Театр • 31 Тамыз, 2023

Қуыршаққа жан бітірген

205 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі балаларға арналған бірден-бір мемлекеттік жалғыз өнер ордасы – Қуыршақ театрының құрылғанына биыл 40 жыл! Көрермен көзайымы болған театрда отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілдерінде 150-ге жуық қойылымы сахналанған. Қазіргі репертуарда 60-қа жуық қойылым бар.

Қуыршаққа жан бітірген

Дегенмен, театрдың бү­гінгі күрделі проблемасы – өнер ұжымына берілген ғи­мараттың ескіріп, тозуы болып отыр.

Жақында Шымкент қала­сының әкімі аталған театрға арнайы барып, жұмысымен танысып қайтқан. Қала басшысымен кездесуде негізінен осы тақырып жайлы әңгіме қозғалды. Өз кезегінде әкім алдағы уақытта ғимарат мә­селесін шешетінін жеткізді. Ол үшін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қажетті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Айта кеткен жөн, мә­дениет, өнер саласындағы ын­тымақтастықты нығайту мақ­сатында театр 17 шетелдік, оның ішінде Перу, Эстония, Латвия, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Оңтүстік Ко­рея, Иран мемлекеттерімен және Алматы, Ақтөбе, Қос­танай қалалары, сондай-ақ Маң­ғыстау облыстық қуыршақ театрымен екіжақты меморандумға қол қойған. Алдағы уақытта мегаполисте театрдың 40 жылдық мерейтойына орай халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтпек.

Бұған қоса, өнер ұжымы Қарағанды қаласындағы «Куклияндия» халықаралық қуыршақ театрларының фес­тивалінде үздік балалар қо­йылымы аталымын жеңіп алған. Осыдан біраз күн бұрын театр жергілікті режиссер Қ.Исаев­тың «Саяхатшы тас­бақа» қойылымымен би­ыл­ғы маусымды аяқтаған еді. Мейірімділік, бауырмал­дық, жанашырлық, қайсар­лық пен табандылық қасиет­терді дәріптейтін сахна­лық шығарма Алматы қала­сындағы халықаралық «Ор­теке» фестивалінде жоғары бағаланды. Қуыршақтарға жан бітірген өнер орда­сы балдырғандармен бірге жас­өспірімдер мен ересектердің де сүйікті театры. Соның бірден-бір дәлелі биыл әртістер 18 мыңға жуық көрерменге 200-ден аса қойылым ұсы­­ныпты. Солардың ішін­дегі алтауы жаңа премьера. «Би­ыл сахналаған 6 қо­йы­лым­ның үшеуі кішкентай балдырғандарға арналса, қал­­ған үшеуі жасөспірімдер танымындағы шығармалар болды. 4 қойылымға сырттан режиссер тарттық. Қуыршақ театры өнерін кәсіби тұрғыда өрлету, дарынды әртістер мен режиссерлерді таң­дау, олардың актерлік ше­берліктерін арттыру, сон­дай-ақ өнерімізді шетелде та­машалатып қайту негізгі міндет пен мақсатымыз сана­лады. Шығармашылық табыстарымыз халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестиваліндегі «Балаларға арналған үздік қойылым» мен «Үздік драматургия» аталымдарын иемденуіміз», деді театр басшысы Самат Алтай.

Театр алдағы мау­сымда классикалық шығарма­лар­дан қойылым қоймақшы. Әр­тіс­тер Г.Х.Андерсеннің «Ұс­­қынсыз үйрек» пен Гау­ф­­тың «Ергежейлі мұ­рын» туындысын сах­­наға алып шы­­ғуға да­йындалып жа­тыр.

 

ШЫМКЕНТ