорғау. Өкінішке қарай, XVIII ғасырдың 20-жылдары саяси бытыраңқылыққа байланысты бұл міндетті жүзеге асыратын тұлға болмады. Нәтижесінде, халық қырғынға ұшырады. Тарихтың ащы сабағы осы. Ал жоңғар факторы – қосымша себеп.
Жоңғарлар жорығы 1723 жылы қыстың соңында, ерте көктемінде басталады. Қазақ тайпалары бұл кезде дисперсиялық заңдылыққа сай қысқы жайылымдарды тиімді пайдалануға орай бір-бірінен алыс қоныстанатын. Сол себепті де көрші қоныста не боп жатқанынан хабарсыз күйде, тек көктем шыға, күн жылына бастаған кезде көрісетін, қауышатын. Сол себепті де жаулар қазақ жұртына қыста не қыстың соңында жорық жасайтын. Цеван Рабдан да жойқын жорығын 1723 жылдың қысының соңында бастап жібереді.
Жоңғарлар қазақ даласына жеті түмен әскермен жеті бағытта басып кіреді. Бір бағыт – Балқаш, одан әрі Қаратауға бет алса, келесі бағыттар – Алтай және Көктал өзеніне; Нұра өзенінің алабына; Шелек өзені алқабына; Ыстықкөл бағытына; Шу өзені бағытына; Іле мен Жетісудың оңтүстігіне қарай бағытталады. Жоңғарлар өз жолындағыларды жыланша жалмап, қынадай қырады. Қыс жұтынан әбден қажыған қазақ рулары күшті қарсылық көрсете алмады. Жау Ташкент, Сайрам, Түркістан секілді ірі қалаларды басып алады. Сол кездің жазба деректерінде әр бағыттағы жаулаушылардың 3-5 мыңдай отбасын тұтқынға алынғандығы туралы айтылады. 1723-1725 жылдар аралығындағы шапқыншылықта қазақ жерінің шығысы, оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлері, орталық өңірдің жартысына жуығында жоңғарлар билігі орнайды.
«Ақтабан шұбырынды» қасіретінің алғашқы жылдарында Еділ бойындағы қалмақтар ханы Аюке мен шығыстағы ойраттар билеушісі Цеван Рабдан арасында елшілік байланыс өте жиіледі. Екі жақты қатынас алғашында туыстық байланысты нығайтуға арналғанымен, одан әрі ойрат-қалмақ әскери одағын құру жоспарланады. Мұндай жоспар қазақ халқына өте қауіпті еді. Тарихшы И.В.Ерофееваның пікірінше, осы қауіпті ең алдымен Кіші жүз ханы Әбілқайыр түсініп, 1723 жылдың жаз айларында Арал маңынан 20 мың қолмен Жайық жаққа аттанып, тамыздың басында Жайық маңында қалмақ ұлыстарын талқандап, 2 мың отбасын тұтқынға алады. 1723-1724 жылдары Әбілқайыр ханның жекелеген батырлары Еділ мен Жайық аралығында ұрыс жүргізеді. Сөйтіп, қазақ халқы үшін ең қиын-қыстау болған күндері Әбілқайыр ханның батыл және жедел іс-әрекеті арқасында Жайықтың сол жағына өтіп, жоңғарлармен жақындаса бастаған Еділ қалмақтарының ұлысы талқандалып, Жайықтың арғы жағына қарай ығыстырылады. 1724 жылдың күзінде Түркістан қаласы мен өңірін жоңғарлардан азат етіп, аймақты жарты жылдай ұстап тұрады. 1725 жылдың күзінде ғана Сыр өңірінен кетуге мәжбүр болады. Көп ұзамай Аңырақай шайқасында Әбілқайыр хан бас қолбасшы ретінде үлкен рөл атқарады. Ал «Ақтабан шұбырынды» жылдары зор беделге ие болған Әбілқайыр хан қазақ қоғамындағы жетекші саяси тұлға болып танылады.
Тарихи әдебиеттерде осы кездегі қазақ халқының басынан кешкенін авторлар суреттеп жазады. Солардың бір-екеуіне тоқталсақ.
