Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2023

Ядролық қарудан арылу шарты

226 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігін алған­нан кейін елімізге Кеңес үкі­ме­тінен атом бомбасының мол «мұрасы» қалды. Тоғызыншы тер­риторияның қай бағытта дамитыны, қандай жолды таңдайтыны да «төртінші арсеналды» қалай пайдаланатымызға тікелей байланысты еді. Еліміз бейбіт жолды таңдады, сонымен бірге әлемге қауіпсіздік пен тұрақтылықты дамыту жолында үлгі көрсетті.

Ядролық қарудан арылу шарты

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде: «Әлемдік саясат тарихында ерек­ше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парла­мен­ті бар «екі ел, бір мем­лекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қа­зір ядролық қару да екеуіне ортақ. Сондай-ақ Қазақ­стан, Қыр­ғызстан және Ар­ме­ния қатыс­қан интег­ра­цияның тағы бір дең­гейі бар. Біз бұл шын­дық­пен санасуымыз керек. Мұндай жағдайда қа­лай жұмыс істейміз? Бұл – кон­цептуал­­­ды мәселе», деді.

Мәскеудің қақ төрінде марқасқа саясаткерлер жиналған жиында осылай деген Президенттің сөзін әлемдік сарапшылар жоғары ба­ға­­лады. Сынағандар да табылды. Тіпті осындай одаққа қосылуға ұсыныс білдіргендер де бар. Кейін­нен Солтүстік Қазақстан облы­сына барған сапарында Қ.Тоқаев мәселеге нүкте қойды. «Ядро­лық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядро­лық қаруды таратпау туралы және Ядро­­лық қаруды сынауға тыйым салу туралы шарттарға қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар ая­сын­­дағы міндеттемелерге адал болып қала береміз», деді Мемлекет басшысы.

Тоғызыншы территорияның атом бомбасына үзілді-кесілді қар­сы­лық білдіруінің өзіндік себе­бі бар. Себебі Ұлы дала жаппай қырып-жою қаруының зардабын аз тартқан жоқ. Өздеріңізге мәлім, америкалықтар Хиросима мен Нагасакиге бомба тастағаннан кейін шартараптағы екі алып держава – АҚШ пен КСРО ядролық қаруды игеруге белсене кірісті. Кеңес үкіметі осы бағыттағы жұ­мыс­ты жеделдету үшін 1947 жылы Семейде полигон ашу туралы шешім қабылдады. Осылайша, 1949 жылғы 29 тамызда Қазақ да­ла­сында алғашқы атом бомбасы сы­нақ­тан өтті.

Ұлы даланың ғасырларға созы­латын ядролық сынаққа қатыс­ты қайғы-қасіреті осылай бастал­ған еді. Жарты ғасырға жуық уа­қыт ішінде Семей полигонында 468 ядролық қару жарылды. Са­лыстыру үшін бір ғана дерек кел­тірейік. Елімізде сыналған атом бомбалары – бүкіл КСРО-да жасалған сынақтардың үштен бірі. Осының өзі Семейдегі полигонда жарылған ядролық қару қуатының қасіретін анық аңғартады.

Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, 1991 жылғы 28 тамызда Қазақ елі үшін аса маңызды құжат – Семей полигонын жабу тура­лы Жарлыққа қол қойылды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтап қалған жоқ. Еліміз халықаралық аренада атом бомбасына байланысты өз ұс­танымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақы­рып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қарумен күрестің көш­бас­шы­сы санайды.

Тағы бір айта кетерлігі, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қи­мыл­дың халықаралық күні ретін­де жариялады. Аталған бастаманы Қазақстан тарапы ұсынған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады. Осылайша, Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды.

Қазақстанға мұраға қалған мол арсенал «қырғи-қабақ соғыс» ке­зін­дегі КСРО-ның басты бәсе­ке­ле­сі АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті батыстың басқа елдері де Ұлы далаға алаңдаушылық біл­дірді. Халықаралық қоғамдас­тық та одақ тарқағаннан кейін жа­ңа­дан тәуелсіздігін алған елдерге кү­мәнмен қараған-ды. Қазақс­тан­ның оқтұмсықтары Батыстың бетке­ұс­тар дипломаттарының ұйқысын қашырды десек қателеспейміз. Еге­мендік алғаннан кейінгі жылда­ры екіжақты келісімді сылтау­ра­тып шетелдік шенеуніктер бірі­нен соң бірі елімізге жиі ке­ле­тін. Тарихи жылнамаларға көз жү­гірт­­­сек, әңгіме арасында еліміз­дің ядро­лық қаруы сөз болғанын аң­­­ға­­­рамыз.

