Фото: polisia.kz
Абай аудандық полиция басқармасына «102» арнасы арқылы Умида Абдумуталипқызы есімді азаматша арызданды. Қала тұрғынының айтуынша, ол сауда орталығында жүргенде қомақты ақшасы, құжаттары мен банк карталары салынған әмиянын жоғалтып алған. Бір сағатқа жуық уақыт бойы өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары нәтижесіз болған соң әйел полицейлерден көмек сұраған.
Шақырту бойынша оқиға орнына №1 учаскелік пунктінің инспекторлары келіп, азаматшадан мән-жайды нақтылап, оның жүрген жолы бойынша іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде полиция қызметкері Нұрбол Төлендібаев дүкендердің біріндегі креслоның астынан әмиян тауып алып, оны барлық заттарымен заңды иесіне қайтарып берді.