Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов халықаралық қаржы институттарының өкілдері мен өңдеу өнеркәсібі бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан іскер азаматтармен кездесті. Аталған кездесуге 15-тен аса халықаралық қаржы ұйымының (оның ішінде Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі), сондай-ақ Қазақстанның 14 өңірінен келген облыс әкімдіктерінің, квазимемлекеттік сектордың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, «Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда» жол учаскесі, Қарағанды – Жезқазған бағытындағы күрежол мен Сарыағаш қаласындағы айналма жолдың құрылысына байланысты инфрақұрылымдық жобалар бар. Тұтастай алғанда, автожол саласын дамыту шеңберінде 2030 жылға дейін 4,5 мың шақырым жолды салып, жаңарту көзделген.
Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдеріне мұнай-газ саласындағы машина жасау өндірісі, құрылыс материалдарының индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, металл өңдеу және басқа салалардағы жетістіктерге тоқталып, отандық өңдеу өнеркәсібінің перспективасы туралы айтып берді. Индустриялық даму комитетінің төрағасы айтқандай, қазір болат балқыту және электролиз зауыттарын салу, сондай-ақ алуан түрлі дайын өнімді шығаруға қауқарлы кәсіпорындарды құрудың маңыздылығы артып отыр.
«Біз жаңа жобаларды іске асыруға байланысты халықаралық қаржы ұйымдарының рөлін жоғары бағалаймыз. Бұл орайда мемлекет инфрақұрылымды дамытып, инвесторларға бизнесті жүргізуге қажетті жағдай жасау үшін жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну жөнінде қажетті шараларды қабылдап келеді. Кәсіпкерлерді біз ұсынып отырған артықшылықтарды пайдаланып, өз инвестицияларын Қазақстанға салуға шақырамыз. Біздің министрлік қажетті қолдауды көрсетуге дайын», деді А.Панбаев.
Тікелей ынталандыру тетігі ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның даму банкі желісі бойынша жалпы сомасы 500 млрд теңгеден аса қаражатқа өңдеу өнеркәсібіне байланысты жобаларды жеңілдетілген займдық ақшамен қамту жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар жаңа ірі кәсіпорындардың іске қосылуы қосымша жұмыс орындарын ұлғайтуға жол ашпақ.
Кездесуде «ТехноГруппСервис», «Ordamed», «Евроглас индастриз» компанияларының басшылары сөз алды. Бизнес өкілдері инвестицияларды тартып, тиісті жобаларды талқылауға дайын екендігін жеткізді.