Мәселен, 1991 жылғы 31 тамыз­да Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, қайсарлығымен танылған Маргарет Тэтчер Алма­ты­ға ат арылтып жеткен-ді. «Темір леди» сол кездегі Мемлекет басшысымен әңгіме кезінде «Қазақстан ядролық қаруын не істейді?» деп сұрақты төтесінен қойыпты. Бұл Тэтчерді ғана емес, бүкіл батысты алаңдатқан сұрақ екенін айтпаса да түсінікті.

Кейінірек 1991 жылғы 17 желтоқ­санда АҚШ-тың сол кезде­гі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер елімізге келді. Осы са­пар­­ды жан-жақты жазған аме­­ри­­калық басылымдар Қазақ­стан­ның қауіпсіздік кепілдігі бе­ріл­мейінше ядролық қарудан бас тартпайтынын хабарлады. Кейі­ні­рек дипломаттарымыздың бел­сенді жұмысының арқасында оң нәти­же­ге қол жетті. Осылайша, әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогте ядролық қаруға ие болу емес, керісінше одан бас тарту маңызды тетікке айналды.

Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызық­тырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдіріпті. 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның атом бом­ба­сын сақтап қалуы үшін мил­лиард­таған доллар қаржылай кө­мек беруге әзір екенін жеткізген. Тә­уел­­сіздігін енді алған мемлекет үшін бұл – арбайтын ұсыныс. Бірақ еліміз мұндай жомарт ұсы­ныс­тан бас тартты.

Қиын жолдан өткен еліміз ха­лықаралық аренада бейбітсүйгіш мемлекет екенін паш етуден жа­лық­қан емес. Осыған байланыс­ты түрлі деңгейде іс-шаралар өткі­­зіп келеді. Мысалы, таяуда Ха­лық­аралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақы­ры­бында өңірлік конференция өтті. Жиында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, «Ха­лықаралық қауіпсіздік және сая­сат орталығы», Халық­аралық Қызыл Крест Коми­теті, «Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық нау­­қаны» (ICAN) және Sokka Gak­kai International үкіметтік емес ұйымдары ұйым­дас­тырды. Кон­ференцияға Ор­талық Азия мемле­кет­терінің дипломаттары мен үкі­меттік сарапшылары қатысты.

Конференция барысында Қа­зақстан Сыртқы істер минис­трі­нің бірінші орынбасары Қайрат Омаров құттықтау сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға жаһандық тыйым салуды сақтаудың маңызын атап өтті. Атом бомбасынан азат әлем құру жолындағы ұжымдық күш-жі­гердің негізгі элементі ре­тін­­де осы саладағы жұмысқа ерек­­ше екпін берді.

Қазақстан дипломаты Астана­да­ғы іс-шара ядролық сынақтардан және ядролық қарудан азат әлемді құру бойынша бірқатар жаһандық іс-шаралар кешенінің бөлігі екенін жеткізді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ұйымның Нью-Йорк­тегі штаб-пә­те­рінде дәстүрлі отырысты өткі­зіп, бұл күнді атап өтті. Со­нымен қатар Қазақстан мен Ядро­лық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйы­мы­ның бірлескен мәлімдемесі жария­ланды. Құжатта әлем елдерін осы бағытта жұмысты жалғастыруға шақырылған.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа арналған панельдік сессия кезінде Ядролық сынақтар мен қоршаған ортаны оңалту құрбандарына көмек көр­сету жөніндегі Ядролық қа­руға тыйым салу туралы шарт­тың (ЯҚТСШ) жұмыс тобы шең­беріндегі Қазақстанның қыз­меті баяндалды. Сондай-ақ осы мәселе бойынша Халықаралық траст қорын құру жөнінде еліміз бастама көтерді.

Конференцияға қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі халық­ара­лық құқықтық құжаттардың, оның ішінде Ядролық қаруға ты­йым салу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Ядролық сынақтарға жаппай ты­йым салу туралы шарт, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт жөнінде пікір алмасты.