Ш.Уәлиханов осы жылдардағы қазақ халқының жағдайын былайша сипаттаған еді: «XVIII ғасырдың алғашқы онжылдықтары қазақ халқы үшін өте қиын уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар қазақтардың ұлыстарын жан-жақтан талап, малдарын айдап әкетіп, адамдарын отбасыларымен бірге тұтқынға алып кетіп отырды. Қыстың аязы мен аштық құдайдың жіберген сынағы тәрізді, халықтың қасіретін одан әрі қиындатып жіберді. Орынборда болған қазақтың бір рубасы халқының жағдайын бір топ тазыдан қашып келе жатқан қоянға теңеген» (Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-басылым. – Алматы: «Толағай групп». 2010. Т. 4. – 119 б.).
Ал жазушы-ғалым М.Мағауин осы қырғындар туралы былай деп жазады: «...Бұдан бұрынғы соғыстарда әбден қансыраған, берекесі кетіп, құты қашқан, басшысы жоқ жетім ел ойрат шапқынына ешқандай қарсылық көрсете алмайды... Қару ұстар азаматы түгелге жуық қырылған панасыз жұрт адам айтқысыз шығынға ұшырайды, қонысынан безіп, халық тарихында «Ақтабан шұбырынды» деп аталатын зобалаң апатқа түседі». «Өлгендер-шәйіт. Тірілер аруақ кебіне түскен еді. 1725 жылғы жаңа шапқыннан соң жан қиналмай өлудің өзі арман болады. Түркістан, Ташкент, Саураннан, бүкіл Оңтүстік өңірден айырылған қазақ тұяқ тоқтатар бұдыр таппайды, бүкіл Мауреннахрды көктей өтіп, Арқаға қайырылады, ордалы жұртымен шұбырып, босқындаған беті Жем мен Жайыққа жетіп әрең тоқтайды. Аттылы, жаяу шұбырған, аштықтан, аурудан әлсіреген қазақты Бұқар да талайды, башқұрт пен Еділ қалмақтары да шабады». Одан әрі қырылған халық санын мөлшерлеп, «...Қалай ықшамдасақ та екі миллионнан еркін асқан ұлы халықтың тең жарымы қырылды», деп жазады (Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі.- Алматы: «Ер-Дәулет», 1994. – 133 б.).
Шоқанның XVIII ғасырды қазақ халқының «батырлық ғасыры» деген сөзі бекер айтылмаған. Қазақ қоғамындағы саяси бытыраңқылыққа байланысты мемлекеттік жоғары биліктің өкілі жоқ болғандықтан жоңғар басқыншыларына қарсы күрес қазақ батырларының иығына түседі. Алғашқы жеңісті 1726-1727 жылы орталық Қазақстандағы Бұланты өзені маңында Кіші жүз батыры Тайлақ пен Ұлы жүз ошақты тайпасы тасжүрек руының батыры Саңырық бастаған қазақ жасақтары әкеледі. «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі алғашқы жеңіс туралы хабар бүкіл қазақ даласына тез тарап, үш жүздің ортақ жауға қарсы күш біріктіруіне алып келеді. Көп ұзамай үш жүздің біріккен әскерлері Аңырақайда жоңғарларды жеңіп, Іленің арғы жағына дейін ығыстырады.
1727 жылы Цеван Рабдан қайтыс болып, Қалдан Серен атты хонтайшы 1727-1745 жылдары билікке отырады. Ол қайтыс болғаннан кейін қазақ жеріндегі саяси бытыраңқылық Жоңғарияға ауысады. Мұны пайдаланған қазақтар Абылай ханның басшылығымен қазақ жерлерін толық азат етсе, Цинь империясы 1755-1759 жылдары Жоңғарияны біржолата жойып, халқын қырғынға ұшыратып, жерін өз аумағына қосып алады. Бұл да тарихтың ащы сабағының бірі.
Осылайша, XVIII ғасыр басында қазақ тарихында болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің 300 жылдығын еске ала отырып, мұндай ауыр жағдай халықтың басына сол кезде елде ішкі саяси бірліктің жоқтығынан, орталық атқарушы биліктің болмауының тікелей салдарынан туындады дейміз. Бұл оқиға бізді, XXI ғасырдағы қазақ қоғамын үнемі бірлікте болуға, мемлекеттің тұтастығын көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Тарихтан сабақ алу деген осы болса керек.
Берекет Кәрібаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
ҰҒА академигі