Іс-шараны Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина ашып, оқушыларды Конституция күнімен құттықтады. Ол Конституция мемлекетіміздің басты заңы екенін атап өтіп, соның негізінде елдің мемлекеттік, саяси, қоғамдық, экономикалық тетіктері қалыптасатынын жеткізді. Сонымен қатар ол балаларға 1995 жылы 30 тамыз күні қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституция Президент Архивінде мемлекеттік сақтауда екенін айтып, бүгін олар үшін тарихи күн екенін жеткізді.
Оқушылардың бұл көрмеге үлкен жауапкершілікпен, ізденіспен келгені байқалады. Бұған дейін олар арнайы шеберлік сабағы кезінде Конституция күніне орай құжаттық көрмеге қандай істерді ұсынатынын, кітап көрмесіне қандай басылымдарды қоятынын және сурет көрмесіне ілінетін шығармаларды Архив қызметкерлерімен бірге таңдасып, үлкен қызығушылықпен жұмыс істеді. Нәтижесінде, құжаттық көрмені №195 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Әмина Тұрсынжан, №35 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Адия Сержан, 125 High School мектебінің 11-сынып оқушысы Амира Ильяс таныстырды, ал кітап көрмесі туралы №195 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Махаббат Мұқан баяндады.
«Менің Отаным – менің болашағым» тақырыбында сурет көрмесіне оқушылардан келген 30-ға жуық шығарма қойылып, ол жөнінде № 204 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ақерке Нұржанқызы айтып берді. Ол өз сөзінде көрмеге келіп түскен суреттердің барлығы балалардың туған жеріне деген махаббатын, болашаққа деген сенімін көрсеткенін атап өтті.
«Шеберлік сабағы кезінде Конституцияға қатысты кітаптар, құжаттармен таныстық. Біз Конституцияның түпнұсқасын көрдік, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Себебі еліміздің Ата Заңының қалай жазылғанын, қалай дайындалғанын, қалай қабылданғанынан хабардар болдық. Бұл іс-шара тарихымызды біліп, оны құрметтеу керек екенімізді көрсетті», дейді №25 мектептің оқушысы Радмила Анисимова.
Жастарға патриоттық тәрбие беруге, елінің тарихын архив құжаттары негізінде тереңірек оқып-білуге бағытталған «Болашақ архивші» жобасын Президент Архиві 2022 жылы елімізде жарияланған Балалар жылы аясында ұйымдастырған. Былтырғы іс-шарада оқушылар архивтің қызметі және міндеттерімен еркін форматта танысып, архившілердің күнделікті жұмысын көрген еді. Сонымен қатар балалар Президент Архивінің құжаттары сақталған зертханалық корпусқа экскурсия жасап, құжаттарды тігу, реставрациялау және цифрландыру сияқты жұмыс түрлері мен басқа да қызметтері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Істерді қорапқа орналастыру, кейін істерді нөмірлеу, құжаттарды зерттеу, конверттерді дайындау, соңында архив құжаттарына мөр басу сынды архив қызметкерлерінің күнделікті жұмыстарымен танысқан.
Жаңашыл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Балалар оқу жылының алдында Архивке келіп, Конституция күнін ерекше форматта атап өтті. Іс-шара соңында балаларға «Болашақ архивші» дипломы табысталды. Архивте өткен ақпараттық-танымдық іс-шара балалардың жадында ұзақ сақталады деп сенеміз.