Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Елдің елдігін айшықтайтын, мемлекетіміздегі бірліктің берік іргетасын қалайтын басты құжат бар бізде. Ол – Конституция. Өткен жылы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Негізгі заңымызға өзгерістер енгізілді. Ата Заңға ұсынылған 56 түзетуді конституциялық референдум кезінде еліміздің басым бөлігі қолдады. Осылайша, халық өз таңдауын жасады. Жаңартылған басты құжат азаматтардың құқығын танытып, халықтың мүддесін қорғауда жаңа мүмкіндіктерге, игі істер мен бастамаларға жол ашты. Сол себепті де егеменді еліміздің жаңа тарихын жазған саяси реформа – конституциялық реформа ел өміріндегі жаңа сапалық кезең, өзгерістер бастауы.
Халқымыз әу бастан «азаттықтың алтын қазығы» деп айшықтаған Конституцияда барлық азаматтың құқықтары мен міндеттері, мызғымас құндылықтарымыз бен қағидаттарымыз, мемлекеттілігіміздің басты ұстындары айқын әрі анық жазылған. Сондай-ақ бас құжат мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының, заң үстемдігінің, тұрақтылық пен келісімнің кепілі болып қала бермек.