Университет ректоры Саламат Идрисовтің айтуынша, байқаудың мақсаты – студенттер арасында Ата Заңды ұлықтап, жастардың құқықтық сауатын арттыру. Биыл байқауға қатысуға әр мамандықта оқитын 250 студент ниет білдіріпті.
«Байқауға қатысушылар алғашқы кезеңде Конституцияның ережелерін білу деңгейін анықтау үшін 25 сұраққа жауап берді. Ал екінші кезеңге өткендерге Ата Заңның барлық бабын жатқа айту талабы қойылды», дейді Саламат Идрисов.
Студенттер сайысына Атырау қалалық сотының, прокуратура мен жеке сот орындаушылардың өкілі, университеттің азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушылары қазылық етті. Байқау қорытындысымен үш студент қатарластарынан озып шықты.
Мәселен, үшінші орынды иеленген экология мамандығының студенті Ботакөз Интимаховаға біржылдық оқу ақысына 30 пайыз жеңілдік берілді. Ал екінші орынға ие болған қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының студенті Медина Әбдеш оқу ақысының 50 пайызын жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік алып отыр. Ата Заңның барлық бабын жатқа білетін азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының студенті Жәңгір Темірханов бірінші жүлдені еншіледі. Енді ол университетте бір жыл тегін оқиды.
Атырау облысы